Вернуться к списку статей

Деспотович Ибрагимовичтің командасын сотқа бермек

Футбол
1K
Деспотович Ибрагимовичтің командасын сотқа бермек
«Астана» футбол клубының шабуылшысы Джордже Деспотович неліктен «Лос-Анджелес Гэлаксиға» ауыса алмағаны туралы айтып беріп, енді америкалық клубпен соттасуға ниетті екендігін білдірді.

Естеріңізге сала кетейік, наурыз айының ортасында «Астананың» серб легионері Джордже Деспотовичтің «Лос-Анджелес Гэлакси» клубына ауысқандығы туралы сыбыс таралған. Кейін сыбыс расталып, келісімшарт үшін америкалықтардың 1 миллион евро төлеуге дайын екендігі туралы ақпарат жарияланған. Наурыздың 11-і күні ел чемпионатының 1-ші турында «Ақжайыққа» қарсы 52 минут ойнап, одан кейінгі үш турда елордалықтардың хаттамасына да ілікпеген. «Иә, Мұхит асты» дестік сол кезде. Алайда, Джордже сол күйі АҚШ-қа аттанбады. «Астанада» қалып қойды. Дәл сол тұста «Манчестер Юнайтедтен» кеткен Златан Ибрагимовичпен келісімшартқа отырған «Лос-Анджелес Гэлакси» Деспотовичтен бас тартты.

Осыған байланысты Сербияның novosti.rs сайтына сұхбат берген Джордже Деспотович  америкалық клубпен келіссөз барысы жөнінде айтып берді.

– Менің алдымды Ибра орап кетті, - деп күлді «Астананың» 9-шы нөмірлі ойыншысы. – «Галактикалықтармен» екі жылдық келісімшартқа отырып та қойған едім. «Сен енді біздің ойыншымызсың» деді клуб басшылары. Сосын америкалық визаны күтіп жүргенімде, кенеттен Златан Ибрагимович «Манчестер Юнайтедтен» кетіп қалды да, соны пайдаланған «Лос-Анджелес Гэлакси» дереу шведті өздеріне тартып алды. Ал мен «Астанаға» қайта оралуға мәжбүр болдым. Қазір «Лос-Анджелес Гэлаксиді» сотқа беруге негіз бар ма, жоқ па, деген мәселе бойынша адвокаттарыммен кеңесудемін.

Өз кезегінде Златан Ибрагимович америкалық клубтың сапында алғашқы ойынын өткізіп үлгеріп, екі гол соқты да, 0:3 есебімен жеңіліп жатқан жерінен өз командасына 4:3 нәтижесімен жеңісті жұлып әперді.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика