Вернуться к списку статей

«Қайсар» мен «Атырау» бар ашуларын кубок додасынан алды

Футбол
1K
«Қайсар» – «Ақтөбе» – 2:0. Фото: fc-aktobe.kz
Биылғы Қазақстан кубогының 1/8-финалында кездескен төмендегі төрт команда бұл додаға жауапкершілікпен және құрметпен қарайтын ұжымдар еді...

«Қайсар» «Ақтөбенің» қақпасына екі гол соқты

Кейбір клубтар Қазақстан кубогы додасына аса мән бермейді. Бар күш-жігерлерін ел чемпионаты мен Еурокубок додаларына салады. Ал қайсыбір клубтарымызға кубок додасы керек-ақ. Себебі Еуропа лигасында ойнау құқығына осы дода (Қазақстан кубогы) арқылы қол жеткізуге болады. Сондай командалардың қатарына төмендегі төрт ұжымды жатқызуға болады...

Қызылорданың «Қайсары» ел чемпионатының алғашқы бес турында бір-ақ гол соққан команда еді. Былайша айтқанда, Қазақстан премьер-лигасында ең аз гол соққан ұжым болатын. Ал бүгін шежіресі мол «Ақтөбенің қақпасына екі доп салды.

Кім біледі, бәлкім, «Қайсардың» ойыны енді жүріп, гол соғуды енді бастайтын болар. Сәтсіздіктерінің тамырына бүгін балта шабылса, таң қалмаймыз. Өйткені, әлеуеті зор бұл ұжымға азулы командалардың бірін жеңіп, бір серпілу қажет еді...

Негізі, «Қайсар» өзге командалар сияқты ел кубогы аясындағы матчты алалап, алаңға қосалқы құрамдағы ойыншыларын шығарған жоқ. Тек қақпаға Марсель Исламқұловты қойды демесек, бүгінгі ойында негізгі құрамдағы жігіттеріне сенім артты.

«Қайсар» бірінші таймда екі гол соғып алды да, екінші таймда өз қақпасына гол жіберіп алмауды және жеңісті уысынан шығармауды ойлады. Ал «Ақтөбе» таң қалдырды, өрнекті ойын үлгісін көрсете алмады. Себебін түсіне алмадық. Әрі бірлі-жарым мүмкіндіктерін мүлт жіберіп алды...  

«Қайсар» – «Ақтөбе» – 2:0

Голдар: Коробкин, 14. Жаңғылышбай, 33.

Ескертулер: Валиуллин, 20. Байжанов, 27. Әмірсейітов, 71. Марочкин, 83. Милишевич, 90.

«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Марочкин, Коробкин, Нарзілдаев (к) (Камара, 76), Курьор (Аржанов, 65), Вере, Байжанов (Гурман, 68), Жаңғылышбай.

Қосалқы құрам: Григоренко, Джа Джедже, Аркин, Евстигнеев, Тәжімбетов, Балтаев.

«Ақтөбе»: Трофимец, Қайыров, Жұмағали, Радин, Симчевич (к), Сәулет (Кәкімов, 38), Валиуллин, Юрин (Рейнальдо, 70), Марьянович (Пиззелли, 46), Милишевич, Морис.

Қосалқы құрам: Нурмухаметов, Шурыгин, Фабрисио, Сапарғалиев, Волков.

Төрешілер: Гороховодацкий, Жаспенов, Павлов (бәрі де – Алматы).

18 сәуір, 2018. Қызылорда, Мұратбаев атындағы стадионның қосалқы алаңы. 2500 көрермен.


Жайық дербиі және пенальти

Ақсудағы «Қарашығанақ» стадионында «Ертісті» сүріндіріп, «Ордабасы» клубын ойсырата ұтқан «Ақжайық» бүгін «Атырауға» есе жіберіп алды. Негізі, дес бермей, тайталасып бақты-ақ. Бірақ матч тағдырын 66-минуттағы пенальти шешті.

«Ақжайықтың» бас бапкері Владимир Мазяр өз жігіттеріне титтей де өкпе арта алмайтындығын бас айтып, ойын тағдырын жалғыз пенальти шешкеніне қынжылады. Осы ретте, Украина маманының кейбір футболшыларын алаңға шығармай, басқа ойыншыларына мүмкіндік бергендігін де айта кеткіміз келеді.

Ел чемпионатында әлі жеңіске жетпеген, сүреңсіз ойындарымен жанкүйерлерін жасытқан «Атырау» болса, бүгін бірінші рет ресми ойында жеңіске жетті. Молдовадан келген жаңа бас бапкері Андриан Сосновскийдің бағы жанды. Бүгінгі жеңістері кездейсоқ нәтиже ме, жоқ па? Оны Қазақстан премьер-лигасындағы ойындарынан көреміз.

«Ақжайық» – «Атырау» – 0:1 (0:0)

Гол: Максимович, 66-пенальтиден.

Ескертулер: Аблитаров, 27. Тапалов, 65. Сапанов, 71. Чичулин, 74.

«Ақжайық»: Боровик, Шайыхов, Сапанов (к), Ткачук, Ерсәлімов, Покатилов, Худобяк (Сәкенов, 83), Хайыров, Тапалов, Омаров (Болатов, 90+1), Мане (Оралбай, 80).

Резерв: Ткачук, Басов, Эсеола, Сапарбекұлы.

«Атырау»: Пасеченко, Чичулин, Аслан, Аблитаров, Живкович (Қалмұратов, 67), Максимович, Нейн, Сергиенко, Нұрыбеков (Жұматов, 52), Хайруллин (к), Сикимич (Зенькович, 82).

Қосалқы құрам: Логиновский, Абдрахманов, Алиев, Қайыраллиев, Эсатов, Аденидже.

Төрешілер: Абданбаев (Тараз), Шабанов (Алматы), Тихонюк (Ақтөбе).

18 сәуір, 2018. Ақсай, «Қарашығанақ». 1000 көрермен.

Автор: Әлихан Жаппар
Яндекс.Метрика