«Ақжайық» биыл жанкештілік танытып жүр. Өз алаңында «Ертісті» етпетінен түсіріп, «Ордабасыны» ойсырата жеңген. «Астана» мен «Қайратқа» ғана есе жіберді. Бүгін «Тобылды» тобықтан шала жаздады. Төреші бір ойыншысын алаңнан қумағанда, ойынның қалай аяқталатының белгісіз еді.
Ал «Тобыл» биылғы маусымда әлі тең түспеген екі команданың бірі болатын. Бұған дейінгі бес ойында төрт рет бір доп айырмасымен жеңіске жетіп, өз алаңында «Шахтердан» ұтылып қалған. Бүгін де өз алаңында жеңілістің кермек дәмін тата жаздады.
Ойын басталған бетте қонақтар қымсынбай алға қарай ентелеумен болды. «Тобылдың» екінші орында тұрған азулы команда екеніне мән бермей, емін-еркін ойнады. Матчтың 8-минутында, бауырын жаза бастаған «Ақжайықтың» шабуылы кезінде төреші ойынды тоқтатты.
Себеп, Қостанай клубының шабуылшысы Антон Шиндер алаңның екінші жағында аяғын ұстап, отырып қалыпты. Жарақаты сыр берген. Содан «Тобыл» үш ойында үш гол соққан сұрмергенін ауыстыруға мәжбүр болды. Украина шабуылшысының орнына Жасұлан Молдақараев шықты.
Көп ұзамай қонақтар есеп ашты. Андрей Ткачук алаңның орта тұсынан допты оң қанаттағы Азат Ерсәлімовке асырды. Ерсәлімов қақпаның алдын торыуылдап жүрген Хабиб Эсеолаға көлбеулете пас беріп, бірнеше қорғаушыны қапы қалдырды. Ал Эсеола қақпаны дәл көздеді.
«Тобылдың» жанкүйерлері – аң-таң. Таң қалмай қайтсін, қорғанысы берік, қақпашысы тәжірибелі сүйікті командаларын Оралдың ойыншылары екі паспен-ақ сан соқтырып кетті. Ал «Ақжайық» айылын жияр емес. Қаймықпай шабуылды үдете түсті. Бір голға қанағаттанатын түрлері жоқ...
Алайда, матчтың 3-минутында көптеген жанкүйерлер түсінбей қалған жағдай жүзеге асты. Еркебұлан Нұрғалиев сол қапталмен алға қарай өтіп кетпек болып... құлады. Ал төреші оған қызыл қағаз беріп (дәлірек айтқанда, екінші рет ескерту жасап), алаңнан қуды. «Тобылдың» ойыншысының аяғын басып кеткені үшін бе, әлде «өтірік құлай салдың» деді ме, түсінбей де қалдық...
Сонымен не керек, астаналық төреші Тимур Қумашев «алаңда екі Нұрғалиев болмауы керек» деді ме, әйтеуір Еркебұланды ойыннан аластатты. Ал Азат «Тобылды» алға сүйреумен болды. Ал «Ақжайықтың» бас бапкері, Украина маманы Владимир Мазяр тактикасын өзгертіп, жанкешті жігіттерінің бірі Иван Антиповты алмастыруға мәжбүр болды. Қорғанысын күшейту мақсатында алаңға Бауыржан Омаровты шығарды.
Ойынның бірінші жартысы осылай аяқталды. «Тобыл» екінші таймда қонақтарын қыспаққа ала түсті. «Ақжайық» тек қарсы шабуылдарға иек артты. Бірақ алаң иелері алғы шепте жалғыз қалған Хабиб Эсеоланы қаумалап, алға қарай өткізбей қойды. Орал шабуылшысы бірнеше рет жасыл желек үстінде аунап та тұрды...
Көп ұзамай, Владимир Никитенко алаңға Таңат Нөсербаевты шығарды. Содан «Тобылдың» шабуылы ширап, қарқыны күшейді. Азат пен Таңат алаңда бірін-бірі жақсы түсінетіндіктерін көрсетіп, қауіп бұлтын төндіре түсті. Әрі Нұрғалиевтің баспен берген пасынан соң Нөсербаев гол соғып, таразы басын теңестірді.
«Тобыл» бұдан кейін де қонақтарын тықсыра түсті. Бірақ «Ақжайықтың» жігіттері қайсарлық танытып, сауатты түрде қорғана білді. Мазяр шаршаңқырап қалған Эсеоланың орнына Малик Манені шығарып, оралдықтар қарсы шабуыл ұйымдастырып та көрді. Бірақ есеп өзгерген жоқ. Тең ойын...
«Тобыл» – «Ақжайық» – 1:1 (0:1)
Голдар: Эсеола, 12 (0:1). Нөсербаев, 70 (1:1).
Алаңнан қуылды: Е.Нұрғалиев, 33.