Вернуться к списку статей

Чума АНЕНЕ – Жерар Гоу кеткелі "Қайратта" көп нәрсе өзгерді

Футбол
1K
Чума АНЕНЕ – Жерар Гоу кеткелі
Осы маусымның алғашқы алты ойынын қосқанда алаңда небәрі 41 минут ойнаған Чума Аненемен «Астанамен» болған кездесуден кейін аз-кем сұхбаттасып, командадағы жағдайын сұраған едік.

Өткен жылдың соңында «Қайраттан» басты сұрмергені Жерар Гоу кеткеннен кейін биыл алматылықтардың негізгі шабуылшысы Чума Анене болады деп күткендер көп болған. Алайда, Уругвайдан Уго Сильвейра келгелі норвегиялық легионер қайта қосалқы құрамда қалып қойды.

– «Астанаға» қарсы 20-ақ минут алаңға шықтым. Әлбетте, бұған көңілім толмайды. Өзіңді көрсету үшін бұл уақыт жеткіліксіз. Дегенмен, команда үшін матч жаман өрбіген жоқ. Соңына таман жеңісті жұлып алатын да мүмкіндігіміз болды. Алаңға шығарып жатқанда Карлос Алос маған алғы шепте жанкештірек болуымды талап етіп, қорғаушыларға үнемі қысым көрсетіп отыруымды сұрады, - деп бастады Чума.

– Өткен жылдың соңында командадан Жерар Гоу кеткеннен кейін сізге үлкен үміт артылған. Алайда, Уго Сильвейра келгелі қайта көлеңкеде қалып қойдыңыз. 90 минут ойнау үшін не істеу керексіз?

– Мен жақында ғана жарақатымнан айықтым. Алайда, қазір толық бабымдамын. Сондықтан, алаңды көбірек ойнағым келеді. Бәлкім, бас бапкердің өз ойлағаны бар шығар. Бірақ, алаңға шығарып жатса, командамды жеңіске жеткізу үшін барымды саламын.

– Ендеше Гоу кетіп, Сильвейра келгелі «Қайраттың» шабуыл шебінде не өзгерді?

– Жерар Гоу – «Қайрат» тарихындағы ең үздік сұрмерген. Жанкүйерлердің сүйіспеншілігіне бөленген шабуылшы. Одан үйренгенім өте көп. Алайда, қазір бәрі өзгерді. Фанаттар да бұл өзгерісті дұрыс түсінулері керек. Жақсы болсын деп жасалып жатқан өзгерістер. Мен Жаратқанға және өзіме сенемін. Және де, жанкүйерлердің қолдауы арқасында «Қайратты» жеңіске жетелеймін деп ойлаймын.

– Сіздің келісімшартыңыз осы маусымның соңына дейін. «Қайратта» қалғыңыз келе ме, әлде басқа клубтарға ауысуды жоспарлап отырсыз ба?

– Алда не боларын білмеймін. Оны уақыты жеткенде көре жатармыз. Ал менің дәл қазіргі мақсатым – «Қайратпен» бірге Қазақстан чемпионы атану.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика