– Шынын айтсам, Қазақстан кубогынан үш команданы алып тастады дегенде қатты таңғалдым. Қалай, неліктен? Ақылға сыймайтын нәрсе ғой. - дейді Дидар. – Есімде, осыдан үш-төрт жыл бұрын «Қайрат» футбол клубының жастары Қазақстан кубогына қатысқан. Ол кезде команда «Қайрат Академия» деп аталатын. Бірінші лигада өнер көрсеткен. Сол сияқты 2015 жылы Қызылорданың «Байқоңыры» да «Қайсардың» қарамағында болғанына қарамастан Қазақстан кубогына қатысты. Ол кезде мұның барлығы қалыпты жағдай болатын. Бәрі дұрыс деп қарады. Ал қазіргі басшылар «бүйректен сирақ» шығарудың шебері болып алды. Бізде онсыз да Бірінші лигада қысқартулар көп болып жатыр. Өткен жылы 10 команда өнер көрсетті. «Бәйтерек» банкротқа ұшырағандықтан биыл да командалардың саны аз болып қала береді. Ендеше неге Бірінші лига командаларына осындай шектеу қойып отырмыз?.. Түсінбеймін.
– «Тұманды Альбионда» Англия кубогына 700-ден астам команда қатысады екен. Оларда тіпті, әуесқой командалар да «Манчестер Юнайтед», «Челси», «Арсеналдармен» бірге доп теуіп, кубоктың көркін қыздырып жатады...
– Бізде де солай жасауға болады ғой. Кәсіпқойларды айтпағанда әуесқой футболшылар өздерін көрсетіп, жеңіске жету үшін бар күшін салады. Өкінішке қарай, біз Англия емеспіз. Адамдарымыздың да түсініктері тым басқаша.
– Дегенмен, Германияда клубтардың фарм-командаларына Ел кубогына қатысуға шектеу қойған екен. Бізде де отандық футбол басшылары солардан үлгі алып жатқан сияқты ғой...
– Бұл сұраққа жауап беру қиын. Біз үнемі біреудің тәжірибесіне сүйенумен келеміз ғой. Дегенмен, еуропалық чемпионаттарды біздің футболмен салыстырған дұрыс емес. Ол жақта кемінде 4-5 кәсіпқой лига бар. Ал бізде бір ғана Премьер-лиганың өзіне әзер дегенде командалар жинап жатырмыз.
– Дидар, жалпы Қазақстан кубогы қалай өтуі тиіс деп ойлайсыз?
– Өз басым, Қазақстан кубогына барлық команда қатысуы тиіс деп есептеймін. Електік кезеңдерде әуесқой командалар да өнер көрсетіп, өзара мықтыларды анықтасын. Мәселен, Астана біріншілігінде доп тебетін «Достар», «Әулие-Ата», «Школьник», «Зенит» сынды командалар үшін бұл турнирге қатысу үлкен стимул болады. Біз сияқты командалар басқа қалаларда да бар. Кім біледі, Кәсіпқой футбол лигасы шеттеткен «Қайраттың» жастары Премьер-лигадағы ағаларын да ұтып кете алатын шығар. Тіпті, кубокты жеңіп алуы да ғажап емес қой. Футболда бәрі де мүмкін. Неліктен «Қайратқа» тоқталып жатқанымды да айта кетейін. Өйткені, «Қайраттың» жастары өте мықты. Тек өздерін көрсетуге мүмкіндік берсе болғаны. Дәл сол секілді кез-келген жас футболшы Премьер-лигадағы тәжірибелі қарсыластарына қарсы бар күшін салып ойнайды. Сондықтан, Қазақстан кубогынан командаларды неліктен шектеп жатқанын түсіне алар емеспін. Бұрын мұндай болмаған еді. Қазір қайдан проблема бола қалды? Өкінішке қарай, біздің футболда адам миына қонбайтын нәрселер өте көп.