Вернуться к списку статей

Стадиондарыңның сиқы қандай, қазақ футболы?

Футбол
2K
Қостанайдағы
Қазақстан премьер-лигасында ойнайтын 12 клубтың стадиондарына қысқаша шолып шығып едік. Енді соны сіздердің назарларыңызға ұсынғанды жөн көріп отырмыз.

Суперкубок сарапқа салынған «Астана» – «Қайрат» ойынымен елімізде кезекті футбол маусымы өз шымылдығын түрді. Енді сары күзге дейін еліміздің 12 қаласы футболмен тыныстайтын болады. Ал сол клубтарымыз ойын өткізетін жасыл алаңдар мен стадиондардың жағадайы қаншалықты деңгейде? Ендеше, премьер-лига клубтарының стадиондарының қазіргі жай-күйіне назар аударып өтейік.

Павлодардағы «Орталық стадион» – «Ертістің» өз жеріндегі ойындарын өткізетін негізгі алаңы. Іргетасы 1947 жылы қаланған. Алғашқыда «Трактор» деп аталып келді. Сыйымдылығы – 11 828 адам. Шыны керек, алаңмен қоса жалпы стадионның қазіргі жағдайы – көңілге қонымды деңгейде. Себебі, әкімдіктің қолдауы арқасында жасанды алаң төселіп, УЕФА-ның екі жұлдызды сертификатын алып үлгерді. Сондықтан, пентакампиондар маусым соңына дейін өз алаңында еш қиындықсыз жанкүйерлеріне тамаша ойын көрсетуге тырыспақ. 

Қарағандыдағы «Шахтер» стадионының негізі 1958 жылы қаланған.  Алаңның жалпы көлемі – 14  гектар. 2001 жылы швейцариялық «Motomatic AG» компаниясы толықққанды жөндеу жұмыстарын жүргізгеннен кейін бүгінге дейін әлі ешқандай жөндеу жұмыстарын көрмеген. Сол кезде негізгі жасыл алаң мен қапталдағы орындықтардың бәрі жаңғыртылып, жеңіл атлеттерге арналған жаңа жүгіру алаңдары төселеген еді.   Сыйымдылығы – 19 000 адам.

«Қайрат» футбол клубы өз ойындарын өткізетін «Орталық» стадионның бүгінгі жай-күйі тамаша деп айта аламыз. 1958 жылы бой көтерген бұл құрылыс нысаны 23 804 адамға арналған. Еліміздегі бетке ұстар алаңдардың біріне баланатын табиғи жасыл алаң барлық халықаралық стандарттарға сай келеді. Бір сөзбен айтқанда, еш алаңдамай футбол тамашалуға таптырмас орын.

Шымкенттегі «Қажымұқан» атындағы стадион – сыйымдылығы бойынша елімізде «Астана Арена» мен Алматыдағы «Орталық» стадионнан кейінгі үшінші орында. Яғни, бір мезетте ойынды 20 000 жанкүйер тамашалай алады. Төсеніші табиғи жасыл алаң болғанымен, осы күнге дейін күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілмеген. Тек 2017 жылдың сәуір айында жарықтандыру мәселесінің шешілмеуіне байланысты, Қазақстан Кәсіпқой футбол лигасының талаптарына сай келмегеннен соң, «Ордабасы» маусымның жартысын Тассайдағы қосымша алаңда өткізуге мәжбүр болған-ды.

Қызылордадағы «Ғани Мұратбаев» атындағы стадион 1969 жылы бой көтерген. Сыйымдылығы – 6 800 адам. Кезекті жөндеуді 2010 жылы көрген стадиондағы алаңның сапасы қазір сын көтермейді. Жалпы 16 700 м2 құрайтын алаңмен қоса жанкүйерлере арналған орындықтарды да ауыстыру керек секілді...

Ақтөбенің «Қобыланды батыр» атындағы стадионы еліміздегі футбол жанкүйерлеріне қаншама керемет әсер мен тартысты ойын сыйлағаны анық. Еліміздегі ең таңдаулы стадиондардың бірі болып саналатын нысан 1978 жылы бой көтерген. Сыйымдылығы – 12 800 адам. Тура осыдан екі жыл бұрын жасыл алаңы толығымен ауыстырылды. Алайда, Еуро маусымның жақындап қалғанына байланысты бұл жұмыстар асығыс жүргізіліп, тыңыз-таяңдық жасыл алаңның сапасына да әсерін тигізбей қоған жоқ. Оған қоса бұл өңірдің ауа райы ерте көктемнен бастап доп тебуге мүмкіндік бермейді. Сол себептен, Ақтөбе көктем соңына дейін өз қарсыластарын негізгі алаңда емес, қосымша жасанды алаңда қабылдайды. Биыл тіпті Шымкентте қабылдап жүр...


