Вернуться к списку статей

UEFA Ұлттар лигасы – Қазақстан құрамасы үшін қай қарсыластар тиімді?

Футбол
2K
УЕФА Ұлттар лигасы – Қазақстан құрамасы үшін қай қарсыластар тиімді?
Ертең футбол әлемінің жаңа жобасы УЕФА Ұлттар лигасының жеребе тарту рәсімі өтіп, Қазақстан ұлттық құрамасының қарсыластары анықталады. Осы орайда, қай командалармен кездескен тиімді, қайсыларымен ауыр деген сұраққа жауап іздеп көруді жөн санадық.

Жеребе тарту рәсімі Астана уақытымен сағат 17:00-де басталып, алдымен D лигасының топтары анықталады.

D лигасының командалары төрт қоржынға бөлінген.  

Бірінші қоржын: Әзірбайжан, Македония, Беларусь, Грузия.

Екінші қоржын: Армения, Латвия, Фарер аралдары, Люксембург.

Үшінші қоржын: Қазақстан, Молдова, Лихтенштейн, Мальта.

Төртінші қоржын: Андорра, Косово, Сан-Марино, Гибралтар. 

Өз тобымыздағы командалармен бір квартетке түсе алмасымыз белгілі. Сондықтан, Молдова, Лихтенштейн және Мальта құрамаларын есепке алмаймыз.

Ал Бірінші қоржындағы командалардың ішінде ең қарымдысы, да бізге ыңғайсызы да Беларусь болар. Кезінде бұлардан 1:5 есебімен де, 0:4 есебімен де ойсырай ұтылғанбыз. Сондықтан, Беларусь құрамасы дегенде ойымызға бірден осы есептер түсетіні жасырын емес. Рас, арамызда бір тең ойын бар. Бірақ «күшік кезіңде таланып қалған итке өскенде қарсы тұру өте қиын». Сондықтан, Беларусь түспесе деген тілек бар. Дегенмен, бұл қоржында үшеуінен де Македонияның рейтингі жоғары. Бұлар да оңай шағылар жаңғақ емес. Израильді ұтып, Италияға әжептеуір қарсылық көрсетіп жүрген футболшылары бар. Ал ең ыңғайлысы – Әзірбайжан болар. Қанша дегенмен, «үйренген жау атыспаққа жақсы» ғой. Бірақ, олармен бір топқа түсуіміз неғайбыл. Өйткені, мұндай жағдайда Гибралтарға Әзірбайжан мен Қазақстанға ұшу қиын болып кетер еді.  Сондықтан, Грузияға дайындалғанымыз жөн шығар.

Екінші қоржында ең қиыны Армения шығар. Бұған соңғы іріктеу циклінде де көз жеткіздік. Құрамында Генрих Мхитарян сынды футболшысы бар команда әлсіз болмаса керек. Сондай-ақ, соңғы кездері Фарер аралдары мен Люксембургтің де доптары түзу ұшып жүр. Ал Латвия құрамасында керісінше, кері кету бар.

Төртінші қоржындағы қай команданы болмасын ұтуымыз қажет. Ұтқанда да, өз қақпамызға гол жібермей, ірі есептермен жеңуге шамамыз жетеді. Дегенмен, футбол әлемінде өз орындарын ақырындап таба бастаған Косово құрамасы біз үшін ғана емес, бүкіл еуропалықтар үшін әзірге жұмбақ команда болып тұр. Бұл қоржында, шамасы, Гибралтарды бәрі де өз тобында көргісі келетін шығар.

Сонымен, Қазақстан үшін ең қиын топ:

Беларусь, Армения, Қазақстан, Косово.

Ал ең тиімді топ:

Грузия, Латвия, Қазақстан, Гибралтар.

Ал сіз қай командалармен бір топқа түскенімізді қалайсыз?

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика