Вернуться к списку статей

Думан Нәрзілдаев – "Қайсардың" көш бастауы сәйкестік емес, заңдылық

Футбол
2K
Думан Нәрзілдаев –
Премьер-лиганың алғашқы үш турындағы ойындарын қарап отырып, қазақ футболында тағы бір шебер өсіп келе жатқанын байқадық. Бұл шебер «Астанада» емес, «Қайратта» да емес, Қызылорданың «Қайсарында» ойнайды.

Рас, Думан Нәрзілдаевтың Сыр командасында жүргеніне көп болды. Ес білгелі «Қайсарда». Дегенмен, биыл ғана бапкерлері оған толық сенім артып, үнемі негізгі құрамда шығарып жүр. Өзіне деген сенімділікті сезген Думан да жасыл алаңда атой салып, жанкүйерлерін жақсы ойынымен қуантуда. «Астана-Арена» стадионында өткен «Шахтер» – «Қайсар» кездесуінен кейін жартылай қорғаушымен кездесіп, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Алғашқы екі турдан бір ғана ұпай алғандарына қарамастан «Шахтер» өте қарымды команда. Қанша дегенмен, Еуропа лигасында ойнаған, тәжірибелері мол, - деп бастады сұхбатымызды Думан. – Сондықтан, жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бірінші таймда гол соғып алғанымыз жақсы болды, әйтпесе екінші таймның екінші жартысына қарай қарағандылықтар бізді біраз қысты. Абырой болғанда қорғаныста сауатты ойнай білдік. Қақпашымыз Марсель Исламқұлов та біраз қауіптің бетін қайтарды. Ең бастысы, жеңіске жеткенімізге қуаныштымыз. Оның үстіне, өзіміздің өз алаңымызда ғана емес, сыртта да ойнай алатындығымызды дәлелдегіміз келген. Үш турдан кейін тоғыз ұпаймен көш бастап тұрмыз. Бұл жақсылықтың нышаны болса керек.

– Кеше ғана Бірінші лигада ойнаған футболшы Премьер-лигада көш бастағанда қандай сезімде болады екен?

– Мұның барлығы маусым басындағы оқу-жаттығу жиындарында команданың тынбай атқарған еңбегінің арқасында шығар. Командаға жаңа басшылық, жаңа жаттықтырушылар алқасы, жаңа ойыншылар келді. Облыс басшылары да командадан бар көмектерін аямай көрсетіп жатыр. Әлбетте, үш ойында да жеңіс оңайлықпен келген жоқ. Бірақ біз де өзіміздің жеңіске деген құлшынысымызды көрсетіп, әр матчта ұпай жинап жатырмыз. Бұл біздің соңғы жеңісіміз емес деген үміттемін.

– Алда енді ұлттық құрамамыздың ойындарына байланысты біршама үзіліс бар. Жақсы қарқын алған «Қайсарға» бұл үзіліс кедергі келтіреді деп қорықпайсыздар ма?

– Жоқ, чемпионатта үзіліс болғанымен біз жаттығуымызды жалғастыра береміз ғой. Наурыз мерекесінен кейін жаттығуға қайта кірісеміз. 24 наурызда біз Шымкенттегі "БИІК" базасында оқу-жаттығу жиынын бастаймыз. Ары қарай Алматыға аттанамыз. Яғни, ойын қарқыны жоғалмайды деген сенімдемін.

– Келесі турда «Қайсарды» Алматыда «Қайрат» күтіп тұр. Чемпионатты сәтсіз бастаған олар сіздерге қарсы барын салатыны түсінікті. Алматылықтарды қандай ойындарыңызбен таңғалдырмақшысыздар?

– Иә, «Қайратқа» қарсы ойнау оңай болмайтынын түсінеміз. Олар биыл чемпиондықтан да - басты үміткер команда. Оның үстіне, өз алаңында алматылықтар қалай да үш ұпай алуды көздейді. Дегенмен, біз де қарап қалғымыз келмейді. Егер қорғаныста сауатты ойнап, шабуылда өз мүмкіндіктерімізді голға айналдыра алатын болсақ, онда мақсатымызға жетуге болады. Олардан сескеніп отырған жоқпыз. Қалайда тойтарыс берерміз. Негізі, чемпионаттың басында барлық командаға қарсы ойнауға болады.

