Алдымен мақаламызға арқау болған ақпаратты айтайық. Кеше ғана «Қайрат» шағын футбол клубының ойыншысы Тайнан Да Силва Регоның Қазақстан Республикасының азаматы атанғаны белгілі болды. Енді ол Қазақстан ұлттық құрамасында ойнай алады. Шынтуайтына келгенде, Тайнанға қазақтың төлқұжатын осы мақсатта алып берген болуы да әбден мүмкін. Өйткені, екі күннен кейін-ақ Еуропа чемпионаты басталады. Ал біздің жігіттер бірінші ойынын 1 ақпанда өткізеді. Бас командамыздың бас бапкері кеңейтілген құрамды жариялағанымен Словения астанасы Люблянаға баратын ойыншылардың тізімін әлі көрсеткен жоқ. Бәлкім, Тайнанның мәселесінің шешілуін күткен болуы да мүмкін.
Ал Тайнан деген кім өзі. Карьерасын Бразилияның «Кейма футзал» клубында бастаған екен. Кейін «Палмейраста» ойнаған. Бразилия жастар құрамасында ойнап, командасының негізгі шабуылшыларының бірі болған. Бразилиядан кейін Біріккен Араб Әмірліктерінде, Иран чемпионаттарында доп тепкен. Әлемнің үздік футзалшылары қатысатын дәстүрлі «NAS futsal championship» турниріне қатысып, бес голмен үздік сұрмерген атанған. Бірақ, бір қызығы, келесі айдың 12-сінде 25 жасқа толатын ойыншы Бразилия ұлттық құрамасынан сол күйі шақырту ала алмапты. Бәлкім, бұл Копакабана елінде теңбіл допты ұршықша иіретін таланттардың тым көптігімен байланысты шығар.
Алматының «Қайратына» өткен жылы наурыз айында қосылған шабуылшы Ел чемпионатында 10 ойында 14 гол соғыпты. УЕФА кубогында да алматылықтардың үздік ойыншыларының бірі болып, 6 кездесуде 5 гол соққан екен. Бұдан бөлек Ел кубогында 7 ойында қарсылас қақпасын 10 рет тура көздесе, Қазақстан Суперкубогында екі мәрте қарсыластарын қапы қалдырған. Міне, «жаңа қазақтың» «Қайраттағы» жалпы статистикасы осындай. Былайша, жаман емес сияқты. Бас бапкер Какау Люблянаға баратын жігіттердің қатарына қосса, Еуропа чемпионатында да маңызды голдарды соғып қалар. Бірақ, бразилиялықтарды қаптатып-ақ жатырмыз, сонда өзіміздің қазақтарға орын қала ма?
Жалпы, Қазақстан шағын футболында ұлттық құрамамызға бразилиялықтарды тарту үрдісі 2013 жылдан басталған. Шыны керек, оған дейін бас командамыздың халықаралық аренадағы мәз емес еді. 2014 жылғы әлем чемпионатының финалдық кезеңіне жолдама ала алмай, іріктеу кезеңінде өз тобымызда Ресей мен Румынияны алға жіберіп, төрт команданың ішінде небәрі үшінші орын алдық.
Ал легионерлер келгеннен кейінгі жағдайды жақсы білесіздер. 2013 жылы Лео мен қақпашы Игитаны «қазақ» қылдық. 2015 жылы Дугласқа азаматтық бердік. Нәтижесінде 2016 жылы Еуропа чемпионатында тұңғыш рет қола жүлдегер атансақ, сол жылы күзде Колумбияда өткен әлем чемпионатында 1/8-финалға дейін жетіп, Испанияға ғана жол бердік. Ұлттық құрамамызды осындай деңгей жеткізгендері үшін оларға, бір жағынан алғыс айтуымыз қажет.
Жалпы, футзалда бразилиялықтардың көмегіне жүгінетін біз ғана емес. Мәселен, Ресей құрамасында қақпашы Густаво бар, алаңда Пула, Эдер Лима, Робиньо, Сирило, Ромуло, Эскердинья дегендер жүгіріп жүр. Әзірбайжанда да солай. Құрамының жартысынан астамы Бразилиядан келген «қонақтар». Құрамына қарасаң Фелипо Рибейро, Биро Жаде, Тьяго Родригес, Сержао, Алвес Эдиглеусон дегендерден көз сүрінеді. Еуропаның басқа құрамалары да солай. Кейде «Кәртамыс құрлығының» додасы емес, Бразилия ашық біріншілігі екен деп те қаласың. Копакабаналықтардың көмектеріне жүгінбейтін команда некен-саяқ. Сондықтан, футзалда ұлттық құрамаға Бразилиядан легионер тарту бүгінде қалыпты құбылысқа айналған.
Дегенмен, өзіміздің қазақтар үшін де алаңдаймыз. Ертең Еуропа чемпионатында қақпадағы Игитаны айтпағанда, алаңдағы төрт орынның үшеуін «бразилиялықтар» алатын болса, онда өзіміздің ойыншыларға қалатыны бір-ақ орын ғой. Сонда біздің жігіттердің басым бөлігі Люблянаға тек турист ретінде бара ма?
Негізі, ұлттық құрамада бір команданы бразилиялықтармен бөлісуге біздің жігіттер де қарсы емес. Солардың арқасында осындай жетістіктерге жетіп отырғанымызды қазақстандықтар да түсінеді. Алайда, тым көп болып кеткенін қаламайды. Мәселен, бізге берген өзінің бір сұхбатында бас командамыздың мүшесі Павел Таку «3-4 легионер алуға болады. Бірақ, одан көп болып кетсе, тым артықтық» деген болатын.
Әйтеуір, неде болса, қаптаған «бразилиялықтардан» қайыр болса екен...