Вернуться к списку статей

«Ертіс» немесе «Қайсар» – қайсысының бапкері бірінші ауысады?

Футбол
1K
«Ертіс» немесе «Қайсар» – қайсысының бапкері бірінші ауысады?
Ел чемпионатының келесі турынан кейін Премьер-лиганың тағы екі клубы бас бапкерін ауыстыруы мүмкін. Бұлар «Ертіс» және «Қайсар». Қайсысы бірінші шешім қабылдар екен?

Алдымен «Ертісті» айтайық. Дәл қазір, яғни 6-шы турдан кейін павлодарлықтар 7 ұпаймен турнир кестесінде 8-ші орында тұр. Доп айырмашылығы – 6:11. Голдардың саны қоя берші, бірақ соңғы рет «Ертіс» мұндай күйге 2015 жылы түскен екен. Облыс басшылығының шыдамы мамырдың соңына дейін жетіп, ақыры ресейлік Дмитрий Черышевтің орнына Болгариядан Димитар Димитровты шақырды. Бұл кезде команда 10-шы орынға дейін түсіп кеткен еді. Қайта болгар бапкері азғана бюджетпен команданы 6-шы орынға дейін алып шықты. Содан бері «Ертісте» мамыражай кезең орнаған еді. Алайда, өткен жылы Димитров кеткелі павлодарлықтардан қайта маза кетті. Ғаламтор арқылы қызметке келген Херард Нус та «Ертісті» ойната алмай келеді. Кеше Талдықорғанда «Жетісуды» 1:0 есебімен ұтып жатып, соңғы 10 минутта қақпаларына екі гол жіберіп алды да, тағы да жеңілді. Содан кейін испан маманы қызметінен кетеді деген сыбыс та шықты. Тіпті, ғаламтор беттерінде оның орнына келетін келесі жаттықтырушының да есімі аталып жатты. Алғашқы кандидат Ресейдің ұлттық лигасындағы «Луч-Энергияны» жаттықтырып, жақында қызметінен босаған Александр Григорян көрінеді. Алайда, Ресей Бірінші лигасындағы команданы түлете алмаған маманнан қайыр күтудің қажеті жоқ та шығар. Ал Херард Нустың тағдыры келесі турда «Қайратқа» қарсы кездесуде шешілуі мүмкін. Бас бапкерді қабылдаған облыс басшылығы Нустың алдына қалайда алматылықтарды жеңу керектігі туралы тапсырма қойып отырған көрінеді. Әй, оңай болмайды-ау.

Енді «Қайсар» туралы. Жасырын емес, қазір қызылордалық жанкүйерлер Премьер-лиганың турнир кестесін төңкеріп тастап қызықтап жүр. Төңкергенде «Қайсар» бірінші орында. Күлетін нәрсе емес. Расымен де, команданың қазіргі халі өте қиын. Тіпті, Стойчо Младеновтің өзі не істерін білмей жатқандай әсер қалдырады. Мұны капитанын жиі ауыстыруынан-ақ байқауға болады. Кеше Мақсат Байжановтың негізгі құрамда шыққанына қарамастан «Қайратқа» қарсы футболшыларды Думан Нәрзілдаев бастап шықты. Жалпы, Байжанов пен Младеновтің қазіргі қарым-қатынасы өз алдына бөлек тақырып. Бір-біріне көңілі толмайтындай. Ал бас бапкер үшін футболшыларымен жақсы қарым-қатынаста болу өте маңызды. Сонымен не керек, «Қайсар» қазір соңғы орында. Мұндай жағдай «Қайсармен» Дмитрий Огайдың кезінде де болмаған. Ал келесі турды өз алаңында өткізгенімен шымкенттіктерге қарсы алаңға шығады. Соңғы рет қызылордалықтар «Ордабасыны» өз алаңында осыдан 10 ойын бұрын ұтқан екен. Жалпы, жанкүйерлердің болгар бапкеріне деген өкпесі қара қазандай. «Егер «Ертісті» жеңе алмасақ, өзім-ақ кетем» деген еді. Уәдесінде тұрған жоқ. Бірақ, уақыты жетіп қалған сияқты.

Сонымен, келесі бапкерлер алмасуы қай командада орын алар екен? Бәс тіге беріңіздер.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика