«Затобольск» стадионында өткен ойынның тағдырын Душан Савичтің 18-ші минутта соққан жалғыз голы шешіп, «Тобыл» турнир кестесінде шымкенттіктер мен Қызылорданың «Қайсарын» қуып жетті.
«Тобыл» (Қостанай) – «Ордабасы» (Шымкент) 1:0 (1:0)
Гол: Савич, 18.
Ескертулер: Кассай 38, Мирошниченко 46 – Рендулич 24, Фонтанелло 46.
«Тобыл»: Непогодов, Кассай, Малый, Мирошниченко, Мухутдинов, Сартаков, Тағыберген, Савич, Молдақараев, Деспотович, Щеткин.
Резерв: Бусурманов, Главина, Шубаев, Елмырзаев, Джалилов, Дмитренко, Жақыпов, Жарынбетов, Жаңғылышбай,
«Ордабасы»: Бекбаев, Ерланов, Рендулич, Йорданов, Ковльчук, Фонтанелло, Төлебек, Жұмаханов, Диакате, Тұңғышбаев, Бочаров.
Резерв: Нурмухаметов, Смақов, Абдулин, Бейсенов, Марцваладзе, Әшірбеков, Адырбеков, Бөлешев, Гейнрих.
Төрешілер: Измайлов (Талдықорған), Навроцкий (Астана), Калачев (Атырау).
Қостанай қаласы. «Затобольск» стадионы.
«Ордабасы» ойыншыларын жол қажытып жіберген секілді. Қостанайға кеше жетуі тиіс болған Алексей Петрушин командасы ауа-райының жайсыздығынан Астанада тұрып қалды. Сөйтіп алдымен кеше түске таман, одан кейін кешке қарай ұшуы тиіс болған ұшақ Қостанайға бүгін ғана жетті.
Жаттығу жасап та үлгерместен бірден стадионға беттеп кеткен қонақтар киімдерін ауыстырды да алаңға аяңдады. Бірақ, бір қызығы, соңғы кездері «Ордабасыны» өрге сүйреп жүрген қос шебер Таңат Нөсербаев пен Азат Нұрғалиевті команда сапынан да, тіпті хаттамадан да таппадық.
Ал Самат Смақов, Қайрат Әшірбеков, Әлібек Бөлешев, Александр Гейнрих, Ренат Абдулин сынды тәжірибелі ойыншылар қосалқы құрамда қалып қойды. Бір сөзбен айтқанда негізгі құрамынан гөрі қосалқы құрамы жұлдызды болған шымкенттіктер 0:1 есебімен ұтылып қалды.
Дмитрий Мирошниченконың сырғытқан пасына бірінші болып жетіп, Бекбаевты сан соқтырған Душан Савич болатын. Араға бірер минут салып Жасұлан Молдақараев та гол соққан еді. Бірақ бас төреші Жасұлан допты қолмен тоқтатты деп голды санамай тастады.
Екінші тайм да алма-кезек шабуылдармен өрбіді. Алайда, алаң иелері қонақжайлық танытқан жоқ. Тіпті, ойын соңында Алексей Щеткинде тамаша гол соғатын мүмкіндік болған. Спринттік жарыста Фонтанелло мен Рендуличтен басып озған Щеткин қақпашымен жеке-дара шыққанда қателесті. Допты Бекбаевтың бойынан асырып жіберем деді ме, әйтеуір «теңбіл снарядты» айдалаға жіберді. Ұлттық құрамамыздың шабуылшысы бұлай қателеспесе керек-ті.