Вернуться к списку статей

Еркебұлан Сейдахмет «Уфа» сапында алғашқы голын соқты

Футбол
2K
Фото
«Қазақтың Мессиі» атанған Еркебұлан Сейдіахмет кеше «Уфа» клубы сапындағы бірінші голын соқты.

Еркебұлан Сейдіахметтің «Уфа» клубы сапында сынақтан өтіп жүргенін бұған дейін жазғанбыз. Башқұртстан клубы оның «Қазақтың Мессиі» атанғандығына ерекше көңіл бөлген сыңайлы. Себебі жас талантымызды осы клубтың ойыншылары «Лео» атап кетіпті...

Еркебұлан Ресей командасына барғалы, «Уфа» клубының жанкүйерлерінің саны едәуір артты. Қазақ жанкүйерлерінің көбісі оның осы клубтағы әрбір қадамын, басқан ізін аңдып, Башқұртстан клубының әлеуметтік желідегі тұтынушылары арасында пікірталас қыза бастады. Қазақша жазушылар да жетерлік...

Кеше Кипрде оөу-жаттығу жиынын өткізіп жатқан «Уфа» жергілікті «Алки» клубымен жолдастық кездесу өткізіп, 7:0 есебімен тас-талқан қылды. Еркебұлан осы ойында негізгі құрамда ойнады. Әрі 10-ыншы нөмірлі жеңдемен шықты. Енді, Қазақ жанкүйерлері бұған қалай қуанбасын?! Жас талантымыз Башқұртстан клубымен келісімшартқа әлі отырмаса да, бір жасап қалды.

10-ыншы нөмірлі жейдемен Еркебұлан Сейдіахмет үнемі ойнай ма, жоқ әлде уақытша берілді ме, онда ешкімнің шаруасы жоқ. Әйтеуір мәзбіз. Ал еңбек келісімі жайлы сөз бөлек. «Қазақтың Мессиі» әлі 18-ге толған жоқ. Бұл мәселе тек ақпан айында («Лео» "кәмелеттік жасқа" толған соң) талқыланатын болады.

Енді кешегі ойынға оралар болсақ, Еркебұлан гол соғып, иісі қазақты тағы бір қуантты. Ларнака клубының қақпасына кірген жеті доптың үшіншісін «Қазақтың Мессиі» салды. Сафронидидің сол қанаттан көлбеулете берген добын бір қимылымен-ақ секіре теуіп, қақпаға дәл түсірді (оны төмендегі бейнежазбадан көре аласыздар, шамамане 2-минутынан басталады).

Жалпы, Еркебұлан бұл ойында бір-ақ тайм ойнады. «Уфа» бапкерлері екінші таймда басқа құрам шығарып, ойыншыларының бәріне мүмкіндік берді. Әйтсе де, Е.Сейдіахмет қазақ жанкүйерлерін де, клуб басшылары мен жаттықтырушыларын да риза қылғандай. Бейсенбі күні Башқұртстан клубы Польшаның «Висласымен» жолдастық кездесу өткізеді. Күтеміз...  


Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика