«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, бәрі де «Қайраттың бас бапкері Карлос Алос Феррердің пікірінен басталды. Ол «Астана» мен «Тобыл» арасындағы матч аяқталған соң, Instagram-дағы өзінің жеке парақшасына «Біз не істей аламыз? Осыдан кейін мен лигада ойнайтын барлық командаларды құрметтеуді өтінемін. #Респект», – деп жазды.
Ертеңінде, отандық kazfootball.kz басылымында «Астана» футбол клубының спорттық директоры Александр Коночкиннің қысқа ғана сұхбаты жарық көрді. Онда ардагер футбол маманы Испания маманына Төрешілер комитетін басқаруға кеңес берді:
– Егер Карлос Алос Феррер мырза төрешілікті тым жақсы меңгерген болса, онда қызмет түрін ауыстырып, төрешілер комитетін басқарғаны дұрыс. Бәлкім, жаттықтырушы болғаннан гөрі, осы қолынан келер. Жалпы, мен әркім өз ісімен айналысуы керек деп ойлаймын. Біздің команданың ойындар күнтізбесі өте тығыз, бос сөзге уақыт жоғалтқым келмейді.
Дәл сол күні кешкісін kazfootball.kz басылымы А.Коночкиннің сөзіне жауап ретінде еліміздегі танымал футбол ардагері Михаил Гурманның сөздерін жариялады:
– Коночкин мырзаның сөздері қатты таңдандырды. Қазақстан футболында еңбек етіп жүргеніне бірнеше жыл болған адам, бірақ спорттық директор мәртебесіне сай келмейтін сөздер айтқан. Сенімді түрде айта аламын, Карлос – өз ісінің кәсіби маманы. Пікіріне құлақ түруге болады. Оның командасы премьер-лигада бірде-бір рет ұтылған жоқ. Әрі Қазақстан кубогын жеңіп алды. Егер де, бізде осылай шетелдік мамандарға тіл тигізіп, зәбірлеу жалғаса берсе, онда біздің чемпионат жетілу мен дамудан қалады.