Вернуться к списку статей

Қазақстан мен Ресей тең түсіп, Польша үйіне қайтты

Футбол
1K
Фото uefa.com сайтынан
Футзалдан Словенияда өтіп жатқан ХІ Еуропа чемпионатында Қазақстан құрамасы екінші ойынын өткізіп, Ресей құрамасымен тең түсті.

Ойын басталған бетте Ресей құрамасы гол соғып, алға шықты. Қақпа алдында қарауылсыз қалған Эдер Лима ышқына теуіп, есеп ашты. Бұдан кейін біздің құрама таразы басын теңестіруге тырысып, шабуылды үдетті. Соққыны қарша боратты.

Алайда Ресей құрамасы қорғаныста сауатты ойнап, жанкештілік танытты. Қақпашысы Дмитрий Путилов та қас шеберлік танытып, бірнеше қауіпті де, қуатты соққыларды тойтарды. Әрі шыр айналған ала доп та қақпаға кірмей қойды. Бірнеше рет Ресей қақпасының бағанасына тиіп, бағытын өзгертті...

Екінші таймда да Қазақстан құрамасы алға ентелеп, қарсыласын бесеулеп қыспаққа ала түсті. Яғни қақпашымыз Игитаның алға шығуы жиіледі. Ақыры бұдан нәтиже шығып, Дугластың алыстан шірене тепкен добы, қақпа ішінде балықша тулады. Гол!

Бұдан кейін екі команда алма-кезек шабуылдап, қарқындарын бәсеңдетпеуге тырысты. Бірақ екеуі де гол соға алмады. Есеп өзгермей, матч тең аяқталды. Сөйтіп Қазақстан құрамасы «С» тобында бірінші орынға ие болды. Ширек финалда Италия, Сербия және Словения үшеуінің қайсысымен кездесетіндігін бүгін таңға қарай білеміз...

Ал осы ойынды көру үшін тайлы-тұяғы қалмай, «Арена Стожице» спорт кешенінен келген Польша құрамасы ойыншыларының ұнжырғалары түсіп кетті. Олар енді үйлеріне қайтады. Себебі екінші орын Ресей футзалшылрына бұйырды...

Әрине, «С» тобында бірінші орын алғанымыз – үлкен жетістік. Бірақ бүгінгі ойында Тайнан жарақат алып қалды. Аяғын қайырып алғандай. Бірінші таймда аяғын баса алмай кетіп еді, содан матч соңына дейін көрінбеді. Ширек финалдық ойынға дейін қатарға қосыла ма, жоқ па, белгісіз. Тезірек қатарға қосылуына тілектеспіз...

Қазақстан – Ресей – 1:1 (0:1)

Голдар: Эдер Лима, 1:45 (0:1). Дуглас, 23:25 (1:1).

Қазақстан: Игита, Есенаманов, Нұрғожин, Дуглас, Довгань – Тайнан, Жаманқұлов, Сүлейменов, Оразов, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Таку, Першин, Шамро.

Ресей: Путилов, Милованов, Эдер Лима, Робиньо, Давыдов – Ромуло, Лысков, Абрамов, Ниязов, Абрамович, Афанасьев, Чишкала, Эскердинья, Замтарадзе.

Төрешілер: Габор Ковач (Венгрия), Болаж Фаркаш (Венгрия).

Любляна. «Арена Стожице».

Ойынның қысқаша статистикасы:

Соққы: 47 – 24
Тура соққы: 12 – 10
Қиыс кеткені: 13 – 7
Тойтарылғаны: 22 – 7
Бұрыштама соққылар: 12 – 8
Ескерту (сары қағаз): 0 – 0
Ереже бұзу: 9 – 4

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика