Алтыншы турдағы алты ойынның екеуінде алаң иелері басым түсіп, үшеуі тең аяқталды. Тек Шымкенте қонақтар, яғни «Астана» клубы жеңіске жетті. Осы үш жеңістің біреуі ірі есеппен аяқталды. Алматыда «Қайрат» Қызылорданың «Қайсарын» 4:1 есебімен күйрете жеңді.
Бұл турда бір пенальти болды. «Қызыл-Жар» – «Атырау» кездесуінде есеп 11-метрлік айып соққысынан ашылды. Пенальтиді Шота Григалашвили мүлтіксіз орындады. Ал «Тобыл» мен «Ақжайық» арасындағы матчың 33-минутында Еркебұлан Нұрғалиев екінші рет ескерту алып, алаңнан қуылды.
Алтыншы турдағы 17 голдың 10-ын өз футболшыларымыз соқты. Олардың төртеуі – қазақ (Нөсербаев, Тұңғышбаев, Кәкімов және Өміртаев). Легионерлер бұл жолы жеті-ақ доп салды. «Астананың» шабуылшысы Алексей Щеткин дубль жасады.
Мергендер тізімін төртінші турдан бері Бахтиер Зайнутдинов («Астана) бастап келеді. Бесінші турдан бері оның еншісінде – 4 доп. Алтыншы турдан кейін үш гол соққандар саны біршама артып, Антон Шиндер («Тобыл) және Братислав Пуношевац («Қызыл-Жар») екеуіне Асланбек Кәкімов («Ақтөбе»), Алексей Щеткин («Астана»), Исаэль («Қайрат»), Хабиб Эсеола («Ақжайық») және Андрей Аршавин («Қайрат») қосылды.
Алтыншы турдан кейін әлі ұтылмаған клубтар – «Астана» және «Қайрат». Ал әлі жеңіске жетіп көрмеген командалар – «Атырау» және «Қайрат». Ел чемпионаты басталғалы әлі тең түсіп көрмеген ұжым біреу-ақ, ол – «Ордабасы».