Вернуться к списку статей

“Қайрат” пен “Қайсар” – Исламхан мен Исламқұлов

Футбол
2K
«Қайрат» – «Қайсар» – 1:1 . Фото: fckairat.com
Төртінші турдың наурыз айының соңғы кешіндегі ойындары «Қайрат» пен «Қайсар» арасындағы кездесумен тәмамдалды.

«Қайсар» алғашқы үш турда да жеңіске жеткен жалғыз  команда болатын. Ал «Қайрат» өз алаңында ойнады. Чемпиондық атақтан дәмелі команда өз алаңында ұпай жоғалтпаса керек еді. Айтпағымыз, бұл матчтың «боладысының» өзі қызық еді.

Әрине, матчтың «болғаны» да қызық болды. Әйтсе де, қызықты дегеннен гөрі шиеленісті өтті дегеніміз дұрыс шығар. «Қайрат» бірден алға қарай ентелеп, қонақтарын тықсыра түсті. Әрі бұдан нәтиже шықты да, алматылықтар есеп ашып, жанкүйерлерін қуанышқа бөледі. «Қайсардың» қорғаушылары қателесіп, жоқ жерден гол жіберіп алды.

Исламхан допты әуелете теуіп, алға қарай асырды. Оған Жерар Гоу тұра ұмтылды. Негізі, допқа бірінші болып “қайсарлық” Дмитрий Евстигнеев жеткен. Бірақ ол допты кері теппек болып мүлт кетті. Аяғымен тек ауаны осып өтті... Ал Гоу мұндай қашықтықтан дағарадай қақпаны дәл көздей алады. Бәрін де емін-еркін бағамдап, шірене теуіп, қақпа торын бүлк еткізді.

Иә, «Қайсар» қорғаушылары қателесті. Екінші орталық қорғаушы сәл алға шығып кетіпті. Ал оның орында сол қапталдағы қорғаушы жүр. Іле-шала Қызылорда клубының қоғанысы тағы бір мәрте сыр берді. Доп ойынға бұрыштан қосылғанда, “қарауылсыз” қалған Сесар Арсоның есепті еселейтін мүмкіндігі болды. Бірақ ол жападан-жалғыз тұрса да, допты асығып-үсігіп тебе салды. Исламқұлов оны тойтарып үлгерді...

Бірте-бірте «Қайсар» екпін алып, алаң иелерінің қорғанысын піспектей бастады. 35-минутта тіпті есепті теңестірді де. Сол қанаттан алға ұмтылып, Курьор – Аржанов – Байжанов үшеуі тамаша шабуыл ұйымдастырды. Теңбіл допты бір-біріне сырғыта қойып, соңғысы асқан шеберлікпен қақпаның алыс бұрышын дәл көздеді.

Бірінші тайм осылай аяқталды. Ал үзіліс кезінде «Қайраттың» бас бапкері Кахабер Цхададзе екі ойыншысын алмастырыпты. Ойынның екінші жартысында алаңға Бауыржан Исламхан мен Андрей Аршавиннің орнына Георгий Жуков пен Иво Иличевич шықты.

Сөз жоқ, Иличевич «Қайраттың» ойынын жандандыра түсті. «Қайсардың» қақпасына қауіп төндіріп, бір тынған жоқ. Ал Жуков болса, Исламханнан артық ойнады деп айта алмаймыз. Шабуыл өтіне май құйып отыра алмады. Керісінше, алаң иелерінің шабуылдарының “сәні” кетіп қалғандай болды...

Жалпы, екінші таймда «Қайрат» қарсыласын тықсырып, көп шабуылдады. «Қайсар» анда-санда қарсы шабуыл ұйымдастыруға тырысқанымен, алаң иелерінің қақпасына қатер төндіре алмады. Ал алматылықтар қонақтарын қыспаққа алды. Бірақ гол соға алмай, діңкелері құрыды.

Ойынның екінші жартысында «Қайсардың» жас қақпашысы Марсель Исламқұлов қас шеберлік танытты. Бірнеше рет алаң иелерінің қауіпті соққыларын тойтарды. Қорғаушылары да өреске қателік жібермей, өте мұқият ойнады. Бір-біріне болысып, тізе қоса қимылдады.

Әрине, түзде азуы алты қарыс «Қайратқа» дес бермеген «Қайсардың» барлық ойыншылары да мақтауға тұрарлық. Әйтсе де, орталық алаңдағы Банколе Камараны бөле-жара атап өтуге болады. Алаң иелеріне одан өту мүмкін болған жоқ. Орталық қорғаушылары Иван Граф пен Абдель Ламанж да сауатты ойнады. Ілияс Әмірсейітов те жанкештілік танытты.

Қысқасы, «Қайсар» «Қайраттың» таразы басын өздеріне аударып, қоржындарына үш ұпай салуларына еш мүмкіндік берген жоқ. Табан тіресе шайқасып, Алатау бөктерінде ұтылмай, бір ұпай олжалап қайтты. Болгария маманы Стойчо Младенов тактикалық тұрғыда асып түскен сияқты...

«Қайрат» – «Қайсар» – 1:1 (1:1)

Голдар: Гоу, 11 (1:0). Байжанов, 35 (1:1)

Ескертулер: Аршавин, 23. Арсо, 82 – Граф, 5. Николич, 46. Аржанов, 55. Камара, 74.

«Қайрат»: Плотников, Қуантаев, Маркович, Арсо, Сүйімбаев, Қуат, Элек (Анене, 89), Исламхан (к), (Жуков, 46), Аршавин (Иличевич, 46), Исаэль, Гоу.

Қосалқы құрам: Покатилов, Вороговский, Ахметов, Бакаев, Тұрысбек, Балтабаев.

«Қайсар»: Исламқұлов, Әмірсейітов, Граф, Ламанж, Евстигнеев, Нарзілдаев (Коробкин, 78), Камара, Байжанов (к), Аржанов, Курьор (Нтибазонкиза, 71), Николич.

Қосалқы құрам: Цирин, Алтаев, Горячий, Көкеев, Мулдаров, Чуреев, Сақалбаев.

Төрешілер: Тевяшов, Дерцапф (екеуі де – Орал), Лабашов (Атырау).

31 наурыз. Алматы. Орталық стадион. 14 000 көрермен

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика