Вернуться к списку статей

Еркебұлан Тұңғышбаев «Амкар» клубы сапында доп теуіп қайтты

Футбол
1K
Фото fcordabasy.kz сайтынан
«Ордабасы» клубының жартылай қорғаушысы Еркебұлан Тұңғышбаев бірнше күн Ресейдің «Амкар» клубы сапында жаттығып қайтты.

Жақында «Амкар» футболшылары «Краснодар» клубының жастарымен жолдастық кездесу өткізіп, 4:2 есебімен басым түсті. Осы ойынның екінші таймында алаңға Еркебұлан Тұңғышбаев шықты. Пермь клубы 0:1 есебімен ұтылып жатқанда, Қазақстан құрамасының ойыншысы таразы басын таңетіруге үлес қосты.

Ол оң қапталмен алға ентелеп, айып алаңының ішінде екі қорғаушының ортасынан өтіп кетіп еді, жас краснодарлықтарды ойын ережесін бұзып, Еркебұланды шалып жықты. Ал пенальтиді Александр Рязанцев мүлтіксіз орындады...

Алайда «Ордабасы» клубының президенті Бақтияр Байсейітов Тұңғышбаевтың «Амкар» клубына сынақтан өтуге барғанын теріске шығарды. Отандық басылымдардың біріне Еркебұланды жай, Ресей клубының жаттығу жиынын көріп, тәжірибе алмасып келуі үшін жібергенін мәлімдеді.

Ал кеше «Ордабасы» клубының ресми сайты оңтүстікқазақстандықтардың Түркияда екінші оқу-жаттығу жиынын бастағанын мәлімдеді. Әрі команда сапында 24 ойыншы жаттығып жүргендігін жариялады. Олардың арасында Еркебұлан Тұңғышбаев та бар:

Бекхан Шайзада, Валерий Фомичев, Жасур Нарзикулов, Темірлан Ерланов, Мардан Төлебек, Мұхит Жақсылық, Сағадат Тұрсынбай, Самат Шәмші, Пабло Фонтанелло, Кирилл Ковальчук, Еркебұлан Тұңғышбаев, Ұлар Жақсыбаев, Никита Бочаров, Александр Симчевич, Қайрат Әшірбеков, Бекжан Әбрахман, Виталий Ли, Әбілқайыр Зұлпықаров, Дамир Дәуітов, Әлішер Сүлей, Аздрен Ллуллаку, Тимур Досмағамбетов, Сергей Хижниченко, Иван Нагаев.

Осы жиыннан соң команданың негізі құралып, құрамы жасақаталады екен. Команданың бас бапкер Георги Дерменджиев бірнеше ойыншыны сынақтан өткізіп көрмек. Әрі төрт бірдей жолдастық кездесу өткізуді жоспарлап отырған көрінеді.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика