Вернуться к списку статей

Қазақстан құрамасының қарсыластары тең түсті

Футбол
1K
Ресей – Польша – 1:1. Фото: uefa.com
Футзалдан ХІ Еуропа чемпионаты басталып, Люблянада алғашқы ойындар да аяқталды.

Қазақстан құрамасымен «С» тобына түскен Польша және Ресей құрамалары кездесіп, шектен тыс тартысты өткен матчта тең түсті. Есеп – 1:1. Бірінші таймда есеп ашылған жоқ. Ойынның екінші жартысы бел ортасынан ауғанда, дода көрігі қыза түсті.

36-минут басталғанда Ресей құрамасының ойыншылары жылдам қимылдап, Польша футзалшыларын әбден шатастырып, есеп ашты. Алайда ойынның аяғында қақпашысын бесінші ойыншыға алмастырған поляктар таразы басын теңестірді. Матчтың аяқталуына тоғыз секунд қалғанда гол соқты.

Жалпы, бұл ойында көбінесе Ресей құрамасы шабуылдап, қарсыласын қыспаққа алды. Польша құрамасының жігіттері қорғаныста жанкештілік танытып, олардың бірнеше шабуылдарын тойтарды. Қақпашысы Михал Калужа ресейліктердің өте қауіпті соққыларын тойтарып, қас шеберлік көрсетті.

Рас, Польша құрамасы реті келгенде қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Тіпті кейбір қарсы шабуылдары аса қауіпті де болды. Ал Ресей құрамасының ойыншылары өздерінің тамаша мүмкіндіктерінің біразын мүлт жіберіп алды. Кейде тіпті допты бір-біріне қақпақылдап, көп жүріп алғандай болды...

Енді Польша құрамасы біздің футзалшыларымызбен кездеседі. Бұл ойын ертең өтеді. Ал Ресей құрамасымен Какаудың шәкірттері 3 ақпан күні додаға түседі. Естеріңізге сала кетейік, «С» тобынан осы үш құраманың екеуі ширек финалға шығады.

«C» тобы

Ресей – Польша – 1:1 (0:0)

Голдар: Чишкала, 35:10 (1:0). Кубик, 39:51 (1:1).

«A» тобы

Словения – Сербия – 2:2 (2:1)

Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика