Соңғы жылдары «Рубин» клубы Ресей футболының азулы ұжымына айналды. Ресей чемпионатында екі мәрте топ жарып, алтынмен апталды. Ресейдің екі дүркін қола жүлдегері атанып, Ресей суперкубогының екі мәрте жеңіп алды. Қазан клубының материалдық-техникалық базасы мен балалар академиясына қызығатындар өте көп.
Қазан клубының жоғары жетістіктеге қол жеткізуіне, сөз жоқ, Құрбан Бердыевтың қосқан үлесі – телегей-теңіз. Құрбан-ағаны Қазақ елі жанкүйерлері «біздің отандасымыз» деп те айтып, мақтан тұтады. Бердыев 1977 жылы және 1981-85 жылдары қазақтың «Қайратының» сапында ойнады.
Құрбан-аға бапкерлік мансабын да 1986 жылы қазақ топырағында бастады. «Химик» (Жамбыл), «Қайрат» (Алматы), «Мұнайшы» (Ақтау) клубтарын жаттықтырды. 2001 жылдан бастап «Рубинді» өрге сүйреп жүр (арасында төрт жыл «Ростовты» да ерен жетістіктерге жетеледі).
«Рубин» клубы алпыс жылдық мерейтойына орай «60» санын клубқа еңбектері сіңген футболшылар мен бапкерлердің есімдерімен (тектерімен) өріп шығыпты. Бауырлас ел екеніміз осыдан да сезіліп тұр. Қазан клубының тарихына өшпес із қалдырған тұлғалар арасында қазақ футболына ерен еңбек сіңірген да футблшылар мен жаттықтырушылар да жүр.
Осы ретте Құрбан Бердыев, Павел Черепанов, Виталий Кафанов, Игорь Волчок, Владимир Байрамов, Алексей Попов және т.б. тарланбоздар жүр. Бұлардың ішінде тек Алексей Попов қазақ жерінде доп теуіп, еңбек еткен жоқ. Әйтсе де, біздің елдің азаматтығын алып, 2010 жылы Қазақстан ұлттық құрамасының сапында төрт ойын өткізген.
Той тойға ұлассын, қазандықтар! Мерейтой құтты болсын, «Рубин»! Қазақ жанкүйерлері Еурокубок додаларында Татарстан клубына тілеулес жанкүйер болып, түн ұйқысын төрт бөледі. Жеңіс көп болсын!