Қазақстан ұлттық құрамасының сапына шақыртылған футболшылар ел чемпионатының үшінші туры аяқталған соң, нақтырақ айтқанда, 19 наурыз күні Талғардағы базаға жиналды. Жаңа бапкер Александр Бородюктің жетекшілігімен жаттығу жұмыстары үстірт өткізіліп, ертеңінде таңертең түгелдей Кипрді бетке алды.
Алматыдан Ақтау арқылы Ларнакаға чартерлік рейспен ұшып барып, Кипрдің астанасы Никосия қаласындағы қонақ үйлердің біріне орналасыпты. Кешкісін бірінші жаттығу жұмыстарын өткізіп, дайындықты бастап кеткен.
Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты «жаттықтырушылар құрамы да, футболшылар да Кипрмен құрамасымен де, Армения құрамасымен де өтетін ойында мейілінше оң нәтиже көрсетуге бекініп отыр» деп жазыпты...
Ал Кипр құрамасының бас бапкері Христакис Христофору болса, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы Эстония құрамасымен өтетін матч қарсаңында жаңа ойыншыларын іс жүзінде сынап көргісі келетіндігін ашық айтты.
Жалпы, Кипр құрамасы Эстония футболшыларымен 25 наурызда кездеседі. 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирінде бұл екі құрама «H» тобында ойнайды. Төрт ойыннан кейін екеуінің де еншісінде үш ұпайдан бар. Екеуі де тек Гибралтар футболшыларын ұтқан болатын.
Ал Қазақстан ұлтық құрамасы 26 наурызда, Арарат аңғарында Армения құрамасымен кездеседі. Біздің футболшылар «Е» іріктеу тобында төрт ойын өткізіп, екі ұпай ғана олжалады. Ал армяндардың еншісінде – үш ұпай...
Біздің құрама Астанада Польша және Румыния футболшыларымен тең түсіп, түзде Црна Гора және Дания құрамаларынан ойсырай ұтылып қалды. Армяндар болса, түзде Дания (0:1) және Польша (1:2) құрамаларына есе жіберіп алып, өз алаңында Румыниядан ойсырай ұтылып (0:5), Црна Гора футболшыларын 3:2 есебімен ұтқан болатын.
Сонымен, Қазақстан ұлтық құрамасы ертең, яғни 22 наурыз күні Астана уақытымен 22:00-де «Антонис Пападопулос» стадионында кездеседі. Трансляция мәселесі ойын басталатын уақытқа дейін шешілмесе, әзірше бұл матчты біздің телеарналар көрсететін сыңай танытып отырған жоқ...