Вернуться к списку статей

Аймақтар ҚФФ Президенті қызметіне Әділбек Жақсыбековті ұсынып отыр

Футбол
1K
Фото kff.kz сайтынан
"Аймақтық федерацияның өкілдері ҚФФ президенті қызметіне Әділбек Жақсыбеков кандидатурасын ұсыну жөніндегі шешімді бірауыздан қолдап отыр", –  деп ақпарат таратты ҚФФ ресми сайты.

Қазақстан футбол федерациясының кеңсесінде Бас хатшы Азамат Айтқожин мен аймақтық футбол федерациялары өкілдерінің қатысуымен онлайн-конференция өтті. Жиынның басты мақсаты 10 ақпан күні Астанада болатын кезектен тыс Конференция мәселесін шешіп алу еді.

Жақында Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілда Байшақов қызметінен бас тартқан болатын. Аймақтық федерацияның өкілдері ҚФФ президенті қызметіне Әділбек Жақсыбеков кандидатурасын ұсыну жөнінде шешім қабылдап, оны бәрі бірауыздан қолдады.

«Әділбек Жақсыбеков бұған дейін де біздің елдің футбол федерациясын басқарды. Сол кезде Қазақ футболының дамуында, алға жылжуына нық қадам жасалды. Ұлттық құрама отандық жанкүйерлерді өз ойынымен қуантып, ел чемпионатының деңгейін көтеру арқылы біздің клубтар Еурокубок додасының негізгі кезеңіне шыға бастады. Еліміздің барлық өңірінде мыңдаған балалардың спорттың осы түрімен айналысуына мүмкіндік беретін футбол орталықтары ашылды. Сонымен қатар, бұқаралық футбол да кеңінен насихатталды. Қазақстан 2014 жылы УЕФА Конгресін қабылдап, әлемдік қауымдастыққа танымал болды. Әділбек Рыскелдіұлы басқаруымен отандық футбол әрі қарай даму жолын жалғастырады деп санаймыз», - деді аймақтық федерацияның өкілдері.

Кезектен тыс Конференцияда, 10 ақпан күні дауыс беру арқылы Қазақстан футбол федерациясының жаңа президенті сайланады.

ҚФФ

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика