Матчтың басталуына бір сағаттай уақыт қалғанда, «Тобылдың» жанкүйерлері сүйікті командаларының негізгі құрамда алаңға шығатын ойыншылары тізімін көріп, ыршып түсті. Ішектерін іштеріне тартып, таң-тамаша болды. Тасқамал қақпашы Дмитро Непогодов қайда? Неге қақпаға бойы екі метр Украина голкипері тұрмайды?..
«Қазір Непогодов “Астанаға” тиесілі қақпашы, Қостанай клубына жалға берілген, өз командасына қарсы ойнауға құқы жоқ» деушілер де табылды. Спортта «қақпашы – жарты команда» деген аталы сөз бар. Ендеше, «Тобыл» бұл ойынға сол «жартысын» шығармады. Неге екен, ә?!
Сонымен ойын басталды. «Астана» «Тобылды» тықсырып, қалай шабуылдаса да, қонақтарының топсасы берік қорғанысын бұзып өте алмай қойды. Қостанай клубы сауатты түрде қорғанып, қапысын тауып, қарсы шабуыл ұйымдастырып отыруға тырысты.
Осылай, екі команда бір сағаттан астам уақыт табан тіресе арпалысты. Бірақ қарқындары күшті, жылдамдықтары өте жоғары болды деп айта алмаймыз. Шыны керек, аса қауіпті сәттер де көп болмады. Бәлкім, бұл екі команданың да қорғанысының топсасы беріктігінен де болар...
Алайда, екінші таймның ортасына қарай «Тобылдың» айып алаңы ішінде Марин Томасов пен Азат Нұрғалиев допқа таласып қалды. Азат қолымен тартып қалғандай болып еді, Марин жалп етіп құлады. Бас төреші қапталдағы көмекшісіне қарап, ақыры пенальти берді...
11 метрлік айып соққысын Патрик Твумаси мүлтіксіз орындады. Вячеслав Котляр доптың бағытына қарай секіргенімен, жете алмады. Алаң иелері есеп ашып, алға шықты. Әрі осы жеңісті есепті уыстарынан шығармауға тырысып, өте сақ ойнады. Қорғанысқа көп көңіл бөліп, доп жіберіп алмауды ойлады.
Ал «Тобыл» атойлап алға шауып, таразы басын теңестіруге тырысты. Владимир Никитенко жасыл алаңға Жасұлан Молдақараев пен Аслан Дарабаевты шығарып, алғы шебін күшейте түсті. Бірақ қонақтар алаң иелерінің қорғанысын бұзып өте алмай, қара терге түсті.
Уақыт болса, өтіп барады. Содан Джаба Канкава кемі 30 метрдей жерден допты қақпаға қарай шірене тартты. Ненад Эрич ышқына секіріп, оны алаң сыртына шығарып жіберді. Қысқасы, «Тобыл» қанша тырысса да, есепті теңестіре алмады. Қонақтардың шабуылшысы айып алаңы ішінде құлап қалса да, төреші пенальти бермеді...
«Астана – «Тобыл – 1:0 (0:0)
Гол: Твумаси, 67-пенальтиден.
Ескертулер: Кассай, 34. Зайнутдинов, 37. Нұрғалиев, 41. Дмитренко, 61. Нөсербаев, 66.
«Астана»: Эрич (к), Шомко, Аничич, Постников, Бейсебеков, Кляйнхайслер, Маевский, Твумаси (Щеткин, 90), Томасов, Зайнутдинов (Мұжықов, 58), Муртазаев (Деспотович, 70).
Қосалқы құрам: Мокин, Станоевич, Логвиненко, Перцух, Малый.
«Тобыл»: Котляр, Мирошниченко, Шиков, Кассай, Дмитренко, Жулпа, Кобин, Федин (Тұрысбек, 62), Канкава, Нұрғалиев (к) (Молдақараев, 71), Нөсербаев (Дарабаев, 69).
Қосалқы құрам: Бұсырманов, Шиндер, Әбілғазы, Жақыпов, Жарынбетов, Жұмасқалиев.
Төрешілер: Сариев (Орал), Дауанов (Алматы), Виноградов (Петропавл).
29 сәуір, 2018. Астана, «Астана Арена». 4000 көрермен.