Вернуться к списку статей

Әділбек Жақсыбеков – Бородюктің ұлттық құрамадағы жұмысына менің де көңілім толған жоқ

Футбол
1K
Әділбек Жақсыбеков – Бородюктің ұлттық құрамадағы жұмысына менің де көңілім толған жоқ
Қазақстан футбол федерациясының Кезектен тыс Конференциясында сөз алған ескі де жаңа президент Әділбек Жақсыбеков ел футболының қазіргі жағдайы жайлы сөз етіп, ұлттық құраманың бас бапкерлігі туралы да пікірін білдірді.

– Құрметті, достар, Конференцияға қатысушылар, сенім білдіргендеріңізге алғыс! Ел футболын маған дейін басқарған, әрі қарай да Федерацияның игілігі үшін қызметін жалғастыра беретін Сейілдә Байшақовқа да рахмет айтқым келеді. Жалпы, футбол жайлы айтар болсам, бұл – миллиондаған фанаттардың басын қосатын спорт түрі. Тіпті, кішігірім жаңалықтардың өзін жанкүйерлер әсерлене қабылдайды. Мен футболдан бөлек, Қазақстан жеңіл атлетика федерациясын да басқарамын. Екі жақтың да жұмысын бірдей жүргізіп, пайдамды тигізуге тырысамын. Дегенмен, футболда жанкүйерлер бөлек. Жеңіп, жетістікке жетіп жатсаң, алақандарына салуға дайын. Бірақ, ұтылып қалсаң, жерге көміп, үстіңнен таптап тастауға әзір. Футболға деген талап зор. «Әділбек Жақсыбековтың кезінде мынадай болған, анадай болған» деп тізіп жатырсыздар. Бірақ, футбол маған дейін де болған. Бірінші президенті Құралбек Ордабаевтан бастап, соңғы басшыларға дейін өз үлестерін қосты. «Астана-Арена» стадионы Елбасымыздың қолдауымен салынды. Енді әрі қарай да ел футболын дамыта беруіміз керек. Әйтпесе, аяқдоп спорты әлемде бір орында тұрмайды. Бәрі де алға жылжып жатыр. Соған қарамастан, бүгінде ФИФА-ға 211 қауымдастық мүше екендігін ескергеннің өзінде әлем чемпионаттарын жеңіп жатқан 6-7 құрама ғана. Оңай болмайды, әрине. Алайда, бізге де бір орында тұрмау керек. Тиісті жұмыстардың барлығы атқарылатын болады. Әлбетте, бірден емес, нәтижесін болашақта көреміз. Қазір де футболымыз тиісінше дамып жатыр. Әр аймақта өзінің футбол орталықтары жұмыс жасап, онда жеткіншектеріміз неміс системасы бойынша жаттығып жатыр. Мұның ең дұрыс жүйе екендігін шетелдік әріптестеріміз де айтып жатыр. Иә, проблемамыз да жоқ емес. Мәселен, ұлттық құрамамыз біз күткендей нәтиже көрсетіп жүрген жоқ. Мен де соңғы бас бапкерді қолдаған жоқпын. Рас, ойыншы ретінде шебер болған. Ресей ұлттық құрамасында екінші жаттықтырушы болып, Еурода қызмет атқарған. Бірақ, «Қайратта» сәтсіз жұмыс жасады. Содан кейін оның ұлттық құрамаға тағайындалуын сезікпен қабылдадым. Алайда, алаңда ойнайтын бас бапкер емес, футболшылар ғой. Есімде, кезінде Аллегримен келіссөздер жүргізгенбіз. Бүгінде «Ювентуста» сәтті жұмыс жасап жүр. Сол Аллегри бізден екі қазақстандық клубтың бюджетіндей қаржы сұраған. Көп емес, «Қызыл-Жар» сияқты клубтардың бюджетімен шамалас қаржы. Алайда, Аллегримен жұмыс жасаудың сәті болмады. Жалпы, барлық бапкерлер ұлттық құрама үшін үлестерін қосты. Бородюк та, Красножан да, тіпті бәріңіздің сыныңызға ұшыраған Шторк та. Бізден кейін ол Венгрия құрамасын Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне шығарды. Бізге ішкі чемпионатты күшейту керек, сонда ұлттық құрамыздың да ойыны жақсарады, - деді Әділбек Рыскелдіұлы.

Естеріңізге сала кетейік, бүгін Қазақстан футбол федерациясының кезектен тыс Конференциясы өтіп, Әділбек Жақсыбеков президент болып сайланды.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика