Өкінішке қарай, Люблянаға қазақ журналистерінен ешкім бармағандықтан футзалшыларымыздың ойындарын теледидардан көргенімізбен, олардың баспасөз мәслихатындағы пікірлерімен шетелдік ақпарат агенттітері арқылы ғана танысуға мәжбүрміз. Португалияның zonatecnicafutsal.com сайтының жазуынша, бас бапкеріміз Какау осы маусымнан кейін «Қайрат» футзал клубынан және Қазақстан ұлттық құрамасынан кету туралы шешім қабылдапты.
Ширек финалда Сербияны жеңіп, ұлттық құрамамызға жартылай финалдың жолдамасын әперген Какау бапкер матчтан кейінгі баспасөз мәслихатында бұл оның Қазақстандағы соңғы маусымы екенін айтыпты. Сондай-ақ, ширек финал жайлы және алдағы қарсыластары туралы былай деген:
– Сербия бізге тегеурінді қарсылық көрсетті. Біздің 5х4 тактикамызды жақсылап зерттеп алған секілді. Бірақ жігіттер сауатты ойнады. Әсіресе, қақпашымыз Игитаға ерекше алғыс. Ол өзінің қолмен де, аяқпен де жақсы ойнайтынын дәлелдеді. Өкінішке қарай, трибунадағы жанкүйерлер Игита қақпадан шығып кеткен сайын наразылығын білдіріп, уілдеп жатты. Бұл дұрыс емес деп ойлаймын. Керісінше, мұндай ойыншыларды пір тұтуымыз қажет. Онсыз да футзал әлемінде кумирлер өте аз. Игитаны португалиялық Рикардиньомен бір қатарға қоюға болады. Мұндай ойыншыларды бағалауымыз керек. Ал келесі қарсыласымыз жайлы айтар болсам, Испаниямен кездесеміз бе, Украинамен ойнаймыз ба, бәрібір. Екі құраманы да құрметтеймін! Алайда, біз өз ойынымыздан танбаймыз, - деді Какау.
Естеріңізге сала кетейік, Какау әуелі ойыншы ретінде «Қайрат» футзал клубында 2004-2009 жылдар аралығында доп теуіп, кейін сол клубқа бас бапкер болып оралған. Алматылықтарға екі рет УЕФА кубогын әперсе, Қазақстан ұлттық құрамасын 2016 жылғы Еуропа чемпионатында қола жүлдеге жеткізген. Бұл жолы да жартылай финалға шығып, жүлделі орынның сәл-ақ алдында тұр.