Вернуться к списку статей

Көш басында «Тобыл», «Қайсар» және «Ертіс»

Футбол
1K
Көш басында
Қазақстан Премьер-лигасының 5-ші турынан кейін турнир кестесінің көшін Қостанайдың «Тобылы», Қызылорданың «Қайсары» және Павлодардың «Ертісі» бастады.

Қызылорданың «Локомотив» стадионында өткен «Қайсар» – «Тобыл» кездесуінде екі команданың біріне суырылып, алға шығу мүмкіндігі туған. Бірақ, 90 минут бойы бір-бірінің қақпасын піспектеген командалар сол күйі гол соға алмады.

«Қайсар» (Қызылорда) – «Тобыл» (Қостанай) 0:0

Ескертулер: Нәрзілдаев 45+1, Камара 63 – Мирошниченко 38, Молдақараев 82.
«Қайсар»: Исламқұлов, Аржанов, Граф, Камара, Курьор (Нтизабонкиза 71), Ламанж, Николич, Әмірсейітов, Байжанов (к), Евстигнеев, Нәрзілдаев (Коробкин 75)

Резерв: Григоренко, Горячий, Көкеев, Мулдаров, Сахалбаев, Чуреев, Жақаев.

«Тобыл»: Непогодов, Деспотович, Кассай, Савич (Главина 90+1), Малый, Мирошниченко, Молдақараев (Елмырзаев 86), Мухутдинов (к), Сартаков, Щеткин, Тағыберген

Резерв: Бусурманов, Джалилов, Дмитренко, Жақыпов, Жаңғылышбай

Төрешілер: Кучин (Қарағанды), Бельский (Тараз), Конивец (Қарағанды)

Қызылорда. «Локомотив» стадионы. 3 640 көрермен.

Қонақтар сапында әсіресе Жасұлан Молдақараев пен Асқат Тағыберген алаңда барын сала ойнады. Екеуі де негізі Қызылорданың тумасы. Жасұлан Қостанайға «Оқжетпес» арқылы өтті. Асқат «Ақтөбе» және «Астана» «транзиті» арқылы жетті. Дегенмен, екеуінің де түбінде «Қайсарға» оралатыны сөзсіз. Туған қаласының жанкүйерлерінің жадында жақсы сақталып қалғысы келген екеуі алаңда бір тапжылмады. Бірақ, бұл күні «Тобылға» да, «Қайсарға» да гол соғу бақыты бұйырмапты. Таблодағы есеп сол күйі өзгермеген қалпы қалды.


Здесь подпись к изображению

Ал «Ертіс» түзде «Оқжетпесті» орға жықты. Көкшетауға қонаққа барған Димитар Димитров шәкірттері алаң иелерінің қақпасына жауапсыз екі гол соқты.

«Оқжетпес» (Көкшетау) – «Ертіс» (Павлодар) 0:2 (0:0)

Голдар: Фофана 57, Кислицын 65.

Ескертулер: Федин 5, Генков 54 – Живкович 27.

«Оқжетпес»: Стаменкович (к), Чертов, Еоне, Козлов (Генков 46), Политыло, Струков (Недашковский 68), Федин, Юрин, Дайыров (Шафф 70), Марочкин, Волков
Резерв: Әбжанов, Сіләмбеков, Досмағамбетов, Нұрғалиев, Кейлер, Шайыхов.

«Ертіс»: Лория (к), Фонсека (Жұмасқалиев 90), Живкович, Родриго, Ткачук, Двали, Фофана (Нганбе 79) , Кислицын, Гетериев (Алиев 80), Воротников, Дарабаев

Резерв: Калмыков, Попов, Смайылов, Чернышов, Калинин, Шабалин

Төрешілер: Абданбаев (Тараз), Орынбаев (Шымкент), Қошқаров (Алматы).

Щучинск. «Жақсы» СК стадионы. 150 көрермен.

Ойын Щучинскідегі «Жақсы» стадионында өтті. «Оқжетпестегі» көзкөрген мамандардың бірінің күйініп айтқаны ғой. «Осы стадионды «Жақсы» деп атаған адамның көзіне тік қарағым келеді. Оның да үйінде дәл осы стадиондағыдай бәрі «жақсы» болсын».

Иә, Щучинскідегі стадионның жағдайы шынымен де сын көтермейді. Күрделі жөндеуді сұранып тұрғанына көп болды. Футболшылардың өмірі үшін өте қауіпті алаң. Бірақ, соған қарамастан Премьер-лига статусындағы стадиондардың бірі.

Ал ойында «Ертіс» қорғаушысы Александр Кислицын таңғалдырды. Әдетте тек қателіктерімен ғана есте қалатын қорғаушы бұл жолы нағыз қаһарман болды. Қарсыластың аяғындағы допқа қабыланша атылып, алғы шептегі әріптесі Фофананың аяғына салып берген де осы Кислицын. Одан кейін өзі құдды бір, бұрыннан шабуыл шебінде ойнап, гол соғып жүрген сұрмергендер секілді қарсыластың айып алаңына кіріп кетті де, допты Саша Стаменкович қорғаған қақпаға шірене тартты.

Осылайша бесінші турдан кейін «Ертіс», «Тобыл» және «Қайсар» турнир кестесінде көш бастады. Дегенмен, әлгі екеуіне қарағанда қызылордалықтардың бір ойыны кем.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика