Вернуться к списку статей

"Еуро-2018". Тарихынан бастап фавориттерге дейін

Футбол
1K
Бүгін Словения астанасы Люблянада футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасының қатысуымен кезекті Еуропа чемпионаты басталады. Дүбірлі дода қарсаңында чемпионаттың маңызды мағлұматтарымен таныстырып шығуды жөн көрдік.

Тарихы

Футзалдан Еуропа чемпионаты 1996 жылдан бері екі жылда бір рет ұйымдастырылып келеді. Рас, арасында үш жылдық үзілістердің де орын алған кездері болған. Биылғысы 11-ші чемпионат. Ең алғашқы маусымның финалында Испания мен Ресей кездесіп, пиренейліктер 5:3 есебімен жеңіске жеткен. Жалпы, бұған дейінгі 10 финалдың сегізінде Испания құрамасы ойнап, жетеуінде жеңіске жетіпті. Италия Еуропаның екі дүркін чемпионы болса, Ресей футзалшылары бір рет 1999 жылы бас жүлдені қанжығаларына байлаған. Қазақстан құрамасы 2016 жылы бірінші рет финалдық кезеңге жолдама алып, бірден қолаға қол жеткізген.

«Еуро-2018» – жалпы ережесі.

2010 жылдан бері Еуропа чемпионатының финалдық кезеңіне 12 құрама қатысады. Оған дейін командалар саны 8 болатын және олар екі топқа бөлінетін. Ал қазір 12 команда үш-үштен төрт топқа бөлінеді. Әр топтан ширек финалға үздік екі ұжымнан шығады.

Стадион

Биыл Еуропа чемпионаты УЕФА президенті Александр Чефериннің отаны Словенияда өтеді. Ойындардың барлығын Люблянаның «Арена Стожице» спорт кешені қабылдайды. 2010 жылы пайдалануға берілген 12 480 көрермен (концерт кезінде 14 480) сидыра алады.

Командалар

Чемпионатта барлығы 12 команда. Олар: Словения, Әзірбайжан, Испания, Италия, Қазақстан, Польша, Португалия, Ресей, Румыния, Сербия, Украина, Франция. Осылардың ішінде Испания, Италия және Ресей барлық Еуропа чемпионатына қатысып келеді. Украина тек 1999 жылғы додаға жолдама ала алмаған. Ал Қазақстан құрамасы үшін бұл екінші Еуропа чемпионаты болса, Франция футзалшылары «Кәртамыс құрлық» додасына бірінші рет қатысайын деп отыр.

Дегенмен, бұдан кейін Еуропа чемпионатын біраз өзгерістер күтіп тұр. 2020 жылдан бастап турнир төрт жылда бір өтетін болады. Ал додаға 16 команда түседі.

Командалар құрамы

Әр команда Еуропа чемпионатына 14 ойыншыдан тіркей алады. Оның екеуі қақпашы болуы қажет. Дегенмен, егер тізімдегі ойыншыларының бірі ауыр жарақат алып қалса немесе қатты ауырып қалса, онда бапкерлер алқасы чемпионаттың бірінші матчына дейін өзгеріс жасай алады.

Басты фавориттер

Әлбетте, әдеттегідей басты фаворит – Испания құрамасы. 2016 жылы да солар жеңіске жеткен. Дегенмен, Португалия мен Ресейдің де мүмкіндіктері жоғары. Алғашқылары 2016 жылғы Әлем чемпионатында төртінші орыннан көрінсе, солтүстік көршілеріміз ширек финалда испандықтарды тізе бүктіріп, финалға дейін жеткен. Бұлардан бөлек, италиялықтар мен Әзірбайжан футзалшыларын да ұмытуға болмайды.

Басты жұлдыздар

Қақпада қолмен де, аяқпен де жақсы ойнайтын қазақстандық Игитадан бөлек, Еуропа чемпионатының басты жұлдызы португалиялық Рикардиньо болмақ. Сондай-ақ, ресейлік Эдер Лиманың голдары да әсем. Испанияның үштігі Алекс, Мигелин және Рауль Кампостың да дриблингтеріне көз сүйсінеді. Ал франциялық Ландри Н'Галя үнемі қақпа торуылдап жүретін шабуылшылардың санатынан.

Қазақстан құрамасының мүмкіндігі

Бас бапкер Какау құраманың кеңейтілген тізімін жариялағанымен Люблянаға баратын 14 ойыншының есімін әлі атаған жоқ. Оған әлі уақыт та бар. Осыдан үш күн бұрын Украинамен жолдастық кездесу өткізіп, 1:1 есебімен тең түскен. Ал Еуропа чемпионатында Ресей және Польшамен «В» тобына түстік. Бір топтан екі команда плей-офф кезеңіне өтетінін ескерсек, футзалшыларымыздың ширек финалға өтуіне мүмкіндік мол. Қиын матчтар плей-оффтан басталады. Егер екі жыл бұрынғы жетістігімізді қайталасақ, соның өзі үлкен олжа болар еді. Естеріңізге сала кетейік, «Еуро-2016» финалдық додасында Ресей және Польша құрамасымен бір топқа түсіп, бірінші ойында ресейліктерден 1:2 есебімен жеңілгенімізбен екінші матчта хорваттарды 4:2 нәтижесімен тізерлеткенбіз. Ширек финалда Италияны 5:2 есебімен жеңіп, жартылай финалда Испанияға жол бердік. Есеп – 3:5. Ал үшінші орын үшін өткен ойында сербтерді 5:2 есебімен ұтып, қола жүлдеге қол жеткіздік.

«Еуро-2018» ойындар кестесі

А тобы: Словения, Италия, Сербия

30 қаңтар. Словения – Сербия

1 ақпан. Сербия – Италия

3 ақпан. Италия – Словения

В тобы: Ресей, Қазақстан, Польша

30 қаңтар. Ресей – Польша

1 ақпан. Польша – Қазақстан

3 ақпан. Қазақстан – Ресей

С тобы: Португалия, Украина, Румыния

30 қаңтар. Португалия – Румыния

1 ақпан. Румыния – Украина

3 ақпан. Украина – Португалия

D тобы: Испания, Әзірбайжан, Франция

30 қаңтар. Испания – Франция

1 ақпан. Франция – Әзірбайжан

3 ақпан. Әзірбайжан – Испания

Плей-офф:

5-6 ақпан. Ширек финал

8 ақпан. Жартылай финал

10 ақпан. Финал

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика