Артықшылығы: Мұның алдындағы Еурода Қазақстан футзалшыларының жартылай финалға шығуы сенсация деп бағаланса, Словенияда Какау шәкірттерінің үздік квартеттен көрінуі – ешкімді таңғалдырып отырған жоқ. Қазақстандықтар шабуылда нәтижелі, қорғаныста сауатты ойнап жүр. Алғы шепте Дуглас Жуниор басты рөлді атқарса, қақпасын әлемнің үздік голкиперлерінің бірі Игита қорғайды.
Кемшілігі: Ширек финалда Сербияны жеңгеннен кейін Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Какау Еуродан кейін қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл мәлімдеме ойыншылардың көңіл-күйлеріне қалай әсер ететінін елестетудің өзі қиын. Оның үстіне, лазаретте Лео мен Альберт Ақбалықов жатыр. Бұлардан бөлек, Шыңғыс Есенаманов пен Тайнанның да аздаған жарақаттары бар.
Қалай жеңу керек: Екі жыл бұрын бұрын Қазақстан футзалшылары жартылай финалда испаниялықтарға қарсы тұрған. Ол кезде пиренейліктер үздік болған еді. Бірақ, қақпашысы Игита дисквалификация алып қалғандықтан сол матчта қазақстандықтар қарсыласына қысымды күшейту мақсатында алаңға бесінші ойыншысын шығаруға мәжбүр болды. Ал қазір оларға кішкене оңайырақ. Өйткені, жұлдызды қақпашылары матчқа толығымен дайын. Енді бапкерлер алқасы барлық жоспарларын жүзеге асыра алады. Екі жыл бұрынғы жартылай финалда Қазақстан құрамасы бірден шабуылға атой салып, тіпті гол соққан. Бірақ, сол басымдықты ұстап тұра алмады. Бәлкім, Какау шәкірттері бұл жолы асықпай, өздеріне оңтайлы сәтті күтетін шығар.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан мен Испания құрамалары арасындағы жартылай финалдық ойын бүгін түнде, яғни ақпанның 8-інен 9-ына қараған түні сағат 2:00-де басталады. Ойынды тікелей эфирден «Хабар» телеарнасы көрсетеді. Ал бұған дейін жерлестеріміз топтық кезеңде Польшаны 5:1 есебімен ұтып, Ресеймен 1:1 нәтижесімен тең түскен. Ширек финалда 3:1 есебімен сербтерді сүріндірді.