Ақтөбедегі «Қобыланды батыр» атындағы стадион 

Талдықорғандағы «Жетісу» стадионы 1982 жылы салынған. Аталған көрсеткіш бойынша – еліміздегі ең соңғы салынған футбол алаңдарының бірі. Сыйымдылығы да көп емес, небәрі 5 550 адамған арналған. Алаңды жаңғырту және трубуналарды ауыстыру, жұмыстары соңғы рет 2005 жылы жүргізіліпті. Міне, содан бері әлі ешқандай жөндеу көрмеген. Футболшылар мен жанкүйерлердің жиі сынап жүрегені де осыдан болар. Алдағы уақытта жасыл желекті  ауыстыру күн тәртібіндегі ең бірінші мәселе болуы керек.

Ал Қостанайда 1964 жылы бой көтерген «Тобыл» футбол клубының стадионына жергілікті әкімдік тиісті деңгейде көңіл бөліп келеді. Мысалы, 2004 жылы неміс технологиясы бойынша жасыл алаң төселіп, автоматты суару жүйесі орнатылған болатын. Ал 2008 жылы УЕФА-ның барлық талаптарына сай келетін жарықтандыру жұмыстары жүргізілді. Одан бөлек, өткен жылы жергілікті әкімдік 900 млн. теңге бөліп кезекті күрделі жөндеу жұмыстарын жүргізді. Нәтижесінде, жасыл алаң қайта төселіп, киім ауыстыратын бөлмелер жөнделді. Әрі сыйымдылығы 8 мың адамнан, 9 500 адамға артты. Яғни, Владимир Никитенко баптайтын жігіттердің биыл жоғары нәтиже көрсетуіне бар жағдай жасалып отыр.

Мұнайлы өлке Атыраудағы «Мұнайшы» стадионы өткен ғасырдың дәл ортасында, яғни 1950 жылы пайдалануға берілген. Сыйымдылығы – 8690 адам. Бұл алаңға толық жөндеу жұмыстары тек 1999 жылы ғана жүргізіліпті. Сол уақыттан бері күрделі жөндеуге сұранып-ақ тұр. Тіпті, ел біріншілігінің ойындарын өткізуге бірнеше рет жарамсыз деп те танылғаны белгілі. Осыған дейін әкімдік шешімімен үш рет сатылымға шығарылғанымен әзірге ешкім спорт кешенді жекешелендіргісі келмеген. Ал «Атырау» футбол клубы биыл да ежелгі әдеті бойынша, маусымның басын қосалқы алаңы «Судоремонтникте» өткізіп,  соңын әбден тозығы жеткен «Мұнайшыда» аяқтайтын секілді.

Биыл премьер-лигада бақ сынайтын «Қызыл-Жар СК» клубының алаңында ешкімнің де добы қисық ұшпасы анық. Себебі, 1967 жылы тұрғызылған «Қарсай» стадионының жайы көңілдегідей. 11 мың адамға арналған нысанда күрделі жөндеу жұмыстары 2010 жылы жүргізілген екен. Ал 2017 жылдың ортасына қарай 36 млн. теңгеге жасанды алаң төселіп, жанкүйерлерге арналған секторлар мен киім ауыстыратын бөлмелер қайта жарақтандырылған болатын. Қазір бұл алаң УЕФА-ның барлық талаптарына сай келеді.

Бүгінде  елімізде іргісі ең ерте қаланған «Петр Атоян» атындағы стадионда «Ақжайық» футбол клубы өз алаңдағы ойындарын өткізіп келеді.  Оралдағы орталық стадион 1927 жылы бой көтерген. Сыйымдылығы – 8 320 адам. 2003 жылы толыққанды жаңғырту жұмыстары жасалмақ болып шешілген. Алайда, ұзақ уақыт өтпей жергілікті басшылық райынан бас тартып, жөндеу кейінге шегеріліпті. Міне, содан бері әлі назардан тыс қалып келеді. Шынында, алаңның бүгінгі жай-күйі көңіл көншітпейді. Табиға төсеніштің тозығы жетіп, жанкүйерлер отыратын орындықтар да жарамсыз болып қалған. Сондықтан, алдағы уақытта жергілікті билік өкілдері футбол нысанын жөндеуді қарастырса жөн болар еді.

Автор: Шамкен Байырбек
Яндекс.Метрика