Бірден айтайық, бұл екі команда жақында ғана (осыдан екі апта бұрын) кездескен. Өзара келісім бойынша, ХІХ турдың ойынын мерзімінен бұрын өткізген. Сонда «Астана» 2:0 есебімен әзер жеңген. 80 минут гол соға алмай, тек матч соңында екі доп салған. Бүгін сол жағдай тағы да қайталанды. «Қызыл-Жар» 79 минут төтеп беріп, «Астананы» әбігерге түсірді.
Иә, ел чемпионына «Қызыл-Жардың» қызыл балақ қырандарын жеңу бүгін де оңай болған жоқ. «Астана» 80 минуттай гол соға алмай, сергелдеңге түсті. Қаншама мүмкіндіктерін мүлт жіберіп, жанкүйерлерін жасытты. Екінші таймда қайсыбір ойыншыларын ауыстырып, шабуылын күшейтті.
Қонақтар «Астананың» толассыз шабуылдарына төтеп беріп, сауатты түрде қорғана білді. Әсіресе, қақпашысы Антон Цирин алаң иелерінің бірнеше қауіпті шабуылдарын тойтарып, қас шеберлік танытты. Десек те, матч соңында «Қызыл-Жар» футболшылары шаршаңқырап қалғандай да болды.
Бұл ойында да Марин Томасов елордалықтарды алға сүйрей білді. Хорватия футболшысы әуелі допты Джордже Деспотовичтің басына салып беріп, есепті ашуына тамаша мүмкіндік жасап берді. Көп ұзамай, өзі де гол соғып, матч тағдырын шешті. Бір пас, бір гол – тамаша көрсеткіш.
Ал «Астананың» басты бәсекелесі, яғни Алматының «Қайраты» Алатау бөктерінде «Ордабасы» клубын аса қиналмай ұтты. Ал Қостанайдың «Тобылы» түзде «Ертіспен» өткен тартысты ойынның соңғы секундтарында гол соғып, жеңісті жұлып әкетті.
«Қайсардың» қарқыны – адам қызығарлықтай. Тағы да ірі есеппен жеңіске жетті. Бұл жолы Қызылорда «қасқырлары» Қарағандының «Шахтеріне» азуын батырды. Оралда өткен Жайық дербиінде «Ақжайық» пен «Атырау» ұпай бөлісті. Ал «Ақтөбе» өз алаңында «Жетісудың» жанкешті жігіттерімен тең түсті.
«Астана» – «Қызыл-Жар» – 2:0 (0:0)
Голдар: Деспотович, 79. Томасов, 82.
«Қайрат» – «Ордабасы» – 2:0 (1:0)
Голдар: Исаэль, 18. Сильвейра, 70.
«Ертіс» – «Тобыл» – 0:1 (0:0)
Гол: Тұрысбек, 90+6.
«Ақжайық» – «Атырау» – 1:1 (0:1)
Голдар: Абдрахманов, 10 (0:1). Эсеола, 64 (1:1).
Алаңнан қуылды: Эсатов, 78 («Атырау»).
«Қайсар» – «Шахтер» – 3:0 (1:0)
Голдар: Курьор, 14. Джа Джедже, 80. Ламанж, 88.
«Ақтөбе» – «Жетісу» – 1:1 (1:0)
Голдар: Марьянович, 40 (1:0). Бойович, 48 (1:1).