– Жалпы, командадағы атмосфера қалай? Жаңа ойыншылармен қалай тіл табыса алдыңыздар? Ұзақ жыл түзде ойнап, биыл «Қайсарға» қайта қосылған Мақсат Байжановтың рөлі қандай?

– Шыны керек, «Қайсарда» талай жылдан бері доп теуіп келемін. Бірақ, қазіргі командамыз ерекше. Бапкерлер алқасына да еуропалық көзқарастағы мамандар жиналған. Қазақстандық болсын, легионерлер болсын, командағы барлық футболшы бір отбасындай араласып кеттік. Соның барлығы жасыл алаңдағы ойынымызға да оң әсерін беріп жатқан сияқты. Жеңістің кілті – бірлік пен берекеде екенін түсініп жатырмыз. Ал Мақсат Байжанов – жергілікті жастар үшін аға сияқты. Барлығымыздың басымызды біріктіріп, шараларды ұйымдастырып жүреді. Ақыл-кеңестерін аямайды. Қолынан келсе, барынша көмектесіп, әрқайсымызға тірек болып жүргені.

– Ес білгелі «Қайсарда» ойнағаныңызбен биыл ғана Премьер-лигадағы толыққанды ойындарыңызды өткізіп жатырсыз...

– Бұл үшін бапкерлер алқасына айтар алғысым шексіз. Өйткені, Стойчо Младенов мені бірінші оқу-жаттығу жиынынан бастап негізгі құрамға дайындай бастады. Маған сенім артып, алаң ортасынан орын тауып берді. Мен де оның сенімін ақтауға тырысамын. Алайда, әлі де тоқтап қалмауым қажет. Кемшін түсіп жатқан тұстарымды жақсы білемін. Шеберлігімді жетілдіруге тырысамын.

– Байқап жүрміз, командада айып соққыларын да, бұрыштамаларды да өзіңіз орындап жүрсіз. Бұл да бапкерлердің тапсырмасы ма?

– Бұрыштама доптарын оң жақтан Владимир Аржанов орындайды. Сол жақтан көтеру маған жүктелген. Ал айып соққылары кезінде жағдайға қараймыз. Егер Мақсат Байжановқа ыңғайлы болса, сол тебеді. Ал маған ыңғайлы болып жатса, мен орындаймын. Бапкерлердің тапсырмасы солай. Дегенмен, «Шахтерге» қарсы ойында өзіме тым сенімді болып кеттім. Негізі, бірінші рет айып соққысы белгіленгенде Байжановтың нүктесі еді, бірақ бағымды сынап көрейін деп ойладым. Доп өзім ойлағаннан тым биікке кетті.

– «Шахтер» – «Қайсар» кездесуін стадионнан Александр Бородюк бастаған Қазақстан ұлттық құрамасының бапкерлер алқасы тамашалады. Бас командаға шақыртып жатса, алаңға шығуға дайынсыз ба?

– Ұлттық құрамаға шақырту алуды армандамайтын ойыншы жоқ қой. Егер шақырып жатса, ұлттық құрама үшін бар өнерімді саламын. Алаңда аянып қалмаймын. Егер осы қарқынымнан таймай, бұдан кейінгі де ойындарда жақсы жағымнан көріне берсем, алдағы уақыттарда шақыратын шығар деп үміттенемін. Бас бапкер ешқайсымызды назарынан тыс қалдырмайтынын білемін.

– Чемпионаттың алғашқы үш туры өтті. Премьер-лиганың қай командалары сізді таңғалдырып жатыр?

– Маусымның алғашқы бөлігінде мына команданы фаворит, ана команданы аутсайдер деп айтуға келмейтін шығар. Өйткені, бұл кезеңде барлық команданың деңгейі бірдей болады. Кейбір командалар әлі өз ойынын таба алмай жүр, кейбірі бабына келіп үлгерген жоқ. Мысалға, басты фавориттер «Астана» мен «Қайраттың» өзі ұпай жоғалтып жүр. Жанкүйерлер жүлделі орындардан көрінеді-ау деген «Тобыл», «Ордабасы», «Ертістер» де әлі екпін ала алмай келеді. Көктемгі футбол осынысымен қызық. Бәрінің күші бірдей. Ал командалардың әлеуеттеріне кейінірек тоқталу қажет шығар.

Автор: Әзиз Жұмаділ
Яндекс.Метрика