Вернуться к списку статей

«Қайраттың» Бірінші лигадағы легионері өз қақпасына гол соқты

Футбол
1K
Фото: fckairat.com
Бүгін «Қайрат А» және «Қыран» арасындағы кездесумен Бірінші лигадағы төртінші турдың ойындары түгелдей аяқталды.

«Қайраттың» жастары көш басындағы «Қыранды» Тимур Сегізбаев атындағы академияда қабылдаған. Алатау бөктеріндегі матчта бір сағат бойы есеп ашылмай, 61-минутта алматылықтардың капитаны һәм орталық қорғаушысы Әлібек Қасым есеп ашты. Алайда матч соңында алаң иелері босаңсып қалды ма, қонақтар екі гол соғып, жеңісті жұлып алды.

Әуелі Бірінші лиганың сұрмергені (4 гол) Абылайхан Махамбетов таразы басын теңестірді. Ал ойынның негізгі уақытына қосылған қосымша екінші минут басталғанда, Гана елінің орталық қорғаушысы Гидеон Баа өз қақпасына гол соғып алды. «Қайрат А» бес минуттың ішінде жеңістен айырылып қалып, «Қыран» Алматыдан үш ұпай олжалап қайтты.

«Оқжетпес» те «Қыран» секілді әлі ұпай жоғалтқан жоқ. Төртінші турда «Каспий» клубымен түзде кездесуі керек болған. Алайда бұл ойын Ақтауда емес, Шымкентте өтті. Бейтарап алаңда «Оқжетпестің» мерейі үстем болды. Әр таймда бір голдан соғып, төртінші рет өз қақпасына гол жіберген жоқ.

Төртінші тур да «Тараз» да жеңіске жетті. «Екібастұзбен» өткен ойында алты гол соғылды. Өздері голды екі есе көп соққандарымен, өз қақпаларынан екі мәрте доп қармады. Әрине, бұл қуанышты емес. Былтыр ғана премьер-лигада ойнаған клубтың қорғанысы арқаны кеңге салып жүргендей...

«Алтай» түзде «Мақтааралдың» қақпасына бір доп салып, Оңтүстік Қазақстан облысынан үш ұпай олжалады. Төрт ойынның жартысында ұтылып, екеуінде жеңіске жетті. Ал «Жетісудың» жастарының қарқыны жүдә жаман емес. «Ақтөбе» жастарының қақпасына 90-минутта гол соғып, үшінші рет жеңіске жетті.

«Байқоңыр» өз алаңында жеңіске жетіп, премьер-лигадағы ағаларына үлгі көрсетті. Бұл – қызылордалықтардың биылғы маусымдағы алғашқы жеңісі. Ендігі кезек – премьер-лигада көш соңында қалған, әлі жеңіске жетпеген «Қайсарда».

Ал «Шахтер-Болат» төртінші рет ұтылды. Бұл жолы бір ұпай еншілейтін тамаша мүмкіндіктері болған. Бірақ премьер-лигада бірнеше ойын өткізген тәжірибелі қорғаушысы Евгений Горячий пенальтиден мүлт кетіп, есепті теңестіре алмады...    

«Қайрат А» – «Қыран» – 1:2
Голдар: Қасым, 61 (1:0). Махамбетов, 87 (1:1). Баа, 90+2-автогол (1:2).

«Каспий» – «Оқжетпес» – 0:2
Голдар: Дайыров, 3. Куксин, 64.

«Тараз» – «Екібастұз» – 4:2
Голдар: Алекперзаде, 27 (0:1). Говедарица, 31 (1:1). Говедарица, 52 (2:1). Дудченко, 60 (3:1). Еркін, 77-пенальтиден (3:2). Тұрсынбай, 82 (4:2).

«Мақтаарал» –«Алтай» –  0:1
Гол: Шакин, 80.
Алаңнан қуылды: Абутов («М»), 86 (екінші ескерту)

«Жетісу Б» – «Ақтөбе-Жас» – 1:0
Гол: Орынбасар, 90.

«Байқоңыр» – «Шахтер-Болат» – 1:0
Гол: Балымбетов, 24.
Пенальти соға алмады: Горячий («ШБ»), 79.


Автор: Айқын Жаппар
Яндекс.Метрика