Жерорта теңізінің жағалауында қаңтардың 26-сына дейін болатын Сыр командасы жиын барысында екі жолдастық-бақылау кездесу өткізеді. Бірінші матч 22 қаңтарға жоспарланған. Қарсыласы – Румынияның «Сепси» клубы. Қазір Румынияда қысқы үзіліс болғандықтан олар да дайындықтарын Түркияда жүргізеді. Жалпы, «Сепси» 22 турдан кейін ел чемпионатында 14 команданың ішінде 13-ші орында келеді. Одан кейін 25 қаңтарда қызылордалықтар Болгарияның «Дунав» командасымен кездесуі тиіс. Оларда да ақпан айының ортасына дейін үзіліс. «Сепси» секілді «Дунав» та өз чемпионаттарында 14 команданың ішінде 13-орында келеді.
Бапкерлер алқасы Анталияға өткен маусымнан қалған 19 ойыншыны және маусым аяқталысымен келісімшартқа отырған экс-«оқжетпестік» Александр Марочкинді алып кетті. Сондай-ақ, Түркияда «Қайсарға» Таңат Нөсербаев, Қайрат Әшірбеков, Әлішер Сүлей, Бауыржан Байтана, Тимур Досмағамбетов, Марк Гурман, Душан Савич (Македония) сынды футболшылар да қосылады деп күтілуде. Бұдан бөлек, бапкерлер алқасы Қазақстан Премьер-лигасында бұрын-соңды доп теппеген бірқатар легионерлерді де тексеріп көрмек.
Түркиядағы оқу-жаттығу жиынына аттанған «Қайсар» футболшылары:
Қақпашылар: Александр Григоренко, Марсель Исламқұлов, Нұрымжан Салайдин.
Қорғаушылар: Дмитрий Евстигнеев, Александр Марочкин, Ілияс Әмірсейтов, Абдель Азиз Ламанж (Франция), Иван Граф (Хорватия), Валентин Чуреев, Елжас Сарбай.
Жартылай қорғаушылар: Мақсат Байжанов, Валерий Коробкин, Думан Нәрзілдаев, Джон Банколе Камара (Сьерра-Льоне), Матиас Курьор (Мартиника), Джа Джедже (Франция), Айбол Жақаев.
Шабуылшылар: Тоқтар Жаңғылышбай, Милан Бойович (Сербия), Өркен Маxан.