Вернуться к списку статей

Қош, Сайын-аға... Жүрегімізде мәңгілік сақталасыз

Футбол
2K
Қазақ спорт журналистикасының көрнекті тұлғасы Сайын Тұрсынов 4 сәуір күні іңірде дүниеден өтті...

Сайын Сүлейменұлы 1936 жылы 25 қаңтар күні Алматы облысының Жамбыл ауданындағы Қарғалы (бұрынғы Фабричный) ауылында туған. Балалық шағы осы ауылда өтеді. Мектеп бітіген соң бір жыл құрылыста жұмыс істеген.

1954 жылы Қазақ мемлекеттік университетінің журналистика факультетіне түседі. Қазақ журналистикасының қара шаңырағында білім алып жүріп, спортпен де айналысады. Былғары қолғап шеберлерінің біразын шыңдап шығарған Г.Рожковтің қол астында марқұм Әбдісалан Нұрмаханов бірге жаттыққан. Бокстан ІІ-разряды болған.

«Жаттығу кезінде Әбдісаланмен талай рет жұдырықтасқанмын, қарулы жігіт еді» деп айтып отыратын, Сайын аға. Содан соң альпинизм спортымен де шұғылданған. Сол жылдары Еуропадағы Монблан тауына да шыққан (биіктігі 4 810 метр).

ҚазМУ-дің төртінші курсында оқып жүрген кезінде, журналистика факультетіне жаңадан ашылғалы жатқан «Спорт» газетінің жауапты хатшысы Жанәбіл Оспанов келеді. Деканатқа кіріп, «спортпен айналысатын, спорт тақырыбына қалам тарта алатын, 4-5 курстың жігіттері бар ма» деп сұрайды. Олар бір ауыздан Сайын ағаның есімін атайды.

Осылайша, Сайын Сүлейменұлы өз өмірін «Спорт» газетімен ұштастырады. Содан зейнетке шыққаныша осы шаңырақтың түтінін түтетеді. Ыстығына күйіп, суығына тоңады. Талай жыл тар жол тайғақ кешуді де басынан өткереді. Сонда да ешқайда кетпейді. Тіпті дүрілдеп тұрған «Социалистік Қазақстан» газеті шақырса да, бармайды.

«Бір кездері газетіміздің қазақ тіліндегі тиражы 143 мыңға дейін жеткен-ді, сол кезде орыс тіліндегі нұсқасының тиражы 85 мың болатын, сонда жалпы тиражымыз 200 мыңнан асып түсетін» деп, сүйсіне еске алатын газеттің дәуірлеген кездерін...

Республикалық «Спорт» газеті ашылған күнен бастап істеп, осы басылымның түпнұсқасын «құйып», қабырғасын қалаған қайраткерлердің бірі. 1959 жылдың 1 қаңтарынан бастап шыға бастаған газеттің жобасын жүзеге асырудан бастап, зейнетке шыққанша бар тауқыметін тартып, жемісін көрген. Табаны күректей 49 жыл бір басылымда, бір шаңырақта еңбек еткен.

Жас кезінде нағыз сегіз қырлы, бір сырлы азаматтың өзі болған. Журналист, спортшы. Құрылысшы болып жұмыс жасаған, оның да қыр-сырын да өте жақсы білетін. Жас кезінде өлең шығарған. Домбыра шертетіні де бар. Мектеп қабырғасында есепке де жүйрік болыпты. Техника жағына да жетік. Ең бастысы, адамгершілігі жоғары, жүрегі жомарт, жүзі жарқын, үлкенге де, кішіге де ізетті жан еді...

Сайын аға өмірде атақ-даңқ қуып, көзге түсуді көксемеген, тек адал еңбек етуді мақсат тұтқан жан. Талай бұлақтың көзін аршып, талай таланттың томағасын сыпырған. Спорт журналистикасы майданына қосқан ұлағаты ұстаз. «Спортта» бөлім бастығы да, жауапты хатшы да, редактордың бірінші орынбасары да болған. Бірнеше редактормен жұмыс жасаған.

Редакцияға имене басып кірген студенттер мен жас журналистердің маңдайынан сипап, бәріне көмектескен. Әрқайсының жағдайын білуге тырысып, қолынан келген көмегін аямаған. Сақа журналистердің текпісіне ұшыратпай, қызғыштай қорыған.

Ұжым болған соң «шыны аяқ сылдырамай» тұрушы ма еді. Ондайда қаһарлы редактор мен қиқар мінез журналистердің арасын дәнекерлеуші болған. Бұл тұрғыда ұжымның үйлестірушісі бола білді. Редактордың алдында жас журналистердің арасына түсіп, шыж-быж болып жатқанының да куәсі болдық.

«Өмір адамға бір-ақ рет беріледі, соны түсінейік, бәріміз де – қонақпыз» деген сөздерді көп айтатын. Зейнетке шыққан соң, өзі қатты қастерлейтін, Қарғалыдағы әкесінің қара шаңырағына барып тұрды. Шәкірттері хабарласып, телефон шалса, соған мәз болып қалатын. Алматыда жүргенімде, жаздың ортасынан бастап, «бала-шағаңды ертіп, келіп кетсеңші, алма пісіп, жерге түсіп жатыр, ана кішкентайларға сол да қызық қой», – деп отыратын.

Тұлғасы асқар таудай Сайын ағаға шәкірттерінің ұмытпай, жиі хабаласып тұрғанынан артығы жоқ еді. Соңғы рет 22 наурызда сөйлестік. «Денсаулығыңыз қалай» дегенде, әдеттегідей «жақсы, жасымыз келді, қарттықтың белгілері бар енді» деп күлді...

Спорт саласындағы журналистердің көбісі Сайын ағаның қызықты әңгімелерін тыңдап жүріп, қанат қақтық. Тәрбиесін көрдік, тәрбиесінен өттік. Асқар таудай Сайын ағамыз «өмірден өтті» деген суыт хабар қатты ісер етті. Жасы 81-ден асса да ұстазымызды о дүниеге қимаймыз.

Қарбалас жұмыстан қол үзіп, жарты күн болсын қасында болып, көңіл-күйін жадыратып үлгермедік. Әлі үлгереміз деп ойладық. Сайын аға бізге кәрілікке бой алдырмастай қуатты болып көрінуші еді. Бірақ... бірақ  жүрегімізде мәңгілік сақталасыз, Сайын аға! Сіздің атыңыз ешқашан ұмытылмайды. Ұмытпаймыз...

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика