Бүгін «С» тобындағы алғашқы ойынын Польша құрамасымен өткізген футзалшыларымыз деңгейлерінің жоғары екендігін паш етті. Әсіресе, бірінші таймда төрт гол соғып, поляктарды сеңдей соғылыстырды. Аса жоғары жылдамдықта ойнап, ширақ қимылдады. Шабуылда да, қорғаныста да сауатты ойнай білетіндіктерін көрсетті.
Ойынның үшінші минутында Дуглас допты ойынға қосып, ұрымтал жерде тұрған Тайнанның ыңғайына салып берді. Қазақстан ұлттық құрамасының сапына соңғы сәтте қосылған, жарақат алып қалған Леоның орнын басқан бразилиялық легионеріміз ышқына теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.
Алты минуттан кейін Қазақстан құрамасы есепті еселей түсті. Құрама капитаны Дінмұхамед Сүлейменов допты оң қанаттан бар пәрменімен теуіп, қақпаның қарам-қарсы бұрышындағы Біржан Оразовтың аяғын дәл көздеді. Жеке қалған жас шабуылшыға мүлт кету мүмкін емес те еді. Есеп – 2:0.
Польша құрамасының бас бапкері Блажей Корчыньски айқайға басты. Шәкіртттерін қамшылап жатыр. Бірақ олар не істей алады? Қазақстан құрамасының ойыншылары ұстараның жүзіндей лыпылдап, қолды-аяққа тұрар емес. Қимылдарына көз ілеспейді. Баз-базында Дуглас пен Тайнан бір-екі ойыншыны бұйым құрлы көрмей, алдап өтіп, көпшілікті сүйсіндіріп те қояды.
Әйтсе де, Польша құрамасының ойыншылары жанкештілік танытып, табан тіресе додаға түсті. Біздің футзалшыларымыздың біраз соққыларын тойтарып, қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысып отырды. Қақпашысы да аянып жатқан жоқ. Еңселерін тіктеп, қарсыласып бақты.
Десек те, бірінші таймның аяғында Қазақстан қырандары тағы екі гол соқты. Әуелі жылдам шабуыл ұйымдастырып, Польша құрамасының ойыншыларын жанталастырып, жаңылысуға мәжбүрледі. Дугластың сол қапталдан дер кезінде бере қойған добын Серік Жаманқұлов қақпаға зулата теуіп, үшінші голдың авторы атанды.
Шалт қимылды, жоғары қарқынды Қазақстан құрамасының жігіттерін тоқтату мүмкін болмағандықтан, Польша футзалшылары ойын ережесін бұза бастады. Олар алтыншы рет ереже бұзған соң біздің құрама 10 метрлік айып соққысын орындау құқығына ие болды. Пенальти орындаудың шебері Михаил Першин мүлт кеткен жоқ.
Екінші таймда Польша құрамасы намысты қолдан бермеуге тырысты. Ойсырай ұтыласа, ширек финалға шыға алмайтындарын біледі. Сондықтан бар күш-жігерлерін салды. Ал Қазақстан құрамасы енді басқа тактика ұстанғанды жөн санағандай. Қорғаныста да ойнай білу керек, ертеңгі ойынды да ойлау керек...
Қазақстан құрамасының бас бапкері Какау осыбір ойын үлгісін жетілдіре түсіруді де ойлағандай. Әйтеуір, біздің футзалшылар допты қарсыластарына беріп, өздері қорғануға көшті. Польша құрамасы қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырып, қыспаққа ала түсті. Бірақ гол соға алмай, діңкелері құри бастады.
Дегенмен, 28-минутта Доминик Солецки алыстан шірене теуіп, қуатты соққысымен есепті қысқартты. Бұдан әріге Польша құрамасының шамасы жетпеді. Оларға допты дедек қаққызып, арлы-берлі зыр жүгірген Қазақстан құрамасының ойыншыларына ілесу және төтеп беру оңай болған жоқ. Титықтап қалғандары да біліне бастады.
Ал Қазақстан құрамасы есепті қайтадан ұлғайта түсті. Әуелі тағы да 10 метрлік айып соққысын орындау мүмкіндігіне ие болған. Польша футзалшыларының ереже бұзған сәттері тағы да шектеуден асып кетті. Какау бұл жолы да Михаил Першинді шығарған.
Алайда поляктардың бас бапкері де қарап қалмады. Қақпашысын ауыстырып, алаңға Михал Видухты шығара қойды. Тың қақпашы шапшаңдық танытып, Першиннің соққысын тойтарды. Әйтсе де, бұл голкипер де алаңнан «құрғақ» шыққан жоқ.
Матч соңында Қазақстан құрамасының ең үздік ойыншыларының бірі, екі рет әріптестерінің аяғына допты салып беріп, гол салуларына мүмкіндік жасаған Дуглас ойынның нүктесін қойды. Оның алыстан тепкен соққысына Польшаның қорғаушылары да, тың қақпашысы да тосқауыл бола алмай, бәрі де қапы қалды.
Сөйтіп, алғашқы қарсыласын 5:1 есебімен ұтқан Қазақстан құрамасы бірден ширек финалға шықты. Ертең Ресей футзалшыларымен кездеседі. «С» тобында бірінші орын алғылары келсе, ұтылмау керек. Ал ресейліктер үш доп айырмасымен ұтылса да, 1/4-финалына шығады. Десек те, асықпайық. Бәрін де ертеңгі ойын көрсетеді...
Қазақстан – Польша – 5:1 (4:0)
Голдар: Тайнан, 2:54 (1:0). Оразов, 8:56 (2:0). Жаманқұлов, 19:01 (3:0). Першин, 19:32-айып соққысынан (4:0). Солецки, 27:56 (4:1). Дуглас, 36:41 (5:1).
10 метрлік пенальти соға алмады: Першин, 35:25 (қақпашы)
Ескертулер: Дуглас, 9 – Заставник, 17.
Қазақстан: Игита, Есенаманов, Дуглас, Нұрғожин, Довгань – Сүлейменов, Жаманқұлов, Тайнан, Оразов, Першин, Тұрсағұлов, Ақбалықов, Таку, Шамро.
Польша: Калужа, Заставник, Лютецки, Миколаевич, Поплавски – Видух, Кубик, Девуцки, Цыман, Гладчак, Мизгайски, Солецки, Кризель, Войцеховски.
Төрешілер: Алехандро Мартинес Флорес, Хуан Галлардо (екеуі де – Испания).
Любляна. «Арена Стожице».
Ойынның қысқаша статистикасы:
Соққы: 30 – 39
Тура соққы: 13 – 13
Қиыс кеткені: 11 – 12
Тойтарылғаны: 6 – 14
Бұрыштама соққылар: 8 – 6
Ескерту (сары қағаз): 1 – 1
Ереже бұзу: 6 – 11