Вернуться к списку статей

Қазақстанда футбол билеті қанша тұрады?

Футбол
2K
Қазақстанда футбол көру қанша тұрады?
Теледидардан тамашалаған бір бөлек, ал стадионнан футбол көрудің ләззаты тіптен басқаша ғой, шіркін. Жанкүйерлермен бірге өзіңнің де делебең қозып, сүйікті командаңа қолдау көрсетіп отырасың.

Ал сол ойындарды стадионнан тамашалау үшін кіру билетіне неше төлеуің керек? Жалпы, Қазақстанда футболды көру қанша тұрады? Осы орайда Премьер-лигадағы әр клубтың билеттік саясатын зерттеп көрген едік.

Дәл қазір Премьер-лигамыздағы көптеген командалар өздерінің өз алаңдарындағы ойындарын негізгі емес, қосалқы стадиондарында өткізіп жатқандықтан кейбірі көрермендерге есіктерін айқара ашып қойған. Яғни, матчты стадионнан тамашалау тегін. Атап айтсақ, «Атырау», «Оқжетпес», «Тобыл» және «Тараз» командаларының қосалқы алаңдағы ойындарын жанкүйерлері тегін тамашалап жүр. Алғашқы үшеуінің негізгі стадиондарына қашан көшетіндіктері де әлі нақты белгіленген жоқ. 


"Тобыл" жанкүйерлері

Мәселен, «Атырау» «Мұнайшы» стадионына тамыз айында бір-ақ көшуі мүмкін. Сәйкесінше, билет бағасы да әлі нақты белгіленбепті. Өткен жылы олар ересектерге арналған билеттерді 300 теңге деп бекітіп, балалар мен оқушыларға 50 пайыздық жеңілдік жасаған. «Тобылда» да дәл осындай жағдай. Әзірге қонақтарды «Затобольскіде» қабылдап жүрген қостанайлық команда өздерінің Орталыл стадиондарына мамыр айында ғана ауыспақшы. Сондықтан, билеттерінің бағалары әлі бекітілген жоқ. Өткен жылы 300 бен 500 теңгенің аралығында болған. Биыл өзгерістер болуы мүмкін.


"Қайрат" жанкүйерлеріне жағдай жақсы жасалған

Иә, өзіңнің дені түзу стадионың болмаған соң, көрген күнің де осы. Ал Еуропа елдерінде кейбір командалар нәпақаларының жартысын осы билеттер арқылы-ақ тауып жатыр. Бізде тек әзірге «Қайрат» қана сол межені көздеп келеді. Дегенмен, алматылық команданың ойындарын Орталық стадионнан тамашалау арзан емес. Оңтүстік және Солтүстік трибуналардағы орындар 500 теңгеден, ал Шығыс трибунасы 1000 теңгеден. Батыс трибунасындағы билеттер қымбатырақ. Өте ыңғайлы жерлерге отырғыңыз келсе, 500 теңгенің билеттері бар. Сондай-ақ, «Қайраттың» маусымдық абонементтері де жақсы жүйеге қойылған. Бағалары 5 000 мен 120 мың теңгенің арасында. Бір жақсысы, кейбір стадиондардағыдай емес, әр билеттің өз орны көрсетілген және стюардтар бәрін қадағалап жүреді. Яғни, 500 теңгелік билетті алып, 5 мың теңгенің орнына отыра алмайсыз. Онлайн арқылы да арнайы сайттардан билеттерді сатып алуға болады.


"Астана" жанкүйерлерді тартудың барлық жолын қарастырып жатыр

Ел чемпионы «Астана» да маркетингтік тұрғыда «Қайраттан» қалмауға тырысып-ақ келеді. Жанкүйерлерге ыңғайлы болу үшін әр сектордың бағасын жеке-жеке көрсетіп қойған. 200 теңгелік те, 2 000 теңгелік те орындар бар. Соған сәйкес, маусымдық абонементтер де 2 000 мен 20 мың теңгенің арасында. Бірақ, өкінішке қарай, елордамызда «Астананың» ойындарына еурокубоктық текетірестер болмаса, Премьер-лигаға көрермен көп жинала бермейді. Сондықтан, 200 теңгелік билет алған жанкүйер ВИП-ложаға кіріп кетсе де, таңғалуға болмайды. Бәрі де адамдардың мәдениетіне байланысты ғой. Көш жүре түзелетін шығар.


Ақтөбеде биыл билет бағасы арзандайды

Бес дүркін чемпион «Ақтөбенің» ойындарына көрермен әрдайым көп жиналатынын жақсы білеміз. Қазір олар өз алаңындағы ойындарын №8 спорт мектебінің алаңында өткізіп жүр. Онда бар жоғы үш-ақ мың адам сияды. Сондықтан, клуб әкімшілігі билет бағаларын жаппай 500 теңге деп белгілепті. Ал Қобыланды батыр стадионына ауысқан соң 500 бен 1000 теңгенің аралығын құрайтын болады. Дегенмен, мектеп оқушыларына 200 теңге, ал фанаттар секторына 300 теңге деген ішкі ережелері де бар. Байқап отырғандарыңыздай, билеттері былтырғымен салыстырғанда аз да болса арзандаған. Естеріңізге салайық, өткен жылы «Ақтөбенің» Қобыланды батырдағы ойындарына билеттер 1500 теңгеге дейін барған. Бұл олардың жанкүйерлерге биыл бір табан жақындағанын көрсетсе керек. Абонементтері 4 000 мен 16 мың теңгенің арасында.

Қызылорданың «Қайсары» биыл билет бағасына 100 теңге қосыпты. Айта кетейік, 2015 жылы қызылордалықтардың ойындарын 200 теңгеге көруге болатын. Дегенмен, биыл Премьер-лигаға оралып, стадионға кіру құнын 300 теңгеге қымбаттатыпты. Бір жағынан дұрыс та шығар. Клубтың пайда көріп, байығаны – жанкүйерлерге де жақсы.


Зде

Ал Қазақстан Премьер-лигасындағы ең арзан билеттер Қарағандының «Шахтеріне» тиесілі. Әзірге қонақтарды Теміртаудың «Металлургінде» қабылдап жүрген «кеншілер» өз стадиондарына мамыр айының екінші жартысында ғана ауысады. Онда да билеттер қымбат бола қоймайды екен. Ересектер 200 теңгеге, ал 16 жасқа дейінгілер тегін кіре беретін болады.

Бір қуантқаны, Қазақстан Премьер-лигасындағы қай клуб болса да, зейнеткерлерге, футбол ардагерлері мен мүгедек жандарға есіктерін айқара ашады. Кейбір клубтарда ыңғайлы жерлерден оларға арналған арнайы сектор да бар. Басым көпшілігі ондай жанкүйерлерге ойын алдында арнайы көлік жібертіп, стадионға апарып, әкеледі екен.


Міне, біздің футболдағы билет бағаларының жалпы жағдайы осындай. Иә, кафе-барлардағы бағалармен салыстыра қарасаңыз, қымбат та емес. Екі сағаттық ләззат үшін 500 теңгені қиюға да болады. Ендеше футболды жатып алып теледидардан емес, тік тұрып, адреналин шығарып, стадионнан тамашалаңыз. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика