«Ордабасы» бұл ойынды жоғары қарқында бастады. Шабуылды үдетіп, қонақтарын тықсыра түсуге тырысты. Бірақ «Астананың» айып алаңына кіре алмай, қара терге түсті. Сондықтан ненад Эрич қорғаған қақпаны алыстан нысанаға алуға тырысты.
Еурокубок додаларында небір азулы командалардың дүлей шабуыдарына төтеп барып жүрген «Астананың» құқайы бұл ғана емес еді. Олар асып-сасқан жоқ. Алаң иелерінің шабуылдарын тойтарып, қарсы шабуыл ұйымдастыруға көшті. Әрі алаң иелерінің алғашқы қарқындарына төтеп беріп, есеп ашты.
Роман Муртазаевтың сол қанаттан әуелете берген пасын қақпа алдында жалғыз қалған Алексей Щеткин басымен ұрып, тор ішінде тулатты. Бұдан кейін «Астана» көсіле шауып, бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырды. Бір-екі мүмкіндікті мүлт жіберіп алса да, көп ұзамай есепті еселеді.
Голды тағы да Алексей Щеткин соқты. Бұл жолы Марин Томасов аяғына салып берген допты қақпаға тоғытты. Қақпашы Жасур Нарзикулов бұл жолы да оған бөгет жасай алмай, қапы қалды. Сөйтіп, қонақтар екі доп айырмасымен алға шықты. Жергілікті көрермендердің көңіл-күйлері түсе бастады.
Мұны түсінген «Ордабасы» намысты қолдан бермеуге тырысып, алға қарай жүгірді. Бірінші таймның аяғында Еркебұлан Тұңғышбаев алыстан ышқына теуіп еді, Ненад Эрич өзіне тіке ұшып келе жатқан допты тойтара алмай, жаза басты. Өзі құлап, допты өткізіп алды. Қалай қолымен қайтара алмай, қателескені түсінікіз.
Екінші таймда есеп өзгерген жоқ. Әрине, «Ордабасы» таразы басын теңестіру үшін бар күш-жігерін салды, аянған жоқ. Бірақ чемпионның қорғанысын бұзып өте алмады. «Астана» да бірнеше мүмкіндікті мүлт жіберіп алды. Әсіресе, Алексей Щеткин ашық қалған қақпаның аддынан қиыс теуіп, хет-трик жасау мүмкіндігін мүлт жіберді.
«Астана» Шымкенттен үш ұпай олжалап, көшбасшылық мәртебесін сақтап қалды. Ал «Ордабасы» екінші рет қатарынан ұтылып (өткен турда Оралда ойсырай ұтылған), тағы бір саты төмен сырғыды. Сөйтіп, төрт турдан кейін екінші орында тұрған команда енді 3-орыннан да айырылып, 4-орынға табан тіреді.
«Ордабасы» – «Астана» – 1:2 (1:2)
Голдар: Щеткин, 29 (0:1). Щеткин, 38 (0:2). Тұңғышбаев, 44 (1:2).