«Ақтөбе» өз алаңындағы ойындарын әзірше Шымкентте өткізіп жүр. Үшінші турда «Қайратпен» тең түсіп еді, бесінші турда «Тобылдан» ұтылып қалды. Сөйтіп, негізгі құрамы үш ойыннан бір ғана ұпай олжалап, бастапқы екі турда үш ұпай олжалаған қосалқы құрамының алдында ұятты болып жүр...
Жалқы гол ойынның басында соғылды. Артурас Жулпа, Азат Нұрғалиев және Антон Шиндер үшеуі ұйымдастарған шабуыл өте сәтті аяқталды. Алғашқы екеуі допты дер кезінде бере қойып, соңғысы ашық қалған қақпаны дәл көздеді. Екі көзі Азаттың аяғында болған, Рамиль Нурмухаметов (қақпашы) допқа жете алмай, ерте құлады...
Бұдан кейін «Тобыл» допты «Ақтөбеге» беріп қойып, сауатты түрде қорғанумен болды. Реті келсе, қарсы шабыл ұйымдастырып отыруға тырысты. Қостанай клубының ойыншылары аянбай, ақтөбеліктерден бұрын қимылдап, адымдарын аштырмады.
«Ақтөбенің» бірінші таймда гол соғатын мүмкіндігі де болған жоқ. Бас бапкері Владимир Муханов матчтың екінші жартысында ойын өрнегіне өзгеріс енгізген болды. Бірақ ақтөбеліктер гол соға алмай, пұшаймен болды. Тамаша бір-екі мүмкіндігі болған, алайда сенім артқан легионерлерінің өздері мүлт кетті...
Сөйтіп, қорғанысқа иек артқан «Тобыл» жеңіске жетіп, үш ұпай олжалады. Бұл – Қостанай клубының түздегі үшінші жеңісі. Бір қызығы, Владимир Никитенконың шәкірттері сырт алаңда әлі ұпай жоғалтқан жоқ. Тек өз алаңында «Шахтерге» есе жіберіп алған.
«Ақтөбе» – «Тобыл» – 0:1 (0:1)
Гол: Шиндер, 6.