Вернуться к списку статей

Серік Әбдуәлиев – Жеңісті жетістік деп бағалауды үйренейік

Футбол
1K
Серік Әбдуәлиев
«Еуро-2019» іріктеу додасында Люксембургті 2:1 есебімен жеңген Қазақстан жастар құрамасы өз тобында көш бастады. Алғашқы жеңіс, алғашқы ұпай.

Бірақ, түздегі бұл жеңісті жанкүйерлер әрқилы қабылдап жатыр. «Кез келген жетістігімізге қуана білейік» дейді бірі. «Люксембург секілді карлик команданы ұтқанымыз үшін бөркімізді аспанға атуымыз керек пе?» дейді екіншілері. Ал біз маманның пікірін тыңдап көруді жөн көрдік. Қазақстан жастар құрамасының экс-жаттықтырушысы Серік Әбдуәлиевпен сұхбаттасқан едік.

– Серік Қайыркенұлы, кешегі жастарымыздың жеңісі жайлы ойыңызды білдірсеңіз. Ойын ұнады ма?

– Орайы келгенде футболшыларды, жаттықтырушылар алқасын, барша қазақстандық жанкүйерлерді осы жеңіспен құттықтағым келеді. Алаң иелері ойын басында төреші ойлап шығарған пенальти арқылы алға шыққанымен біздің жігіттер жасыған жоқ. Жеңісті жұлып алды. Бұл аға жаттықтырушымыз Владимир Никитенконың тамаша жұмыс атқарғанын көрсетеді. Қазір Қазақстан жастар құрамасы өте білікті маманның қолына өтті. Нәтижесін, міне, көре бастадық. Владимир Андреичтің алдағы ойындарына сәттілік тілеймін!

– Люксембург – біздің топтың ғана емес, әлем футболының да аутсайдерлерінің бірі. Осындай команданы жеңдік деп бөркімізді аспанға атқанымыз дұрыс па?

– Дұрыс түсініңіздер, кез келген жеңісті жетістік деп бағалай білейік. Мейлі Францияны жеңсек те, мейлі Люксембургті ұтсақ та бірдей қуануымыз керек. Жігіттер ойнай алмайды деп сөге бергеннен ешнәрсе жақсармайды. Осындайда қолдап, осындайда жақсылығымызды асырмағанда, қашан мақтаймыз. Әрине, жастарымыздың маңызды ойындары - әлі алда. Нағыз әлеуеттерін келесі кездесулерде көретін боламыз. Дегенмен, «Жақсы сөз – жарым ырыс». Жетістіктер осындай ұсақ жеңістердің арқасында келеді.

– Жалпы, біздің топтың көшбасшысы қай команда деп ойлайсыз?

– Біздің топта... өзі?.. Франция, Болгария, Словения және қателеспесем, Црна Гора жастары бар. Әрине, осылардың арасында француздардың шоқтығы биік. Ал қалғандарының барлығымен тереземіз тең дәрежеде ойнай аламыз. Бәрі де бір деңгейдегі командалар.


– Кешегі ойынға қайта оралар болсақ. Соңғы кездері жас дарынымыз Еркебұлан Сейдахмет жайлы көп айтып, жазылып жүр. Кейбір мамандар Қазақстан жастар құрамасына алынуы керек деп жатты. Кешегі кездесуге Еркебұланды да қатыстыру керек еді деп ойлайсыз ба?

– Асықпай қоя тұрыңыз. Баладан жұлдыз жасаудың қажеті жоқ. Иә, өз құрдастардың арасында Еркебұлан ерекшеленіп тұр. Дегенмен, ересектер арасына өткенде дәл қазіргідей ойын көрсете ала ма? Міне, сол жағы маңызды. Мейлі, қазір ол жақсы ойнасын. Бірақ, ол қазір өтпелі жаста. Кез келген нәрсе әсер етіп, кез келген нәрсеге елітіп кететін кезеңі. Абай болу керек. Қазір ол өте білікті маман, жастармен жақсы жұмыс жасай білетін Ваит Талгаевтың қолына өтті. Енді өз шеберлігін жаттығуларда шыңдауы қажет.

Әйтпесе, бізде әр жылы бір-бір таланттан шығып тұрады. Бірақ, кейін қайда қалғанын білмей жатамыз. Мәселен, алысқа бармай-ақ қоялық, бір кездері Бауыржан Байтананы «Манчестер Юнайтедтің» өзі қызығып отыр деп мақтаған жоқпыз ба?! Ал былтыр ше? Мәди Жақыпбаев тренд болды. 15 жаста Премьер-лигада ойнаған бала деп мақтадық. Өз арамызда біраз әңгіме еттік. Алайда, қазір олар жайлы ешнәрсе естімейсіз.

Негізі, бір дарын шықса, трендке айналдырып жіберуіміздің де өз себебі бар. Өйткені, біздің футбол таланттарды «қап-қаптап» шығара алмайды. Сондықтан, бір дарын көрсек, бәріміз соның соңына қарап отырамыз. Ал егер буын-буынымен дарындарды дайындап шығарып жатсақ, онда жанкүйерлер де, мамандар да мұндай құбылыстарға бас айналып қарамайтын еді.

– Ендеше кешегі құрамға қайта назар аударайықшы. Жастардың арасында дәл қазір Ұлттық құрамамызды күшейте алар ойыншылар бар ма?

– Өте ауыр сұрақ. Мен өзім футболшының бірден ұлттық құрамаға алынғанынан гөрі құрама командалардың барлық кезеңдерінен өткенін қалайтындардың бірімін. Ұлттық құрамаға өту үшін алдымен жеткіншектер сапында, содан кейін жасөспірімдерде, жастар командасында ойнауы керек деп есептеймін. Сондықтан, асықпай қоя тұрайық. Бұлардың да арасынан ертең ұлттық құрамамыздың көшбасшысына айналар футболшылар шығар. Мәселен, кеше ғана жастар құрамасында доп тепкен Еркебұлан Тұңғышбаевты көрдіңіздер ғой, Арменияға қарсы өте тамаша ойнады.

– Өткен жылдан бері Қазақстан футболында жастарға байланысты жеңілдіктер алынып тасталынды. Бұл жастар құрамасына қаншалықты әсер етіп жатыр?

– Сол жеңілдіктер бар кезде жастар құрамасына ойыншыларды таңдау оңай болды деп ойлайсыз ба? Кілең қапталдағы қорғаушылар мен қапталдағы жартылай қорғаушыларды дайындап шығардық қой. Сол жеңілдіктің арқасында бірде-бір шабуылшы, бірде-бір орталық қорғаушы шықпады. Ал қазір ұлттық құрамамыз ненің зардабын шегіп жатыр? Иә, дұрыс айтасыз. Гол соғатын сұрмерген жоқ және доп өткізбейтін орталық қорғаушы жоқ. Шын мықты жеңілдіктердің көмегінсіз-ақ бір жерді тесіп шығады.

Айта кетейік, Серік Әбдуәлиев таяуда ғана Солтүстік Қазақстан облысының «Рузаевка» командасына бапкер-кеңесші болып тағайындалып, Екінші лига командасымен бір жылға келісімшартқа отырды. Ертең «Рузаевка» Қазақстан кубогының іріктеу кезеңі аясында Шымкентте Ақтаудың «Каспий» командасымен кездеседі.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика