Вернуться к списку статей

Ұмытылмас тарихи жеңіске – 10 жыл!

Футбол
2K
2007 жыл, 24 наурыз. Қазақстан – Сербия – 2:1. Фото: Эдуард Гавриш
Осыдан тұп-тура 10 жыл бұрын, 2007 жылы 24 наурызда Қазақстан құрамасы Сербия құрамасын жеңген болатын. Бүгін осы ойыннан кейінгі мақаланы мұртын бұзбай беріп отырмыз...

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2008 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу турнирі аясында Сербия құрамасын қабылдап, УЕФА құрамына енгелі тұңғыш рет ресми кездесуде жеңіске жетті.

Жеңілістен сабақ алған қандай жақсы. Жаңа жыл мейрамы алдында Таиландта өткен «Король кубогы» додасында Вьетнам футболшыларынан 1:2 есебімен ұтылып, Сингапур және Таиланд аяқдопшыларымен тең түскелі бері Арно Пайперс ұлттық құрама сапындағы қазақ жігіттерінің санын көбейте бастады. Мұнымыз мүлде ұлттық идеологияның шоғын көсеу емес. Тек айқын фактілерді – көлденең тарту.

Бұған дейін алаңға үш қазақ футболшысы шығып жүргенді (Смақов, Жұмасқалиев, Жалмағамбетов). Әрі Әзірбайжан және Польша құрамаларымен болған екі матчта Жұмасқалиевті Әшірбеков пен Өтебаев алмастырған-ды. Тек Финляндия құрамасымен болған кездесуде жоғарыдағы үшеуіне Өтебаев қосылып, негізгі құрамда төрт қазақ футболшысы ойнаған.

Сенбі күнгі Сербия құрамасымен болған ойында алаңға ойқастап бес қазақ жігіті жүгіріп шыққанда, қуаныштан жүрегіміз жарыла жаздады. Бұл бесеуіне (Смақов, Жұмасқалиев, Әшірбеков, Жалмағамбетов, Сүймағамбетов) төлқұжатында ұлты «қазақ» деп жазылған Фархадбек Ирисметовті қосыңыз. Сонда құраманың тең жартысы кеуделерін намыс оты шоқтай қарыған жігіттерімізден құралған жоқ па?!

Жоқ, мен бұл жерде өзгелер ұлтық құрама намысын жыртуда селқостық немесе салқынқандылық танытып жүр деуден аулақпын. Бұл тұрғыда Лорияның, Кучманың, Сергиенконың және басқаларының өнерлері баршаға үлгі боларлықтай-ақ. Десек те, жасыл алаңға шыққан қаракөз бауырларымыз аянған жоқ. Жалпы, бұл ойында Қазақстан ұлттық құрамасының сапында шыққан 11 ойыншы түгелдей жан алып, жан берісті. Олардың жанкештіліктеріне сүйсінбеген адам жоқ.


Сербтер ойын басталған бетте-ақ атойлап алға шауып, неғұрлым тезірек гол соғуға тырысты. Футболшыларымыздың сағын сындырып, апықтарын су сепкендей баспақ болып шүйлікті де. Олардың осындай тегеурінді шабуылдарына біздің ойыншылар жұдырықтай жұмылып, тойтарыс берумен болды. Орталық алаңдағы ойыншылармыз қорғаушыларымызбен тізе қоса қимылдап, дер кезінде артқа қайтып отырды. Сондай-ақ аракідік қонақтар қорғанысын піспектеп, оларды да арттарына алаңдауға мәжбүрлеп отырды.

Қонақтардың ұрымтал шабуылдарының бетін қайтаруда Самат Смақов ерекше көзге түсті. Ол бірнеше рет сербтер шабуылына тосқауыл болып, теңбіл допты қарсыласының аяғынан тартып алуда шеберлік танытты. Негізінен көгал бетімен сырғанап келіп, қарсыластарының аяғындағы допты қақшып алумен болды. Тіпті өзінің оң жақ қапталындағы шабуылға осылай тосқауыл болып қоймай, орталық шеп пен сол қанаттағы серіктеріне көмек көрсетіп отырды.

Осындай қарбалас сәттердің бірінде алға ентелеген серб шабуылшысының аяғына орала кетіп, жарақаттанып та қалды. Сол кезде жанкүйер толы стадион сілтідей тынды. Құдды, алаңнан Самат кетсе, қорғанысымыз үңірейіп ашық қалатындай. Абырой болғанда дәрігерлеріміз Саматты қайта «аяғына қойды».

Бірінші таймның ортасынан бастап, сербтер қарқынды жылдамдықтарын сәл де болса бәсеңсітіп, ойын алма-кезек шабуылға ұласты. Көпшіліктің есінде қалғаны Әшірбековтың әуелеп ұшқан допты ауада аяғын қайшылап тепкені болды.

Осы матчқа дейін төрт ойыннан 10 ұпай олжалаған Сербия құрамасы «А» тобының әлеуетті көшбасшысы болатын. Әрі олар бұған дейін Польша және Финляндия құрамаларының Алматыдан үш ұпайды жамбастарына басып кеткенін жақсы біледі. Сондай-ақ 2006 жылғы Әлем чемпионаты іріктеу турнирінің Алматыда өткен ойындарында да біздің құраманың бірде-бір ұпай еншілей алмағандарынан хабардар.

Сондықтан өткен жылы Германияда өткен Әлем чемпионатында өнер көрсеткен һәм Қазақстанға үш ұпай үшін келген серб футболшылары екінші таймға іштей тістеніп шыққан еді. Бірақ олар «асыққан шайтанның ісі, әлі уақыт бар, асықпай-ақ гол соғамыз» дегендей самарқау кейіпте болды. Осыны пайдаланған Қазақстан құрамасы екінші тайм басталған бетте Сербия құрамасын сеңдей соғыстырды.

Сол қанаттан өрбіген шабуылды қонақтардың қорғаушылары кері қайтарғандай да еді. Бірақ айып алаңынан қайтқан допқа Қайрат Әшірбеков килігіп, көп толғамай қақпаға теуіп, азуы алты қарыс Сербия құрамасының қақпасын бүлк еткізді. Гол! Стадион толы жанкүйерден ес кетті.


Сербтер таразы басын өздеріне қарай аудармақ болып, қанша тырысса да біздің футболшылар оларға иліге қоймады. Ең бастысы, қорғанысқа көшпей, оқтын-оқтын шабуылдап, қонақтарды артқа ысырудан тынған жоқ. Осындай шабуылдардың бірінде Қазақстан футболшылары бұрыштан доп қосу құзырына ие болды...

Футболшыларымыздың бәрі қақпа алдына үймелеп, өздерін аңдыған серб футболшыларымен бірге қақпашы Стойковичке емін-еркін қимылдайтын орын қалдырмады. Қақпа сызығын бойлай тығыз орналасқандықтары соншалық, тіпті қақпашыны допты қалай ұшып келе жатқандығын көру мүмкіндігінен айырды. Тамаша тактика!

Балтиев те допты өзіне жақын орналасқан бағанаға бағыттады. Бәрінен жақын тұрған Нұрбол Жұмасқалиев асқан шеберлікпен оны басымен қақпаға сілкіп жіберді. Ығы-жығы топ арасында итерісіп, не болып жатқанынан бейхабар жүрген серб қақпашысы мен қорғаушылары стадион дүр сілкінгенде ғана опық жеп қалғандарын біліп, жер тепкіледі. Есеп – 2:0.

Олар нокдаунға түскен боксшыдай мең-зең. Тек тайлы-таяғымен алға шығу керек екендіктерін біледі. Әйгілі испандық жаттықтырушы Хавьер Клементе де аттанды салып, қамшысын үйіріп жатыр. Бірақ, бірақ... шабуылдары өнер емес. Бойы сырықтай Жигич те аяғына оратылған Қазақстан қорғаушыларынан сытылып шыға алар емес.

Біздің футболшылар бір сәт саябырсып, өзінен көз жазып қалғанда ол есепті қысқартты да. Алайда бұдан кейін біздің қорғаушылар мұндай қателікке бой алдырған жоқ. Бәрі де мейілінше сақ ойнап, өз міндеттерін мұқият орындаумен болды. Арно Пайперс те дер кезінде ойыншыларды алмастырып, тың күш қосты. Әсіресе шаршаңқырап қалған Мұрат Сүймағамбетовті алмастырғаны дұрыс болды. Тіпті бұдан да ертерек ауыстырғаны жөн болар де еді.

Ал Жигич серб футболшыларына тән ашуға тез ерік беретін мінез танытып, Скорыхты шынтағымен ұрып қалғаны үшін алаңнан қуылып тынды. Төреші 5 минут уақыт қосса да, сербтер шабуылды үдетсе де, біздің футболшылар жеңісті уыстарынан шығарған жоқ. Сөйтіп Еуропада бірінші рет жеңіске жетті.

    

Қазақстан – Сербия – 2:1

Голдар: Әшірбеков, 48. Жұмасқалиев, 61 – Жигич, 67.

Қазақстан: Лория, Ирисметов, Кучма, Жалмағамбетов, Смақов, Скорых, Балтиев, Сергиенко (Чичулин, 59), Әшірбеков (Бяков, 71), Жұмасқалиев, Сүймағамбетов (Финонченко, 81).

Сербия: Стойкович, Маркович, Степанов, Видич, Тошич, Ковачевич, Эргич (Короман 70), Янкович, Красич, Пантелич (Лазович 70), Жигич.

«А» тобындағы басқа ойындардың нәтижелері:

Португалия – Бельгия – 4:0
Польша – Әзірбайжан – 5:0


Фотоларды түсірген – Эдуард Гавриш 

Автор: Нұрғазы Сасаев
Яндекс.Метрика