Талай жыл төрешілік қызметте жүріп, көптеген басшылардың қарамағында қызмет атқарған Виктор Анатольевич бүгін 75 жасқа толды. Ардагерді мерейтойымен құттықтап, біраз сұхбаттасқан едік, қызығынан шыжығы көп төрешілік кәсіптің қыр-сырына біраз қанығып, қиындықтары туралы өз аузынан естідік.
– Виктор Анатольевич, 75 жасыңыз құтты болсын!
– О, не дегеніңіз? 25 жас деңіз. Өзімді әлі жап-жас жігіт сезінемін. Үйім мен жұмыс орнымның арасы жеті-сегіз шақырымдай болғанымен күнделікті таң әлекеуіммен тұрып, жаяу барамын. Өзім елордадағы спорт мектебінде методист қызметін атқарып, жастарды футболға баулимын. Сондықтан, мені кәрі дей көрмеңіздер.
– Біз секілді жас буын сізді сізді футбол төрешісі немесе инспектор ретінде танығанымен көпті көрген жанкүйерлер сізді Целиноград футболының қалаушыларының бірі ретінде біледі. Жалпы, өткенге көз жүгіртіп көрсек. Футбол әлеміне қалай келдіңіз?
– Целиноград футболының қалаушысы мен емеспін. Дегенмен, ұзақ жыл осы аймақтың аяқдобын дамытуға ат салыстым. Кішкентайымнан доп тепкенді жақсы көретінмін. Ағамнан қалыспай аулада қас қарайғанша доп қуалап жүретінмін. Павел Королев деген жаттықтырушы болды. Оны осы өңірдің футбол ардагерлері дерлік жақсы біледі. 15 жасымда сол кісінің қарамағына өттім. 1957 жылдары қалада жасөспірімдердің алғашқы құрама командасы құрылды. Мен де сол командаға іліктім. Көп ұзамай Қазақстан біріншілігін жеңіп алдық. Одан кейін Тамбовқа бардық. Ол жақта КСРО-ның кілең мықты командалары жиналған. Бізді ешкім танымайды. Көзге де іліп жатқан жоқ. Арасында «қай жақтан боласыңдар?» деп сұрап қояды. Целиноградтан екендігімізді айтамыз. Қайталап сұрайды. «Целиноград» десек, «Ленингра-ад?» деп қитығымызға тиеді. Содан топтық кезеңнен мүдірмей өтіп, жартылай финалдан бір-ақ шыққанда ғана өздері келіп бізбен амандасатын болды. Өкінішке қарай, финалға шыға алмадық. Тбилисидің «Динамосынан» жеңіліп қалдық. Алайда, үшінші орын үшін өткен ойында Грузияның Кутаиси қаласынан келген басқа «динамолықтарды» ұтып, қола жүлдемен оралған едік. Міне, осылайша үлкен футбол әлеміне кіріп кеттік.
– Ал 1964 жылы құрылған «Динамо» шеберлер командасында ойнай алдыңыз ба?
– Ойнадым. Бірақ, аз ғана уақыт. 1963 жылдың соңында «Динамо» деген команда құрыла бастап, ол кеңестік чемпионаттың «Б» санатындағы біріншілігіне жолдама алды. 1964 жылы команданы Владимир Котляров жаттықтырып, Қазақстанның әр түкпірінен құрамға кіл тәжірибелі ойыншыларды жинақтай бастады. Арасында жап жас болсам да, мен де бармын. Өкінішке қарай, көп ойнай алмадым. Өте ауыр жарақат алып, футболмен қоштасуыма тура келді.
– Төрешілікке бірден бет бұрдыңыз ба?
– Солай десем де болатын шығар. Жалпы, жарақат алып, футболмен қоштасқаннан кейін мен үшін қиын кезеңдер басталды. Тоқырап қалдым. Не істерімді білмей, екі қолға бір күрек таппай жүргенмін. Бір күні мені өзіне Котляров шақыртып алды. «Витя, сен менің командамда жарақат алдың. Енді сені далаға тастап кеткенім дұрыс болмас. Қаласаң, спорт комитетіндегі шенділермен таныстырайын. Футболдың ережесін білесің ғой. Мінезің де соған сәйкес. Төреші болу қолыңнан келетін шығар» деді. Қуанып кеттім. Содан бері ысқырықпен жақсы дос болып алдым. Алдымен балалар арасындағы турнирлерден бастадым. Кейін жасөспірімдерге төрелік ете бастадым. 1967 жылы маған Қазақстан біріншілігінің ойындарын сеніп тапсыра бастады. 1972 жылы Республикалық төреші дәрежесін алдым. Ал 1979-1986 жылдар аралығында Кеңес одағының чемпионаттарында төреші болдым. Кейін төрешілік жастан асқан соң инспекторлыққа бет бұрып, содан бері осы саладамын. Әлі күнге дейін әйелдер арасындағы ел біріншіліктерінде және футбол орталықтары арасындағы турнирлерде инспектормын.
– Виктор Анатольевич, төреші ретінде талай қызықты матчтарға қазылық еткен шығарсыз. Есіңізде ең жақсы сақталып қалған ойындар бар ма?
– Біздің үштік – Виктор Курбатов, Виктор Абгольц және Валерий Агеевтен тұратын. Ең қиын ойындарда төрелік еттік. Көбінесе Кавказға жіберетін. Ол жақтың халқы қызуқанды ғой. Футболшылары да сондай. Үнемі төбелес, үнемі ерегіс. Елге қаның басыңа шауып қайтасың. Бір күні шыдай алмай, «неліктен бізді сол жаққа жібере бересіздер?» деп сұрадық. Сөйтсек, қызуқанды кавказдықтарға қазақтардың ғана шамасы келеді деп бізді айдап салады екен.
– Талай жыл төреші болдыңыз, өзіңіз айтпақшы Кавказдағы ауыр матчтарды алып шықтыңыз. Жалпы, осы кәсіп барысында төрешілер бөлмесіне кіріп, үркітіп-қорқытқандар немесе сатып алғысы келгендер, я болмаса жоғарыдан телефон шалып, көмектесуді сұрағандар болды ма?
– Ондай нәрсе біздің кезімізде де болған, әлі де бар. Бізде ғана емес, бүкіл әлемде мұндай құбылыстарды кезіктіруге болады. Әлбетте, Кавказдағы ойындарда матч алдында бөлмемізге кіріп, ақша ұсынғандар да болды, үркітіп, қару кезеніп, «тірі шықпайсыңдар» деп кеткендер де жетерлік. Басымызды изейміз де, алаңға шыққан соң бәрібір өз бетімізше әділ төрелік етуге тырысамыз. Бірақ сұмдықтың бәрі алаң иелері жеңіліп қалған кезде ойыннан кейін басталады. Көмектеспегініміз үшін талай таяқ жеуге дейін шақ қалдық. Жоғары жаққа қоңырау шалып жатып, әзер дегенде елге аман жеткен кездеріміз де болды. Ол жаққа баратын болсақ, үйдегілер де, құдды бір, соғысқа аттанғандай шығарып салатын еді. Иә, жоғарыдан телефон шалып, кей командаларға көмектесіп жіберуімізді де сұрайтын кездер аз емес-тін. Міне, сондай жағдайда қиын. Иә, барынша әділ болуға тырысамыз. Бірақ, бірнеше уақытқа төреліктен аластатып тастайтын еді. Дегенмен, ешкімнен ақша алып көрген емеспін. Оның барлығы төрешінің өзіне байланысты. Егер бір рет жаза басып, бұқтың ба, бітті, өмір бойы артыңнан қалмай, абыройыңнан жұрдай қылады.
– Одан кейін талай уақыт инспектор болдыңыз. Кәсіпқой маман ретінде айтыңызшы, ойын барысында төрешілердің қандай да бір командаларға көмектесіп жатқанын білу немесе екі команданың өзара «ауыз жаласып» алғандарын аңғару мүмкін бе?
– Мықты төреші бәрін білдіртпей істейді. Ал келісілген ойынды аңғару оңай емес. Бір қарасаң, тартысты матч өтіп жатқандай көрінеді. Бірақ, ойыннан кейін нәтижеге екі команданың да мәз болып кетіп бара жатқандарын байқайсың. Мұндай жағдайда төрешілер де ешнәрсе істей алмайды. Бәрі де командалар тарапынан жүзеге асып жатады. Жасыратыны жоқ, біздің чемпионатта да өткен маусымда мұндай жайттар кездесті ғой. Тек «телефон әңгімесі» әшкере болғаннан кейін ғана қандай ойын екендіктеріне көпшілік көз жеткізді. Сонда да, сол кейіпкердің біреуі өз кінәсін әлі мойындаған жоқ. Тіпті, клуб президенті болып кетті. Ал екіншісі қазір абақтыда отыр.
– Виктор Анатольевич, жалпы Қазақстан футболындағы қазіргі төрешілікке қандай баға берер едіңіз?
– Қазір біздегі арбитрлардың біліктері біршама өсті. Халықаралық деңгейдегі төрешілер де шығып жатыр. 2008 жылы елімізге Ресейден Николай Левников келіп, Қазақстандағы төрешілікті жаңа жоғары деңгейге көтерді. Көп нәрсе сол кезде өзгерді. Дегенмен, ол кеткеннен кейін хаос қайта басталған. «Жоғарғы күштер» ойындарға жиі араласа бастады. Шынымды айтсам, Левников биыл Қазақстан футбол федерациясына қайта келіп, Төрешілер және инспекторлар департаментін қолға алғанда қатты қуандым.
– Сұхбатыңызға көп рахмет, Виктор Анатольевич! «25 жастың» тағы біреуін жасауыңызға тілектеспіз!