Вернуться к списку статей

Қайрат Оразбеков – Какау Қазақстанға қайта оралады

Футбол
2K
Қайрат Оразбеков – Какау Қазақстанға қайта оралады
«Қайрат» футзал клубының президенті Қайрат Оразбеков неліктен бас бапкері Какауды алмастырғаны туралы айтып берді.

– Қайрат Айтмолдаұлы, жақында «Қайрат» футзал клубы және Қазақстан ұлттық құрамасы бас бапкерін алмастырды. Какаудың орнына отандасы Кака келді. Бұл өзгерістен не күтуге болады?

– Меніңше, мұның барлығы жақсылыққа. Бұл Қазақстан футзалының дамуына жаңа серпін беруі тиіс. Өйткені, қалай болған күнде де команда өзінің ойнау мәнерін, тактикасы мен мінезін ауыстырып отыруы қажет. Бір орында тұруға болмайды. Үнемі ізденісте болып, дами түскен дұрыс. Какау – әлбетте, мықты бапкер. Дегенмен, оған жабысып қалған да дұрыс емес. Біз әрдайым 4+1 жүйесімен ойнай бермейміз. Бұл тактикамызды бүкіл әлем жаттап алды. Біз стандартты футзалды да ойнап үйренуіміз керек. Өзіміздің артық тұсымызды одан әрі дамытып, кемшін тартып тұрған жерлерімізді түзеп отырған жөн. Сондықтан, бұл өзгеріс «Қайратқа» көп пайдасын әкеледі деп ойлаймын.

– Сонда Какаудың қойып кеткен ойынынан мүлдем бас тартамыз ба?

– Тағы қайталап айтамын, Какау – ұлы бапкер. Одан біз ешқашан бас тартпаймыз. Ол Қазақстанға қайта оралады. Екі жылдай басқа жақта жұмыс жасап қайтсын. Сосын білімін толықтырып, бұрынғыдан да мықты болып қайтып келеді. Еуропалық өмірді көрсін, сол жақтың футзалымен сусындасын. Бұл Какау үшін де жақсы мүмкіндік. Кетерінде Какауға «қош бол» емес, «көріскенше» деп айттық. Ол «Қайрат» пен ұлттық құрамамызды тек қатып қалған тактикамен емес, жүрекпен жаттықтырған жалғыз жаттықтырушы. Осы аралықта жай ғана жаттықтырушы емес, жақын досымызға айналды. Жалпы, ең мықты бапкерлер «Қайратта» жұмыс жасауы керек.

– Екеуі де бразилиялық екені түсінікті. Бірақ, Какау мен Каканың мінезінде айырмашылық бар ма?

– Олар әртүрлі. Бір-біріне қарама-қайшы тұлғалар. Какау жүрекпен жұмыс жасайды, эмоциясын өзінде ұстамайтын адам. Ол – футзалға жан-тәнімен берілген адам. Шәкірттерін жаттықтырушы сияқты емес, ойыншы секілді жаттықтырады. Сосын өте сезімтал адам. Ал Кака – ақылмен жұмыс жасайтын маман. Тактиканы жақсы қоя біледі, техниканы жетілдіре алады. Какау нағыз бразилиялық бапкер болса, Кака еуропалық көзқарастағы жаттықтырушы.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика