Вернуться к списку статей

Москаленко масқарадан құтқара ма?

Футбол
1K
Фото: vk.com/fc.ekibastuz
Былтыр Бірінші лигада сүреңсіз ойын өрнегін көрсетіп, турнир кестесінің соңғы сатысына жайғасқан «Екібастұз» клубы жаңа маусымға дайындықты бастап кетті.

Бірден айтайық, Қазақстан футбол федерациясының Атқару комитеті «Аяз атаның» кейпіне еніп, екібастұздықтардың Бірінші лигада қалу өтінішін қанағаттандырған болатын...

Бірінші лигада ойнауға еті үйреніп қалған «Екібастұз» былтыр құрдымға кетті. 24 кездесудің екеуінде ғана жеңіс тойын тойлап, 18-інде жеңілістің кермек дәмін татты. Клуб басшылығы сәтсіздіктің себебін аяқдопшылардың көп уақыт жалақы алмай жүргенімен байланыстырады. Шынымен де, қалтасы жұқарған футболшылардан жақсы нәтиже талап ету қисынсыз.

Жақында қала әкімі Қайрат Нүкенов клуб басшылығымен кездесіп, мәселелердің шешу жолдарын қарастырды. Шаһар басшысының айтуынша, командаға демеушілік танытып келген ірі серіктестік басшылары қаржыны басқа салаға құюды жөн деп тауыпты. Десе де, қала билігі құр отырмай, ретін тауып, команданың былтырдан қалған спорттық киім мен іссапар шығындарын толығымен жапқан. Футболшыларға төленуі тиіс 10 миллион теңгенің жыры да аяқталуға жақын.

Ал, биылғы жылдың жағдайы бөлек әңгіме. Команданың бірінші лигада лайықты өнер көрсетуі үшін облыстық және қала бюджетінен қомақты қаражат бағытталмақ. Сөйтіп, клуб қазынасы 140-150 миллион теңгені құрайтын болады. Мұндай сома соңғы 10 жылда тіркелмеген көрінеді. Сондай-ақ, жергілікті «Шахтер» стадионын күрделі жөндеуден өткізуге облыстық бюджеттен 400 миллион теңге бөлінген. Қысқасы, Екібастұз футболын қара тізімге енгізуге асықпаңыздар!

Бүгін «Екібастұз» футбол клубының басшылығы жаңа бапкерді таныстырды. Енді екібастұздықтарды 2015 жылғы еліміздің бірінші лигасының үздік бапкері Александр Москаленко жеңіске жетелейтін болады. Оған Данияр Өтеуілов пен Михаил Алексеев көмектеседі. Қосалқы құрамы мен жастарын Евгений Скоробогатский жаттықтырады. Ал Виталий Спарышев техникалық директор болып бекітілсе, Азамат Әубәкіров спорттық директор қызметіне тағайындалды. 

Автор: Оралхан Қожанов
Яндекс.Метрика