Вернуться к списку статей

Дмитрий Огайға жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды

Футбол
1K
Дмитрий Огайға жарты миллион теңгеге жуық айыппұл салынды
Қазақстан футбол федерациясының Тәртіптік-бақылау комитеті «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огайға 481 мың теңге айыппұл салыпты.

Кеше Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік-бақылау комитетінің мәжілісі өтіп, «Жетісу» футбол клубының бас бапкері Дмитрий Огайға қатысты ауыр жаза қолданылыпты. Төрешіге дөрекілік танытқаны үшін 200 айлық есептік көрсеткішімен жазалаған екен. Бір АЕК 2405 теңге екенін ескерсек, Огай бір айдың ішінде ҚФФ қазынасына 481 мың теңге ақша құюы тиіс. Сондай-ақ, «Жетісудың» бас бапкері Премьер-лиганың алдағы төрт ойынында команданы алаңға жаттықтырушы ретінде бастап шыға алмайды.

Айта кетейік, ел чемпионатының 4-ші турында талдықорғандықтар өз алаңында Қызылорданың «Қайсарын» қабылдап, матчтың 24-ші минутында Рауль Джалилов соққан голдың арқасында 1:0 есебімен жеңіске жеткен. Ал кездесуге астаналық арбитрлар алқасы Тимур Қумашев, Елеш Құсайынов және Иван Навроцкий қызмет атқарған. Дмитрий Алексеевичтің осы үшеуінің қайсысына дөрекілік көрсеткені әзірге белгісіз.

Бұдан бөлек, Тәртіптік-бақылау комитеті Бірінші лигадағы «Каспийді» де аяған жоқ. Ойын кезінде стадиондағы күзет қызметкерлері көрсетілген мөлшерден аз болғаны үшін Ақтаудың клубына да 200 АЕК айыппұл салынған.

Естеріңізде болса, былтыр қараша айында «Қазақстан футбол федерациясы айыппұл салудан қанша табыс түсірді» деген тақырыппен мақала жазып, Қазақстан футбол федерациясы Тәртіптік-бақылау комитетінің бір маусымда командалар мен жеке тұлғаларға 16 миллион теңгеге жуық айыппұл салғанын есептеп шығарған болатынбыз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика