Вернуться к списку статей

Германия 2024 жылғы Еуропа чемпионат өткізуге өтінім берді

Футбол
1K
Фото: dfb.de
Германия футбол одағының делегациясы UEFA штаб-пәтеріне барып, «EURO-2024» финалдық додасын өткізуге ресми түрде өтінім беріпті.

Бүгін, яғни сейсенбі күні, Германия футбол қауымдастығы өкілдері Ньондағы UEFA штаб-пәтеріне барып, 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық додасын өткізуге өтінім берген. ГФҚ президенті Райнхард Гриндель барлық қажетті құжаттарды UEFA бас хатшысы Теодор Теодоридиске тапсырған.

Неміс делегациясы сапында жоғарыда аталған Райнхард Гриндельден басқа, ГФҚ бас хатшысы Фридрих Куртиус, EURO-2024 додасын өткізу жөніндегі елшісі Филипп Лам және біріктіру (интеграция) жөніндегі елшісі Селия Шашич болған.

Негізі, Германияның 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық додасын өткізуге ниет білдіретіндігі 2017 жылы наурыз айында жарияланған. Ал бүгін ресми түрде өтініш өткізіп отыр. Жалпы, ресми түрде өтінім беру мерзімі – 27 сәуірге дейін ғана.

Германия футбол қауымдастығының өкілдері Еуропа чемпионатын жоғары деңгейде ұйымдастырып қана қоймай, құрлық біріншігінің UEFA құрамындағы басқа елдерге де пайдасы тиетіндей дәрежеде өткізетіндіктерін мәлімдеген. Тәжірибе алмасу жағын да ойластыратындықтарын көлденең тартқан.

Мәселен, біздің жанкүйерлерге жақсы таныс Филипп Лам «Мен ойыншы ретінде Германияда өткен 2006 жылғы Әлем чемпионатына қатыстым. EURO-2024 додасын тағы да солай, бәрін қамти алатын ынта-құлшыныс әсерінде ынтымақтастық рухын құра алатынымызға сенімдімін. Бізде тамаша стадиондар мен жетілдірілген инфрақұрылымдар бар. Еуропадағылардың бәрі үшін тамаша футбол мерекесі болады деп білемін», – деген.

UEFA алдағы апталарда өткізілген өтінімдерді саралап, бағалауды бастайды екен. Қандай да бір мәселелер болса, ниет білдіруші елдерге құжаттарын толықтыру немесе жетілдіре түсу керектігі талап етілетін көрінеді. 2018 жылдың қыркүйек айына дейін барлық өтінімдер бойынша жазбаша есептеме  дайындалып, баға беріледі.

Айтпақшы, осы аптада UEFA штаб-пәтеріне Түркия футбол федерациясының делегациясы келеді екен. Олар да «EURO-2024» финалдық додасын өткізуге ресми түрде өтінім беріп, барлық құжаттарын өткізетін көрінеді.

Ал 2024 жылғы Еуропа чемпионатының финалдық додасы қай елде өтетіндігі 27 қыркүйекте белгілі болады. Ньонда UEFA Атқару комитетінің басқосуы өтіп, онда дауыс беру арқылы «EURO-2024» қожайыны анықталады.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика