Вернуться к списку статей

Серік Досманбетов – Ұлттық құрамада бірінші кезекте ұлттық намыс жоғары тұруы керек

Футбол
2K
Серік Досманбетов – Ұлттық құрамада бірінші кезекте ұлттық намыс жоғары тұруы керек (фото: Бауыржан Елденбаевтыкі)
Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері ретінде алғашқы ойынын Ларнакада өткізген Александр Бородюк Кипр құрамасынан 1:3 есебімен жеңіліп қалды. Енді сенбі күні жерлестерімізді 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу додасы аясындағы кездесу күтіп тұр. Ереванда Армениямен айқасамыз. Осы ойынның қарсаңында «Қайсар» футбол клубының команда басшысы Серік Досманбетовтен сарапшы-маман ретіндегі пікірін біліп, Бородюктің ұлттық құрамамыздың бапкері ретіндегі алғашқы жұмысына баға беруін сұраған едік.

– Кипрмен болған ойынды теледидардан көрдім, - деп бастады Серік Құттыбайұлы. – Кездесудің 60-шы минутына дейін біздің жігіттердің басымдығы байқалды. Қорғаныста сауатты ойнап, алаң иелерінің ұтымды шабуыл жасауына жол берген жоқ. Алаң ортасындағы айқастар да біздің пайдамызға шешіле бастады. Жалпы, дәл осы сәтке дейінгі жігіттердің құлшынысына, ойындарына жақсы баға беруге болады. Іштей сүйсініп отырдым. Жаңа бас бапкердің алдында қай футболшы болмасын өзін жақсы жағынан көрсетіп, ойында барын салып жатады ғой. Кеше біздің жігіттердің тарапынан сондай бір жігерлікті байқадым. Бірақ, 60-шы минуттан кейін қателіктер басталып кетті. Тактикалық қателіктер көп жібердік. Қазақстан чемпионатында ондай нәрселерден аса бір қауіп күтпейсің. Ал халықаралық ойындарда сәл қателік жібердің бе, кішкене босаңсып қалдың ба, қарсыласың аямайды, бірден жазалайды. Мысалға, қақпамызға бірінші және үшінші гол соғылғанда Стас Покатилов өзінің орнын жоғалтып алған сияқты көрінді. Қақпашы үшін қарапайым сәттер ғой. Құтқарып қалуы қажет еді.


– Бірінші болып есеп ашып, қолдан тұрған жеңістен айрылып қалуымыз ненің себебі? Әлде, гол соғып алған соң босаңсып қалдық па?

– Бұған нақты жауап беру қиын. Біз футболшылардың арасында болған жоқпыз. Команданың ішкі жағдайын білмейміз ғой. Әртүрлі себептер болуы мүмкін. Солардың бірі Бородюктің өзі де айтты ғой, акклимитизация болуы ғажап емес. Қазақстан мен Кипрдің арасы алшақ, ауа-райы да бөлек. Жігіттер жергілікті ауа-райына бейімделіп үлгере қалмай қалған болуы мүмкін. Мысалға, ойыннан кейін біздің «Қайсардың» ойыншысы Мақсат Байжановқа хабарласып, неліктен алаңға шықпағанын сұрадым. Әйтпесе, елден есен-сау кеткен ойыншы ғой. Сөйтсем, Максқа да ауа-райы жақпай, барғаннан өзін жайсыз сезініпті. Мұның барлығы алаңда үлкен рөл ойнайды. Бірақ, нақты жауабын алаңда жүрсем ғана білер едім.

– Бұрын Қазақстан ұлттық құрамасы бұрыштама доптары кезінде, айып соққылары кезінде өте сауатты ойнайтын. Тіпті, біздің басты көзіріміз де осы еді. Сондай шабуылдардың арқасында гол соғып жататынбыз. Ал Кипрмен болған ойында қақпамызға соғылған үш голдың екеуі стандартты жағдайлардан кейін орын алды. Бұған не дейсіз?

– Иә, соңғы ойында ұнамаған тағы бір нәрсе осы болды. Стандартты жағдайлар кезінде концентрациямызды жоғалтып алып жаттық. Юрий Красножан болсын, Талғат Байсуфинов болсын, бұрынғы жаттықтырушылар алқасы мұндай нәрселерге үлкен мән беретін. Стандартты жағдайлар кезінде жігіттеріміз өте сақ ойнайтын. Бәлкім, алдағы уақытта Бородюк те бұл кемшілікті түзейтін шығар.


– Жалпы, Александр Бородюктің ұлттық құрамамыздың бас бапкері ретіндегі алғашқы ойынына қандай баға бересіз? Кипрмен болған ойында бас бапкердің жұмысы көрінді ме?

– Бородюктің жұмысына әлі баға беруге ерте. Ол үшін үш-төрт ойын керек. Сол кезде ғана оның қолтаңбасы, ұстанған бағыты көріне бастайды. Бәлкім, сенбі күні Армениямен болатын матчта бас бапкер тарапынан бір жаңалықтар көріп қалатын шығармыз. Онда да бәрі де жігіттердің жаттықтырушыны қаншалықты түсіне алғандықтарына байланысты. Ал Кипрмен болған ойын Бородюк үшін футболшылармен танысу матчы болды. Кімнің деңгейі қандай, кімнің қандай қабілеті бар екендігін білді. Енді соған сәйкес ұлттық құраманың ойындарын түзетін болады деп ойлаймын.

– Ендеше Кипрмен болған ойында Қазақстан құрамасының сапында қай ойыншы ұнады?

– Жалпы, 60-шы минутқа дейін жігіттердің қай-қайсысы болмасын, өзін жақсы жағынан көрсетуге шама-шарықтары жеткенше тырысты. Дегенмен, өз басым, Таңат Нөсербаевтың ойынын ерекше атап өтер едім. Ұлттық құрамадағы ойындарды әбден сағынып қалғаны көрініп тұрды. Алаңда жанын салып ойнады. Әр допқа аш қасқырларша таласып, өзінің көшбасшылық қасиетін көрсете білді.

– Ал оның голына қандай баға бересіз?

– Нағыз кәсіпқой шабуылшы кез келген мүмкіндікті голға айналдыра білуі тиіс қой. Доп қай аяғына қалай келсе де, көздегені қақпа болуы керек. Иә, алғашында допты ыңғайсыз қабылдап қалды. Бірақ, ол қақпашының және қорғаушының өзіне тым жақын келіп қалғандарын байқап, допты өкшемен қақпаға сырғыта салды. Бұл нағыз шеберлерге тән әрекет.

– Енді 26 наурызда бізді Еревандағы ойын күтіп тұр. Армениямен айқасамыз. Бұл ойыннан не күтесіз?

– Меніңше, жігіттер жеңілмеуі тиіс. Елге кем дегенде бір ұпаймен оралатын шығар деп ойлап отырмын. Армения құрамасы бұрынғыдай мықты емес. Егер футболшылар қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда өз мүмкіндіктерін голға айналдыра білсе, онда жеңіске жетіп те қалармыз.


– Дегенмен, Армения сапында Генрих Мхитарян бар ғой...

– Иә, Мхитарян – әлемдік деңгейдегі жұлдыз. Златан Ибрагимович, Уэйн Руни, Поль Погба сынды мықтылармен бір командада доп тебеді. «Манчестер Юнайтедке» ауысып, тіптен күшейді. Армения үшін оның маңызы өте зор. Алайда, футбол бір ойыншыдан тұрмайды. Оны бізге соңғы Еуропа чемпионатында Исландия, Уэльс сияқты құрамалар кезекті рет дәлелдеп берді. Клубтық деңгейде, иә, көп нәрсені ойыншылардың шеберліктері шешед. Дегенмен, алаңға ұлттық құрамалар шыққан кезде шеберліктен бұрын ұлттық намыс бірінші орынға шығады. Бұл ойында әр футболшымыз артында қалың жанкүйер, көк байрағымыз, еліміздің абыройы тұрғанын түсінулері керек.

– «Қайсар» футбол клубының команда басшысы ретінде қызылордалық командадан ұлттық құрамаға Мақсат Байжановтан бөлек, тағы кімдерді ұсынар едіңіз?

– Чемпионаттың алғашқы үш турының қорытындысына келер болсақ, меніңше ұлттық құрамаға «Қайсардан» қақпашымыз Марсель Исламқұлов пен Думан Нәрзілдаев лайық болды. Екеуін шақырып, әлеуеттерін тексеріп көруге болар еді. Егер алаңға шығарар болса, Марсель де, Думан да барын салар еді. Дегенмен, егер осы қарқындарынан таймаса, Александр Бородюк міндетті түрде осы екеуін ұлттық құрамаға шақырады деп ойлаймын. Премьер-лиганың алғашқы ойындарын көріп, кем дегенде қойын кітапшасына түртіп алған шығар. 

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика