Вернуться к списку статей

Қызметкер кезінде бәрі жақсы, жаман Басшы қайдан шығады?..

Футбол
1K
Фото facebook.com/pg/KFFkaz ресми парақшасынан алынды
2014 жылдың көктемінен бері Қазақстан футбол федерациясына басшы шақ келмей қойды. Әсіресе бас хатшысы бірнеше рет ауысты...

Ауыс-түйіс немесе кадрлар сапырылысы

...2014 жылы 11 сәуірде ҚФФ бас хатшысы және бірінші вице-президенті Саян Хамитжанов қызметінен кетіп, оның орнына Аллен Шайжүнісов тағайындалды.

...Дәл осы 2014 жылдың аяғында (23 желтоқсанда) Әділбек Жақсыбеков ҚФФ президенті қызметінен кетіп, бұл орынға Ерлан Қожағапанов сайланды.

...Алайда ҚФФ жаңа президенті мен Шайжүнісов бірлесе жұмыс істей алмағандай. Бұлай дейтін себебіміз, көп ұзамай, яғни 2015 жылдың жазында Аллен Шайжүнісов қызметінен кетуге мәжбүр болды...

... 2015 жылдың шілде айында ҚФФ бас хатшысы қызметіне Азамат Айтқожин тағайындалды. Әйткенмен, бір жылға да толмайтын уақыттан соң, яғни 2016 жылдың сәуір айында қызметінен кетті.

... Жалпы, 2016 жылы Қазақстан футбол федерациясының бас хатшысы үш рет ауысты. Азамат Айтқожиннің орнына көпшіліке беймәлім Еркебұлан Хасенов келіп еді. Бірақ оның келгенінен, кеткені тез болды. Қыркүйек айында бұл қызметке Қаныш Әубәкіров бекітілді.

... Көп ұзамай, тіпті іле-шала десек те болар, 2016 жылдың қазан айында Ерлан Қожағапанов отсавкаға кетті. Ал қараша айында қазақ футболының көрнекті тұлғасы Сейілдә Байшақов ҚФФ президенті болып сайланды.

... Алайда Байшақов – Әубәкіров жұбы да ел футболын бір жылдан артық басқарған жоқ. 2017 жылдың аяғында, 22 желтоқсан күні Қуаныш Әубәкіров қызметінен кетіп, оның міндетін, ҚФФ Атқару комитетінің басқосуына дейін, Азамат Айтқожиннің атқара тұратын болды.

... 2018 жылы 10 қаңтар күні Азамат Айтқожин ҚФФ бас хатшы және бірінші вице-президент қызметтеріне ресми түрде бекітілді. Ал Сейілдә Байшақов Қазақстан футбол федерациясы президенті қызметінен өз еркімен кетті.

... Енді өздеріңіз есептей беріңіздер. Сонда, екі жылда ҚФФ бас хатшысы алты рет ауысты ма? Тым көп емес пе? Мұны қалай атауға болады: жүйелі тұрақсыздық па, әлде тұрақты тұрақсыздық па? Кімге қолайлы, кімге ыңғайлы?..

... Осы аралықта, 2014 жылдың аяғынан 2018 жылдың басына дейінгі үш жылдан астам уақыттың ішінде Олжас Абраевтың ҚФФ басшылығы сапынан (вице-президент және ҚКФЛ президенті) неше рет кетіп, қанша рет қайтып оралғанынан шатыса да бастадық. Бір қызметке үшінші рет оралып отырғандай...


Басқару тәсілі

Осы үш жылдан астам уақыттың ішіндегі ел футболының тізгінін ұстаған басшылардың басқару тәсілдері әр қилы болды. Қайсыбіреулері жұптасып, тізе қоса әрекет етсе, енді бір басшы аракідік «Бас прокуратурамен тексеріс жүргіземін» деп «қамшысын» үйірумен болды.

Үшіншісі президентік лауазымды ел футболының тарихи тұлғасына беріп, бар билікті өзі қолында ұстауға тырысты. Мүлде көзге түспегені де болды. Керісінше, қисынын келтіріп, ресми мәлімдеме жасауға әуестеуі де болғанын жоққа шығармаймыз.

Аймақтарды көп аралағаны да бар, тек шет елдермен шектелгендері де бар секілді. Бір қызығы, бәрі де дерлік, шекара асып, шетке шықса, суретке түскенді теріс көрмейтіндей болып көрінді. Әйтеуір, іс тындырып жүргендерін дәл осылай «көрсеткілері» келіп тұратындай...

Қайсыбірін айтайық, қазақ тіліне көңіл бөліп, өз мамандарымызды дәріптеп, қуантқандары да болған. Жемқорлықтың тамырына балта шабу керектігін ұрандатқандары да, премьер-лигадағы бар клубты бір шыбықпен айдауға тырысқандары да болды.

Қазақстан премьер-лигасындағы доп додасын өзгеше жүйемен өзгертуді енгізгендерін, «Футбол үйі» құрылысын қадағалап отырғандарын және әр түрлі жобаларды қолға алғандарын ерен жетістік қатарына қосқандары да болғанын айтпай кету мүмкін емес...


Білікті мамандар басқара алмады...

Осылай, үш жылдан астам уақыт ішінде қазақ футболын бірнеше адам басқарды. Бір қызығы, олардың бәрі де осал мамандар емес еді. Бірі бизнесте бағы жанған, екіншісі мемлекеттік қызметте ысылған, үшіншісі білікті мамандармен тіл табыса алатын, төртіншісі шетелдіктермен қарым-қатынасы қалыптасқан, ал қайсыбіреуі футбол өнерінің сүйек майын шаққан ығай мен сығайлар еді.

Кейбіреулері Қазақстан футбол федерациясынан кетіп қалып, қайта оралды. Мысалы, Азамат Айтқожин, Қаныш Әубәкіров және т.б. Сонда қалай болғаны? Ұлттық федерацияға қайта шақыртылып, екінші рет сенім артылғандарына қарағанда, олар бұған дейін де өз міндеттерін, жұмыстарын жоғары деңгейде, тәп-тәуір атқарған ба? Солай ғой...

Алайда осындай іскер, жалынды, білікті мамандар қазақ футболының көсегесін көгерте алмады. Неге?! Түсініксіз. Бұрындары бәрін де «әттең, тонның келтесі-ай» деп, қаражат тапшылығына тіреуші едік. Ал қазір ше? Басқа-басқа, бірақ миллиондар сапырылған футболда қаржы жоқ деп айту, мүлде әбестік сияқты...

Сонда не жетіспейді? Кім осындай іскер мамандарға жұмыс істетпей жүрген? Кім аяқтарынан шалып, кедергі болып отырған? Футболшылар ма, жаттықтырушлар ма? Әлде жанкүйерлер ме, журналистер ме?! Жоқ әлде өздері ме, өзара ма... Түсіну қиын... Түсіне алар емеспіз... Тамырына тереңдеп бойлай алмай жүрміз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика