Вернуться к списку статей

Саясат Сәрсенбинов – "Алтай" Екінші лигаға түсіп қала ма деп қорқамыз

Футбол
1K
Саясат Сәрсенбинов –
Алдағы маусымда Бірінші лигада 10 емес, тоғыз-ақ команда қалатын сияқты. Қазақстан кубогынан тыс қалған шығыстың «Алтайы» Бірінші лигадан да бас тартуы әбден мүмкін.

Иә, Шығыс футболында қазір жағдай ушығып тұр. Премьер-лигадағы орындарынан айрылып қалған «Алтай» футбол клубы Екінші лигадан бір-ақ шығады қауесет бір ғана қаланы емес, бүкіл бір облысты шарлап жүр.

Жанкүйерлер де кімге барып жалтақтарын білмей, аһ ұруда. Ақыры болмаған соң тағы да аймақ әкімі Даниял Ахметовтың атына хат жазды. Хатқа бірінші болып талай жылдық жанкүейрлік тәжірибесі бар Саясат Сәрсенбинов қол қойған. Соңы не болды екен деп ақсақал жанкүйерге хабарласқан едік.



– Саясат Хасенұлы, хаттың тағдыры не болды? Хабар бар ма? Облыс әкімімен кездесе алдыңыздар ма?

– Жоқ, әлі кездесе алмай жүрміз. Егер шақырса, бір топ семейлік жанкүйер Өскеменге өз қаржымызбен баруға дайынбыз. Бірақ, бізге жетіп жатқан ақпараттар бойынша, әкім қазір өз орнында жоқ екен. Сыртта жүр дейді. Кейбіреулер Даниял Ахметовтің жақында қызметінен кететіндігін, сондықтан футболға уақыты болмай жүргенін айтады. Бірақ, біздің ойымызша, Даниял Кенжетайұлына хат жетпеген де секілді. Бір жағынан сол үшін, біз хатты бұқаралық ақпарат құралдарында да жарияладық. Әзірге нәтиже жоқ. «Алтайдың» құрып біткені кейбіреулерге тиімді болып отырған сияқты. Солардың бірі Владимир Головатюк. Әкімге бәрін басқаша жеткізеді және жағдайды тым жаман етіп көрсетеді. Ахметов те сол адамға қатты сенеді. Футболдың барлығын сол Головатюктің қолына тапсырып қойған.

– Головатюк деген кім? Жалпы «Алтайдың» құрығаны кейбіреулерге неліктен тиімді деп ойлайсыз?

– Владимир Головатюк – облыстық мәслихаттың хатшысы. Даниял Ахметовтың футболдағы сенімді адамы. Аймақтық футбол федерациясын да Даниял Кенжетайұлы осы адамға басқартып қойған. Ал футбол клубының Өскеменде емес, Семейде болуы өскемендіктердің көбіне ұнамайды. Өйткені, екі қаланың арасында бұрыннан бәсекелестік бар. Сондықтан, барлық ірі шаралар Өскеменде болуы керек деген түсінік бұрыннан қалыптасқан. Бәрі де «Алтайға» екінші біреулердің араласуынан кейін басталды. Облыстық басшылықтың қолдауына ие олар клубты өздеріне алғысы келді. Болмаған соң футбол орталығын «Алтайға» беруден бас тартты. Одан кейін клуб Қазақстан футбол федерациясының сертификациясынан өтпей қалды. 

Енді «Алтайды» мүлдем жойып, оның орнына жаңа команда құрылады да, Екінші лигаға қатысатын болады деген ақпараттардың шет жағасы да бізге жетіп жатыр. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды ғой». Бұл Қазақстан футбол федерациясына да тиімсіз. Сондықтан, Сейілдә Байшақов бар, Қаныш Әубәкіров пен Азамат Айтқожин бар, өздерін осы кезде көрсетулері тиіс. Облыс әкімімен келіссөздер жүргізіп, «Алтайды» Бірінші лигада сақтап қалуға бар күштерін салулары қажет. Барлық үміт соларда ғана және әкімде. Даниял Кенжетайұлы ешкімнің сөзіне ермей, дұрыс шешім қабылдайды деп үміттенеміз.

– Халықпен есептік кездесу өткізген Даниял Ахметов жанкүйердің осыған байланысты үндеуіне «алдымен өз клубтарыңды өздерің тәртіпке келтіріп алыңдар. Егер мен кіріссем, басқаша болады» деп жауап берген еді. Тәртіпке келтірдіңіздер ме?

– Содан кейін біз расымен де клубқа барып, көз жеткізуге тырыстық. Сертификация талабы бойынша, футбол орталығы болу керек. «Алтайда» 450 бала жаттығатын академия бар. Оларды Испаниядан келген мамандар жаттықтырады. Бухгалтериясына біз араласа алмаймыз. Дегенмен, клубтың футболшылар алдында ешқандай қарыздары жоқ. Осыдан-ақ бұл тұрғыда клубтың ешқандай проблемасы жоқ екенін байқауға болады. Сондай-ақ, Екінші лигада өнер көрсететін фарм-командасы болуы керек екен. Дегенмен, мұндай команданы 24 сағатта-ақ жасақтауға болады. Өйткені, Семейде бос жүрген жас футболшылар өте көп. Көбісі нәпақасын әуесқой футболда, тіпті Астанадағы турнирлерге барып тауып жүр. Сондықтан, біз клубтың Премьер-лигада өнер көрсетуіне кедергі болатындай ешнәрсе байқамадық.

– Қазір команда Сергей Тимофеевтің жаттықтыруымен Өскеменде оқу-жаттығу жиынын өткізіп, Бірінші лигаға дайындалып жатыр екен. Ендеше команданың болашағына алаңдайтындай ешнәрсе де жоқ қой?

– Қазақстан кубогынан тыс қалдық. Бұл да жақсы белгі емес. Ал Сергей Тимофеев тіптен бөлек әңгіме. Өткен жылы ол «Алтайдан» жақсы кеткен жоқ. Қазір оны командаға қайта әкеліп қойды. Енді ол өз бетінше жаттықтыруын жалғастыруда. Бізге жетіп жатқан ақпараттар бойынша, команда Бірінші лига емес, Екінші лигаға дайындалып жатыр. Қазақстан кубогына да сол үшін қаржы тапшылығы деген желеумен қатыспай қалды. Бізді алаңдататын да осы нәрсе.

– Сонда «Алтайдың» қазіргі проблемаларына Қазақстан футбол федерациясының еш қатысы жоқ қой?

– Бар былық өзіміздің ішімізде болып жатқан сияқты. Бөлісе алмағаннан ғой. Дегенмен, Қазақстан футбол федерациясы мұның барлығынан хабарсыз деп ойламаймын. Олар мұның бәрін білді. Осы уақытқа дейін ҚФФ тек бақылап, сәйкесінше шешім қабылдап қана жүрді. Алайда, енді қарап отыруға болмайды. ҚФФ басшылары да іске кірісіп, «Алтайды» Бірінші лигада алып қалулары қажет. Әйтпесе, шығыс футболы тек жанкүйерлерге ғана қажет сияқты әсердеміз.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика