Наурыздың 28-і мен сәуірдің 6-сы аралығында Шымкентте Қазақстан кубогының електік додасы өтті. Естеріңізге сала кетейік, Ел кубогының ережесі бойынша електік кезеңге Бірінші лиганың жеті командасы және Екінші лиганың екі командасы қатысып, олар өзара үш топқа бөлінген. Әр топтың жеңімпазы және екінші орын иемденгендердің ішінде көрсеткіші жоғары бір команда 1/8-финалға жолдама алуға мүмкіндік алған. Тағы бір айта кетерлігі, Премьер-лигадағы клубтардың фарм-командалары деген желеумен Бірінші лиганың үш командасы «Шахтер-Болат», «Байқоңыр» және «Қайрат-А» командаларына Кәсіпқой футбол лигасы Ел кубогына қатысуға шектеу қойды. Ал турнир басталған күннің ертесінде Шымкентке шығыстың «Алтайының» да бармағаны белгілі болды. Семейдің командасы Қазақстан кубогына қатысудан бас тартқан. Сөйтіп, екінші топта екі-ақ команда «Қыран» мен «Екібастұз» ғана қалды.
Бірінші топта «Мақтаарал» бірінші орын алды. Алдымен Шымкенттің №7 БЖСМОР командасынан 0:2 есебімен ұтылып жатып, 4:2 нәтижесімен жеңісті жұлып алған жетісайлықтар келесі кездесуде «Қызыл-Жармен» бір-бір голдан алмасып, тең түсті. Өз кезегінде Владимир Фомичев бастаған петропавлдықтар да спорт мектебінің командасын 2:1 есебімен ұтып, екі ойында еншілеріне 4 ұпай жазған. Сондықтан, екінші орын алғандардың ішінде нәтижесі ең жоғары болғаны үшін 1/8-финалдың жолдамасын жеңіп алды.
Екінші топта бір-ақ кездесу өтті. «Алтай» Қазақстан кубогына қатыспағаннан кейін бұл топтың жолдамасын «Қыран» мен «Екібастұз» екеуара шешті. Ол кезде «Алтайдың» әлі ахуалы белгілі болмаған кез. Сондықтан шығар, «Екібастұз» 0:2 есебімен ұтылып қалды. «Қыран» бір ғана кездесу өткізіп, келесі кезеңнің жолдамасына қол жеткізді.
Үшінші топта «Жетісуға» тең келер ешкім болмады. Рас, ойындары оңайға соққан жоқ. Шабуыл шебінің ақсап тұрғанын аңғардық. Екі матчта да жылдам гол соққанымен «Каспийдің» қақпасына бір ғана гол тоғыта алды. Бүгін «Рузаевкамен» ойнады. Тоғызыншы минутта-ақ есеп ашқанымен бірінші таймның соңына таман солтүстік қазақстандықтар таразы басын теңестіріп кетті. Тек кездесудің соңына таман ғана Вячеслав Сердюков «Жетісуға» жеңісті жұлып әперді.