Чемпиондықтан басты үміткерлердің бұл биылдыққа екінші кездесуі. Бұған дейін Суперкубокта кездесіп, елордалықтар 3:0 есебімен ірі жеңіске жеткен.
– Бізге қарағанда «Астана» маусымға дайындықты ерте бастады. Дегенмен, олардың да шаршайтын уақыты келеді. Ол кезде біз бабымызда боламыз, - деген болатын сол кезде алматылықтардың бас бапкері Карлос Алос Феррер.
«Астана» – «Қайрат» (Алматы) 1:1 (0:0)
Голдар: Зайнутдинов, 52 (1:0). Аршавин, 71 (1:1).
Ескертулер: Уго 40, Сүйімбаев 60, Қуат 72, Зайнутдинов 74, Шомко 88, Томасов (ойыннан кейін), Кляйнхайслер (ойыннан кейін), Аршавин (ойыннан кейін), Әбікен (ойыннан кейін).
«Астана»: Эрич, Аничич, Кляйнхайслер, Маевский, Твумаси, Томасов, Шомко, Бейсебеков, Постников, Зайнутдинов (Станоевич 87), Муртазаев (Щеткин 63).
Резерв: Мокин, Деспотович, Логвиненко, Мужиков, Перцух, Малый, Прокопенко.
«Қайрат»: Покатилов, Исаэл, Бато, Элек, Хуан Фелипе, Уго (Анене 71), Лунин, Сүйімбаев, Вороговский, Исламхан (к) (Аршавин 63.), Қуат.
Резерв: Плотников, Иличевич, Парагульгов, Ахметов, Жуков, Әбікен, Әліп.
Төрешілер: Артем Кучин (Қарағанды), Сергей Калачев (Атырау), Евгений Филипчук (Шымкент). Қосалқы төрешілер: Бақыт Қызылбаев (Ақтөбе), Сәкен Байымбет (Тараз)
Астана қаласы, «Астана Арена» стадионы. 12 000 көрермен.
Расымен де, «Қайраттың» бабына келе жатқанын байқадық. Рас, алаң иелерінен мықты болған жоқ. Қанша дегенмен, Григорий Бабаян шәкірттері ойынды өз бақылауларынан шығармады. Тізгінді шамаларынша уыстарында ұстауға тырысты. Әсіресе бірінші таймда елордалықтардың қауіпті шабуылдары көп болды. Ал үзілістен ойын ақырындап теңесе бастады. Қонақтардың да өздеріне деген сенімділіктері артып, допты барынша бақылауларында ұстауға тырысты. Бірінші минуттан бастап алаңға шыққан Бауыржан Исламхан да алаң ортасына иелік жасағысы келіп, екі-үш ойыншыға қарсы қаймықпастан жалғыз өзі барып жатты. Жалпы, байқағанымыз, «Қайрат» ойыншылары допты өздерінде көбірек ұстайды екен. Бірден пас бере салмайды. Допты қабылдаған соң міндетті түрде бес-алты қадам жасауы керек немесе кемі ойыншымен алдасуы қажет. Әйтпесе, пас бермейді. Сондықтан шығар, ойыны баяу көрініп те жатты. Ал «Астананың» қарымта шабуыл жасауы әп-сәтте. Екі-үш паспен-ақ қорғаныстан шабуылға өтіп кетіп жатады. Сондай сәттердің бірінде Марин Томасов есепті ашып кете жаздады. Дмитрий Шомконың әуелете асырған пасынан кейін Гафуржан Сүйімбаевтан сытылып қашып кеткен хорват футболшысы допты қақпашы Покатиловтың бойынан асырып жібере салған. Алайда, қателігін дер кезінде түзеген Гафуржан қақпаға еш кедергісіз кіріп бара жатқан допты қайтарып үлгерді. Дәл сондай қауіпті сәт үш минуттан кейін «Астана» қорғаушыларының да басына туған. Исаэлден пас алған Уго Сильвейра допты бір аяғымен тоқтатты да, екіншісімен қақпаға тепкен. Алайда, соққысы жойқын болмады. Допты Эричтің қолтығының астынан өтіп, қақпаға кіріп бара жатқан жерінен Дмитрий Шомко қайтарды.
Иә, голдың ауылы жақындап келе жатқан еді. Ерте ме, кеш пе, әйтеуір бір гол соғылуы тиіс болатын. Бірақ, қайсысы есеп ашары белгісіз болып жатты. Кенет, тағы бір жылдам шабуыл ұйымдастырған алаң иелері таразы басын өз жағына қарай аударып жіберді. Допты Бақтияр Зайнутдинов қарсыласынан тартып алып, Патрик Твумасидің алдына тастаған. Ганалық легионер ала допты Томасовтың басына жеткізді. Хорват баспен ұрған. Бірақ доп қалқып барып ауада «қатып қалған» еді, қалқып тұрған допқы Зайнутдинов кезіндегі Хенрик Ларссонның мәнерінде секіріп, баспен қадады. Есеп – 1:0.
Дегенмен, алматылықтар ұтылғысы келген жоқ. Онсыз да мұның алдында «Астанадан» ойсырай жеңілгені бар, оның үстіне, тағы жеңілер болса, онда турнир кестесіндегі жағдайы қиындап кетеді. Бір жағынан матчты трибунадан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері Станимир Стойловтың тамашалап отырғаны бар. Бәрі де намысқа тырысты. Бірақ, голды соғып, таразы басын теңестірген Андрей Аршавин. Бауыржан Исламханның орнына алаңға шыққан ресейлік легионер Исламбек Қуаттың соққысын жарты жолдан тосып алды да, екі қорғаушының ортасында қалғанына қарамастан Эричтің қақпасынан саңылау тауып үлгерді.
Бұл матчтың 71-ші минуты болатын. Қалған 20 минутта екі команда да гол соға алмады. Ал ойын соңында жүйкелері сыр берген футболшылар бір-біріне жұдырық сермесіп қалды. Шамасы, Андрей Аршавин мен Марин Томасов бірнәрсе бөлісе алмай қалды-ау деймін. Ерегесіп кетті. Қосалқы құрамнан алаңға жүгіріп шыққан «қайраттық» Айбол Әбікенге не жоқ десеңізші. Төреші үшеуіне де сары қағаз көрсетті.
– Не болғанын білмеймін. Бұл жүйкені біраз жұқартқан ойын болды. Дегенмен, футболшылар өздерін ұстай білуі керек еді. Мұндай қажетсіз сары қағаздар кейін бізге кесірін тигізуі әбден мүмкін, - деді ойыннан кейін «Астананың» бас бапкері Григорий Бабаян.
Осылайша, екі команда да бір-бір ұпайдан алды. «Астана» турнир кестесінде бірінші орынды сақтап қалса, «Қайрат» 4-ші орынға түсіп қалды.