«Қайрат» пен «Оқжетпес» – сегіз гол, екі пенальти
«Қайрат» та премьер-лигадағы қайсыбір клубтарымыз секілді Қазақстан кубогындағы алғашқы қарсыласын көп күш жұмсамай, «ұрып» алуды ойлады. Көкшетауға тіпті бірде-бір легионерін жіберген жоқ. Бас бапкері де барған жоқ. Өрімдей жастарына биыл алаңға көп шықпай жүрген Плотников, Жуков және Ахметовті, содан соң Исламханды қосып, додаға түсті.
Ойынның басында төреші пенальти беріп, оны Бауыржан Исламхан мүлтіксіз орындады. Матчтың 20-минутында қонақтардың шабуылшысы Вячеслав Швырев тағы бір гол соғып еді, қапталдағы төреші «офсайд» болды деп, оны есепке алмады.
Көп ұзамай алаң иелері таразы басын теңестірді. Артём Касьянов пәрменді соққысымен қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді. Екінші таймның басында Казбек Гетериев қас шеберлік танытып, қонақтардың қорғаушыларын да, қақпашысын да қапы қалдырды. Сөйтіп, «Оқжетпес» алға шықты.
Алайда алаң иелерінің қуаныштары ұзаққа созылмады. «Қайрат» есепті теңестірді. Акмаль Бахтияров допты әуелете алға асырып, Магомед Парагульгов оны басымен ұрып, қақпаға дөп түсірді. Ойын одан әрі қызып, екі команда табан тіресе додаға түсті.
Қонақтардың шабуылдарының бірінде шымкенттік төреші Жандос Әбжан «Оқжетпестің» қақпасына тағы бір пенальти берді. Бауыржан Исламхан бұл жолы да 11 метрлік айып соққысын өте сенімді орындап, қақпашы Ярослав Багинскийден айласын асырды. Ешқандай мүмкіндік берген жоқ.
Алаң иелері ұтылып жатса да, айылдарын жимады. Тайталасып бақты. Әрі екінші рет есепті теңестіріп, жергілікті жанкүйерлерін қуантты. «Оқжетпес» айып соққысын орындап, қақпа алдындағы қарбалас сәтте Ренат Абдулин қақпашы тойтарған допты қайыра теуіп, гол соқты.
Өте шиеленісті өткен матчтың шешуші және жауапты сәтінде Бауыржан Исламхан ойын тізгінін өз қолына алып, «Оқжетпестің» қорғаушыларын жаңылдырды. Доп шиіре теуіп, қақпа торын алыстан бүлк еткізіп, әдемі гол соқты. Капитан нағыз сын сағатында командасын алға сүйреді.
Матч соңында таразы басын тағы да теңестіруге «Оқжетпестің» күш-жігері жетпеді. Бауыржанның соңғы голы өзектерін өртеп, еңселері түсіп кетті. Алаң иелері осылай өкініштерін баса алмай жүргенде, қонақтар тағы бір гол соғып, жеңіске жетті.
«Оқжетпес» – «Қайрат» – 3:5 (1:1)
Голдар: Исламхан, 5-пенальтиден (0:1). Касьянов, 36 (1:1). Гетериев, 49 (2:1). Парагульгов, 55 (2:2). Исламхан, 65-пенальтиден (2:3). Абдулин, 69 (3:3). Исламхан, 70 (3:4). Швырев, 90+4 (3:5).
Ескертулер: Парагульгов, 35. Қасым, 73. Гошкодеря, 85. Оразов, 87.
«Оқжетпес»: Багинский, Дайыров, Абдулин (к), Гошкодеря, Куксин, Касьянов, Түлиев, Жагоров, Жақсылық (Қолмоңбетов, 82), Гетериев (Лебедев, 71), Сақалбаев (Бөлешев, 65).
Қосалқы құрам: Грошев Владимир, Горда Владимир, Идрисов Нияз, Зябко Виктор, Доскалиев Асет, Кожабай Акежан,
«Қайрат»: Плотников, Ахметов (Қасым, 70), Әліп, Әбікен, Соколенко, Жуков (Оразов, 47), Вороговский (Кейлер, 78), Исламхан (к), Парагульгов, Бахтияров, Швырев.
Қосалқы құрам: Караваев, Сәрсенов, Джарлаев.
Төрешілер: Әбжан (Шымкент), Мыңбаев (Қаратау), Әбдікеров (Қызылорда).
18 сәуір, 2018. Көкшетау, «Оқжетпес». 2500 көрермен.
Теміртаудағы «Шахтер» мен «Қызыл-Жар» арасындағы ойын да тартысты өтті. Екі команда да басында жартылай қосалқы құрамдарын шығарған еді. бірақ екінші таймнан бастап алаңға ең үздік ойыншылары мен легионерлерін шығарып, доп додасы қыза түсті.
Ойынның негізгі уақытында гол соғылмағандықтан, яғни есеп тең болғандықтан, қосымша екі экстра-таймға жүгінуге тура келді. Алайда онда да есеп ашылмады. Сөйтіп 120 минутқа, екі сағатқа созылған матчта екі команда бірін-бірі ала алмады.
Енді тек пенальтиге жүгінуге тура келді. Себебі Қазақстан кубогының 1/8-финалы тек бір-ақ матчтан тұрады. Пенальти сериясында «Шахтердің» қақпашысы Абылайхан Дүйсен бапкерлерінің сенімін ақтады. Ол Божко Супичтің соққысын тойтарып, Ильдар Аитовтың тепкен добын ұстап алды.
«Шахтер» – «Қызыл-Жар» – 0:0 (пенальтиден – 7:6)
Ескертулер: Попхадзе, 59. Делич, 90+1. Пасичник, 108.
Алаңнан қуылды: Попхадзе, 120 (екінші ескерту).
«Шахтёр»: Дүйсен, Габышев (к), Ткачук, Пасичник, Мангуткин, Наджарян, Жақыпбаев (Стоянович, 119), Галкин, Путинцев, Шафф (Суботич, 69), Өміртаев (Тәттібаев, 76).
Қосалқы құрам: Цуприков, Мужек, Володько, Күлбеков, Әлімбаев, Шахметов.
«Қызыл-Жар»: Цирин, Аитов, Султанов, Попхадзе, Гунченко, Делич (Мулдаров, 91), Коронель, Жанұзақов, Макаев (Мульдинов, 68), Ступич (к), Савченко (Пуношевац, 68).
Қосалқы құрам: Зәкіров, Алтаев, Шабаев, Аяғанов, Алиев.
Төрешілер: Сұлтанғалиев (Атырау), Құсайынов, Попов (екеуі де – Астана).
18 сәуір, 2018. Теміртау, «Металлург». 800 көрермен.