Вернуться к списку статей

UEFA Ұлттар лигасы – 55 құрама 14 қоржынға жіктелді

Футбол
2K
Фото uefa.com сайтынан
Биыл алғаш рет ұйымдастырылатын UEFA Ұлттар лигасының жеребесі 24 қаңтар күні Лозаннада тартылады. Әзірше Еуропадағы 55 құрама бірнеше қоржынға бөлініп қойды.

«A» лигасы

Ұлттар лигасының ең жоғарғы тобында UEFA рейтингісінің алдыңғы легіндегі, деңгейлері жоғары 12 құрама додаға түседі. Олар төрт топқа үш командадан жіктеледі. Әзірше үш қоржынға жіктелді:

1-қоржын: Германия, Португалия, Бельгия, Испания;
2-қоржын: Франция, Англия, Швейцария, Италия;
3-қоржын: Польша, Исландия, Хорватия, Нидерланды.

Осы лигадағы төрт топтың жеңімпаздары 2019 жылдың маусым айында плей-офф жүйесімен додаға түсіп (жартылай финал, 3-орын үшін және финал), UEFA Ұлттар лигасының чемпионын анықтайды. Финалдық ойындардың қай елде өтетіндігі 2018 жылдың желтоқсан айында белгілі болады (плей-офф шыққан төрт құраманың бірінің алаңында).

Төрт топта соңғы орындарға табан тіреген құрамалар 2020 жылғы Ұлттар лигасы додасында «В» лигасында ойнайтын болады.


«B» лигасы

Деңгейі жағынан екінші топ болып есептелетін «В» лигасында UEFA рейтингісіндегі келесі 12 құрама (13-24 орындардағы) бақ сынайды. Олар да төрт топқа үш командадан бөлінеді. Әзірше үш қоржынға тең бөлінді:

1-қоржын: Австрия, Уэльс, Ресей, Словакия;
2-қоржын: Швеция, Украина, Ирландия, Босния және Герцеговина;
3-қоржын: Солтүстік Ирландия, Дания, Чехия, Түркия.

UEFA Атқару комитетінің шешімімен, жеребе тартылған кезде Украина және Ресей құрамаларының бір топқа түсуіне жол берілмейді (екі құрама міндетті түрде әр топқа ажыратылады).

Осы лиганың төрт тобында бірінші орынға ие болғандар «А» лигасына көтеріледі. Ал өз топтарында соңғы орынды қағат тұтқандар «С» лигасына түсіп қалады.


«C» лигасы

Ұлттар лигасының үшінші тобында, яғни «C» лигасында 15 құрама ойнайды. Олар – UEFA рейтингісінде 25-39 орындарға орналасқан құрамалар. Бұл лигадағы үш топта төрт құрамадан, ал біреуінде үш команда ғана болады. Яғни бір топта тек алғашқы үш қоржындағы командалар ойнайды.

1-қоржын: Венгрия, Румыния, Шотландия, Словения;
2-қоржын: Грекия, Сербия, Албания, Норвегия;
3-қоржын: Црна Гора, Израиль, Болгария, Финляндия;
4-қоржын: Кипр, Эстония, Литва.

Қыста ойын өткізудің қолайсыздығына байланысты Норвегия, Финляндия, Эстония, Литва құрамаларының тек екеуі ғана бір топта ойнауына қатаң көңіл бөлінеді.

Осы, яғни «С» лиганың төрт тобында бірінші орынға ие болғандар «В» лигасына көтеріледі. Ал өз топтарында соңғы орынды қағат тұтқандар «D» лигасына түсіп қалады.


«D» лигасы

UEFA Ұлттар лигасының төртінші «D» тобында Еуропадағы футбол қауымдастықтары одағының рейтингісінде 40-55 орындарға орналасқан 16 құрама ойнайды. Толығырақ мына сілтеме арқылы таныса аласыздар.

Тұздық:

Осы төрт лигадағы (A, B, C және D) 2020 жылғы Еуропа чемпионатының жолдамасына қол жеткізе алмаған, рейтингтері жоғары төрт құрамасы арасында, сонда барлығы 16 команда қосымша төрт лицензия сарапқа салынатын болады. Оған әлі толығырақ тоқталатын боламыз.


Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика