Вернуться к списку статей

Оралдың «Ақжайығы» «Ордабасыны» оңдырмады

Футбол
2K
Фото: fc-akzhayik.kz
«Ақжайық» өз алаңындағы ойынын Батыс Қазақстан облысындағы Ақсай қаласында өткізіп, «Ордабасы» клубын ойсырата ұтты.

Оңтүстік Қазақстан облысының клубына төртінші турдан кейін көш бастау мәртебесі бұйырмады. «Ордабасының» жанкүйерлері де, жанашарлары да «Астана» бесінші турда ұпай жоғалтып, өздерінің сүйікті клубы Оралдан үш ұпай олжалап, «жеке-дара көш бастайды» деп үміттенді...

Шынымен де, «Астана» өз алаңында «Қайратқа» қайратын өткізе алмай, екі ұпай жоғалттты. Ал «Ордабасы» бұл мүмкіндікті пайдалана алмады. Батыс Қазақстан облысында жергілікті «Ақжайықтан» ойсырай ұтылып, көңілдері алып-ұшқан жанкүйерлерін жасытты.

Бәлкім, «Ордабасы» клубының бапкерлері мен жанкүйерлері 65 минуттан астам уақыт бойы кем құрамда ойнағандарын алға тартар. Бірақ дәл сол уақытқа дейін, яғни қорғаушысы алаңнан қуылғанға шейін, «Ақжайық» екі гол соғып, қонақтарын қыспаққа алып, әбден састырған болатын...

Бұл ойында есеп 13-минутта ашылды. Қақпа алдындағы қарбалас сәтте «Ордабасы» қорғаушылары допты кері тойтарғандарымен, алаң иелері үстемелеп шабуылдап, дедек қаққан теңбіл доп жалғыз тұрған Иван Антиповтың олжасына айналды. Ол шыр айнала бұрылып теуіп, қақпашыны қап қалдырды.

Шабуылды үдете түскен «Ақжайық» «Ордабасының» қақпасына тағы да қауіп төндіргенде, қонақтардың қорғаушысы Абдуллай Диакате допқа ұмтылған Андрей Ткачукті аяғымен іліп қалды. Әрине, ол етпетінен құлады. Ал төреші 11-метрлік айып соққысы нүктесін нұсқады. Еркебұлан Нұрғалиев пеналтиді мүлтіксіз орындады.

Қонақтардың ойыншылары ашуға булығып, жүйкелері сыр бере бастады. Келесі бір сәтте, доп ойынға бұрыштан қосылғанда, «Ордабасының» орталық қорғаушысы Хрвое Спахия алаң иелері шабуылшысы Хабиб Эсеола итеріп құлатты. Бас төреші Игорь Чесноков Спахияға қызыл қағаз көрсетіп, алаңнан қуды.

Әрі тағы да пенальти! 11 метрлік айып соққысын Хабиб Эсеоланың өзі орындағысы келіп еді, оған Еркебұлан Нұрғалиев көнбеді. Команда капитаны Мирам Сапанов та Украина шабуылшысын жұбатқан болды. Өкінішке қарай, Нұрғалиевтің тепкен добын қақпашы тойтарды. Екі голды да оң жақ бұрышынан жіберіп алған Жасур Нарзикулов үшіншісін өткізбеді.

38-минутта «Ордабасы» есепті қысқартты. Оң қапталда «Ақжайықтың» қорғанысын бұзып өте алмай, айналсоқтап жүргенде Тимур Досмағамбетов алыстан шірене тартып, алаң иелерінің қақпасына дөп түсірді. Өте әдемі соғылған гол қонақтады жігерлендіре түссе керек еді...

Алайда бірінші таймның соңында «Ордабасы» «Ақжайықтың» тағы бір шабуылын сәтті аяқтауына мүмкіндік беріп қойды. Хабиб Эсеола сол қанаттан әуелеп келген доптың бағытын өзгерте қойып, қақпаға дәл түсірді. Бір ғана қимылымен қонақтардың қорғаушылары мен қақпашысы сан соқтырып кетті.

Екінші таймда «Ордабасы» есепті қысқатуға тырысты. Бірақ ойын аяғына қарай алаң иелерінің қарсы шабуылынан көз жазып қалды. Хабиб Эсеола алға қарай құстай ұшып, қонақтардың екі қорғаушысынан сытылып кетті. Әрі ыңғайсыз да болса, допты қақпаға бағыттап үлгеріп, қақпашыны да қапы қалдырды.

Сөйтіп, «Ақжайық» биылғы маусымды тәп-тәуір бастаған «Ордабасы» клубын оңдырмады. Шымкент клубы маусым басталғалы бірінші рет ұтылып, батыста сүрінді. Бастапқы төрт турда өз қақпасына небәрі үш гол жіберіп алған команда Ақсайдан төрт доп «арқалап» қайтты...

«Ақжайық» – «Ордабасы» – 4:1 (3:1)

Голдар: Антипов, 13 (1:0). Е.Нұрғалиев, 17-пенальтиден (2:0). Досмағамбетов, 38 (2:1). Хабиб Эсеола, 44 (3:1). Хабиб Эсеола, 78 (4:1).

Алаңнан қуылды: Спахия, 26.

Пенальти соға алмады: Е.Нұрғалиев, 27.

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика